БиржаИнвестиция
Trending

Биржада 16 жастан бастап инвестиция жасауға болады

Біз өткен жолы «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілі Самал Мұратты әңгімеге тартқанбыз. Самал AIX биржасында жеке инвесторлармен жұмыс бөлімін басқарады. Биржаға қандай ақшамен келуге болады, қандай тәуекелдер бар, неше жастан бастап құнды қағаздарды инвестициялауға болады, Қазақстанда биржа мәдениеті қалай қалыптасып келе жатыр деген тақырыпта біраз сөйлестік. Маманның айтқан бір ауыз сөзі санада жатталып қалды. Самал инвестиция жасау үшін ешқашан қарызға ақша алуға болмайды дейді. Енді осы әңгімені ықшамдап тарқатып көрейік.

Қор нарығында неше жастан бастап инвестиция жасауға болады?

Қор нарығында 16 жастан бастап инвестиция жасауға болады. Қазір 16-20 жас аралығындағы инвесторлар саны күрт өсіп жатыр. Яғни, олардың инвестиция салуға қызығушылығы жоғары деген сөз. Осындай статистиканы көргенде қуанамыз. Жас буын арасында танымал бола бастаған инструменттер де бар. Олар криптовалюталық цифрлық валюта сияқты құралдарды жақсы көреді.

1 доллардан бастап инвестиция жасауға болатыны рас па?

Қазір кез келген брокерлік қосымшаларды қарасаңыз, 1 доллардан бастап инвестиция жасауға болатынын түсінесің. Демек, болады. Одан қалды, инвест-компанияларда «fractional shares» деген ұғым бар. Ол – бағалы қағаздарды бөлшектеп сату дегенді білдіреді. Айталық, кез келген акция $1000 тұратын болса, сіз соның бір бөлігін сатып ала аласыз. Қаражатыңыз жеткенше. Я болмаса, инвестор акцияның бір бөлігін жәй тек бақылау үшін сатып алуы мүмкін. Яғни, акцияның бір бөлігіне қаржы салып, оның динамикасы әрі қарай қалай өрбитінін бақылап көруге болады.

Сосын қор нағырығында ETF секілді фондтар бар. Мысалы, инвестиция жасауда да өзіндік ереже болады. Сондағы ең басты принциптің бірі – портфельді әртараптандыру (диверсификациялау). ETF деген – бір ғана акция болуы мүмкін. Бірақ құрамында көптеген компаниялардың акциялары болады. Мысалы, S&P 500 деген акция бар. Оның құрамында Америкадағы технологиялық 500 компанияның акциясы жинақталған. Яғни сіз оны бір ғана инструмент ретінде сатып ала отырып, біріншіден – инвест-портфеліңізді әртарапты қыласыз, екіншіден – аз ғана ақшамен инвестиция жасай аласыз.

Табысқа кенелетініңізге ешқандай кепілдік жоқ

Әрине, әлемде қор нарығына әсер етпей қоймайтын оқиғалар болып тұрады. Әлемдік дағдарыстар, табиғи құбылыстар, қырғи-қабақ соғыстар. Солай кете береді. Мысалы, пандемия кезінде бағасы түспейді/өспейді деген кейбір активтер қатты құбылды. Дәл сол кезде актуалды болуына байланысты кейбір құнды қағаздардың құны өсе бастады. Ол технологиялық, фармацевтикалық компания болғандықтан, олардың өніміне сұраныс артты. Ал, керісінше, кейбірінің құны түсіп жатты.

Яғни, қор нарығында сіздің тек табысқа кенелетініңізге ешқандай кепілдік жоқ. Дегенмен, әртараптандырудың пайдасын айтар болсақ, бір компанияның акциялары қатты құлдырауы мүмкін. Есесіне, сол пакеттің ішіндегі басқа компаниялардың акциясы өсетін болса, бір-бірінің орнын жауып отырады.

Белгілі бір компанияның акциясын сатып ала отырып, сол компанияның бизнестегі үлесіне иелік етесіз. Компанияның бағасы өскен кезде акцияның да бағасы көтеріледі. Құлдыраса – түседі. Яғни, бизнестің бір бөлшегін алып қана қоймай, сол бизнестің тәуекелдерін де «қоса арқалайсыз» деген сөз.

Акция сатып аларда компанияны қалай таңдау керек?

Кез келген акцияны сатып аларда ең бірінші оның тарихи көрсеткіштеріне назар аудару керек. Ол бизнесін қаншалықты ашық жүргізіп отыр? Ол өз акцияларын нарыққа шығара отырып, инвесторларына қандай да бір уәде берді ме? Мысалы, дивиденд төлеу, үстеме пайыз төлеу. Сол уәделерін қаншалықты орындады? Бизнесі нарықта сұранысқа ие ме? Келешекте қаншалықты сұранысқа ие болуы мүмкін? Яғни, сол компания туралы іздену керек. Аналитикалық тұрғыда шолып, ақпараттарды талдап отырып таңдау керек.

Инвестиция жасау үшін ешқашан қарызға ақша алуға болмайды…

Бұл – биржа алаңына аяқ басқан кез келген инвестордың басты принципі болуы керек. Иә, инвестиция жасау үшін қарызға ақша алуға болмайды. Себебі қор нарығында саған ешкім ешқашан кепілдік бермейді.

Акцияға ақша салдыңыз ба – «қаражатты сақтап қаласыз» немесе «көбейтіп аласыз» деген кепілдік жоқ. Осыны ұғып алу керек. Бұл – бір. Екіншіден, ертең немесе біршама уақыттан кейін басқа шаруаға жұмсайтын, қажет боп қалатын қаражатты да салуға болмайды.

Қор нарығында жұмыс істейтін инвестордың «ұзақмерзімді», «ортамерзімді», «қысқамерзімді» стратегиясы болуы керек. Сол стратегияңызға қарай қаржы құясыз. Сіз сатып алған акцияларыңызды 1 жылдан кейін сатасыз ба, әлде 10 жыл ұстайсыз ба? Ол – сіздің жоспарыңыз болады. Сол жоспарға сай стратегия құрып алу керек.

Биржаға қатысты білімді қайдан алуға болады?

«Астана» халықаралық қаржы орталығының «Tabys» қосымшасы бар. Ол – инвестициялық сауатты арттыруға бағытталған өнім. Әлеуметтік жоба брокерлік қосымшаға жатпайды, керісінше, қор нарығының принциптерін үйретуге арналған қолданба. Оны қолдана отырып, сіз құнды қағаздарды да сатып ала аласыз. Бүгінде «Tabys» қосымшасын 50 мыңнан астам адам қолданады.

Жалпы, бұл сала (биржа мәдениеті) бізде 2020 жылдан кейін қатты дами бастады. Қазір жеке консультанттардың қызметі де сұранысқа ие болып тұр. Оларың арасынан да дұрысын таңдай білген жөн. Қаншалықты дұрыс ақпарат айтып жатқанын түсіну керек.

Еліміздің қор нарығында шамамен 4 пайызы ғана экономикалық инвестиция жасайтын белсенді халық. Сондықтан бұл әлі де өседі деп ойлаймын. Мысалы, 2020 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының орталық депозитарийінде 300 мыңға жуық шот ашылған болса, соңғы жылдары 1,5 млн-нан асып кетті. Онда тек Алматы, Астана қаласының тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша да аша береді. Себебі ол қызметтердің бәрі – онлайн. Оны республиканың кез-келген тұрғыны қолдана алады.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button