Зейнетақы қорының «қораға кіргені» рас па?
Кеше, қаңтарда зейнетақы шоттарында қаражат көлемі азайған болатын. Оны қарапайым азаматтар да сезді. Өйткені БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасын қолданатын кез келген Қазақстан азаматы жеке кабинетіне кіріп, шоттағы ақшасы қалай «жүріп» жатқанын ұдайы бақылап отыра алады.

Соңғы айларда инвестициялық кіріс мәз емес екенін жұрт бірден сезді. Оны сосын БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері іліп әкетті. Сосын «Зейнетақы салымшылары 285 млрд теңге жоғалтты», «Қазақстандықтардың ақшасы жатқан зейнетақы қоры шығынға ұшырады», «Зейнетақы қоры қораға кірді» деген тақырыптар пайда болды. Біз де Қорда не болып жатқанын білмек болып, Ұлттық банктен ақпарат сұратқанбыз. Өз оқырманымызға мән-жайды қарапайым тілде баяндап көрейік деп шештік.
Иә, айлығымыздан ұсталатын 10% ақша Зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жатады. Ол және жай жатпайды, оның бәрі актив түрінде Ұлттық банктің басқаруымен инвестицияланады. Егер инвест-жобаларға тартылмаса, шотта құр жата берсе, салымшы, яғни сіз бен біз зейнет жасына жеткенше ақшамыз инфляциямен күйіп кетер еді. Бұл — инвестициялаудың бірінші жолы.
Екінші жолы — ақшамызды жеке инвест-компанияларға беру (барлығы 5 компания). Жинағымыздың тең жартысын өз таңдауымызға сай жеке компанияларға аудару мүмкіндігі 2023 жылы туды. Бұның бәрі Қордағы ақшамызды еселеу үшін, зейнетке шыққанда мейілінше көлемдірек зейнетақы алу үшін жасалған еді.
Хош, бүгінгі жағдайға келейік. Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк зейнетақы шоттарындағы қаражаттың төмендегенін растап отыр. Биылғы қаңтарда инвестициялық кіріс (-)285 млрд теңгені көрсеткен. Жалпы табыс деңгейінің түсуі — (-)1,25%.
Ұлттық банк инвест-табыстың төмен шығуы уақытша құбылыс дейді. Сонда кірістің аз болуына не себеп болды? Активті басқарушы орган үш факторды алға тартып отыр:
- Бұл кезеңде Қаржы министрлігі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаздарды көп шығарған. Сұраныстан ұсыныс көп болуына байланысты мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түскен.
- Теңгенің күшеюі де себеп. Қаңтарға дейін долларға позициясын беріп келген теңге күрт күшейіп, 1 АҚШ долларына шаққанда ұлттық валюта 525,11 теңгеден — 518,14 теңгеге дейін нығайып алды. Осы өзгерістің салдарынан валюталық актвитер теріс бағаммен қайта бағаланды.
- Сыртқы нарықтың құбылуы. Бұл құбылыс та нарықта валюталық портфельдің актив құнын түсіріп жіберді.
Қаңтардағы есеп осылайша теріс инвестициялық кіріс ретінде бағаланып қалады. Бірақ, ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдай тұрақтанған сайын қалпына келеді деп сендіреді Ұлттық банк.
Басқарушы органның позициясына сенсек, қысқа мерзімдегі құбылыспен басқару тиімділігіне баға беруге ерте. Өйткені зейнетақы жинақтары — ұзақмерзімді инвестицилық жобаларға лайық дүние. Яғни, инвестициялық кірістің көлеміне (оның өсу не түсуіне) объективті талдау жасау үшін 1 айды емес, кемінде 1 жылдық кезеңді қарастыру керек.
Ұлттық банк ақпан айында да осы жағдай қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені бұл айда да теңге нығайып, мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түсу тенденциясын сақтап отыр. Бұл да өз кезегінде зейнетақы активтерінің табыс әкелуіне қысым көрсетіп бағады дейді Басқарушы орган.
P.S. Әрине, біз де сіз қатарлы зейнетақы шотымыздағы ақшамызға алаңдаймыз. Онда жатқан әр тиынымыз маңызды. Бірақ нарық заңын ескере отырып, қысқамерзімді кезеңдегі құбылысқа бола популистік пікір білдіруге асыққымыз келмейді. Әйтпесе, айқайлатып тақырып қоюға біздің де біліміміз жетер еді. Оның үстіне, әзірге «қорада» қалған Қор жоқ…
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ