Ертең бай зейнеткер болғымыз келсе…
Қазірден бастап зейнетақы жинағымызға өз еркімізбен ақша аударып тұра алатын мүмкіндігіміз барын көп адам біле бермейді екен. Оны пікір арасында түскен сұрақтардан көріп жатырмыз. «Зейнетақы жарнасын әркім өзі аудара ала ма?», «Оның шоты бөлек бола ма, қалай ашамыз?», «Тұрақты жарна деген не?» Осылай кете береді. Соның бәрін көре отырып, үнсіз қала алмадық. БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйене отырып, @qarzhylyq_sauat телеграм-каналы мына пайдалы деректерді назарыңызға ұсынады:

Әңгіме — «Қазақстанда бір зейнеткер 1 млн теңгедей зейнетақы алады» деген ақпараттан шығып отыр. Иә, зейнет жасына жеткен кез келген адам көп «пенсия» алғысы келетіні рас. Ол бір жағынан өз қолымызда тұрған шаруа екен. Яғни, зейнеткер болғанға дейін (неше жаста болса да) кез келген адам ерікті зейнетақы жинағын аударып тұра алады. 10 мың салсаң да, 100 мың салсаң да, ай сайын артық ауысқан ақшаңды аударып отыруға болады. Оның екі жолы бар.
1. Өзіңіз қолданатын банктің мобильді қосымшасы арқылы. «Төлемдер» бөліміне өтіп, «іздеу» жолағына «ерікті зейнетақы аударымдары» деп терсеңіз, автоматты түрде шығады. Сосын өзіңіздің ЖСН (ИИН) нөміріңізді тересіз де, аудара алатын ақшаңызды көрсетесіз. Сол кезде БЖЗҚ-да атыңызға автоматты түрде шот ашылады.
2. Жұмыс істейтін мекемеңіз арқылы. Жұмыс берушіге өтінішпен шығып, өз айлығыңыздан автоматты түрде белгілі бір (өзіңіз атаған) соманы ерікті зейнетақы шотына аударып тұруды сұрайсыз. Сосын оның түскен-түспегенін БЖЗҚ-дағы жеке кабинетіңізде зейнетақы жинағыңыз туралы анықтамадан көріп отырасыз. Оны 24/7 режимінде қадағалап отыру оңай. Бұл тәсіл кейін ұмытып кетпеске жақсы. Айлық аларда ерікті зейнетақы жинағыңыз автоматты түрде толығып тұрады.
Ерікті зейнетақы жарналары да міндетті зейнетақы жарналары сияқты Ұлттық банкпен инвестицияланып, сіз бен бізге қосымша табыс әкеле алады. Я болмаса, инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға (олар бесеу) аударуға құқылымыз. Оны да БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасында немесе ресми сайты арқылы жеке кабинетте іске асыра аламыз. Бұл жерде жинақтарды жеке компанияларға беру-бермеу мәселесі — әркімнің өз қалауы мен таңдауына байланысты.
Жинақ иесі қайтыс болса?..
Әрине, марқұмның өз еркімен жинаған ақшасы өзге зейнетақы жинақтары секілді ұрпағына (жұбайына/балаларына) мұрагерлікке қалады. Азамат қайтыс болғаннан кейін отбасы мүшелері 6 ай ішінде нотариусқа барып, жағдайды құжатпен растап беруі керек. Нотариус сол жерде өзіне қолжетімді деректер базасына жүгініп, азаматтың зейнетақы шотында қанша қаражат жинаулы тұрғанын көре алады. Сосын оны туысына мұраға рәсімдеп береді.
📍Ақпарат үшін:
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында жарналардың бірнеше түрі бар. Олар:
🔹 міндетті жарна (жұмыс беруші ай сайын жұмысшысының жалақысынан 10% аударатын жарна)
🔹 міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы (зиянды және қауіпті кәсіптерде еңбек ететін жұмысшыларға жұмыс берушінің өз бюджеті есебінен /жұмысшы табысының 5%-ын/ төлейтін жарна)
🔹 жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы. Жарнаның бұл түрі 1975 жылы және одан кейін туған барлық жұмысшылар үшін (2024 жылы 1,5%-дан басталып, 2028 жылы 5%-ға дейін біртіндеп көтеріледі, ал 2025 жылы 2,5%) төленеді. Бұл жарна 2024 жылдан бастап аударылады.
🔹 ерікті зейнетақы жарнасы. Бұл бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған жарна түрі. Бұны жеке және заңды тұлғалар аудара алады. Жеке тұлғалар — өзіне немесе жақындары үшін өз табысы есебінен аудара алса, заңды тұлғалар — қызметкерлерінің пайдасына аудара алады.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ