Зейнетақы
Trending

ЕАЭО елдерінен зейнетақымызды қалай ала аламыз?

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасына оқырманнан сауал түсті. Жобасы былай: «Мен Ресейде жұмыс істеймін. Табысымыздан зейнетақы жарнасын ұстайды. Келешекте ол ақшаларымды Қазақстанға қалай аудара аламын? ҚР заңы осы туралы не айтады?»

Сұрақ иесінің өзі де оқып отырған болар, сөзіне ештеңе алып-қосқан жоқпыз. Ашық айтуымыз керек, сауалы өте орынды. Білесіз, шет жерде жұмыс істеп, ақша тауып жүрген отандастарымыз аз емес. Сондықтан, бұл жазбамыз көпшілікке пайдалы болады деп ойлаймыз.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасы БЖЗҚ-ға сауал жолдап, тиісті жауапқа қол жеткізіп отыр. Ақпаратты тез ұсынған әріптестерге айтар алғысымыз шексіз. Сонымен, Қор ұсынған мәліметпен бірге танысып көрейік.

ЕАЭО деген – Еуразиялық Экономикалық Одақ. Осы Одаққа қатысушы бес мемлекетті еске түсірсек, олар – Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей және Қазақстан.

Сәл «лирикалық шегініс» болсын: КСРО ыдырағаннан кейін әр республика зейнетақы жүйесін өз бетінше дамыта бастады. Бірақ, әр ел өз алдына дербес мемлекет болғанымен, еңбек көші-қоны тоқтаған жоқ. Уақыт өте келе азаматтығы басқа жұмысшыға зейнетақы жарнасын есептеп, төлем жүргізу ісі өзекті мәселеге айналып шыға келді.

ЕАЭО-ны бекерден-бекер сөз етпедік. Қатысушы бес мемлекет 2019 жылы осы ұйымға мүше елдердегі жұмысшыларды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы өзара келісім жасасты.

Яғни, ешқандай алалаушылық болмау керек: Одаққа мүше мемлекеттер өзге азаматтығы бар жұмысшыға да өз азаматтарына берген зейнетақы төлемдерін тең жүргізіп отыруға міндет алады. Сондай құқық беретін ратификацияланған Келісім құжаты 2021 жылдан бастап жұмыс істеп тұр.

Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет 2021 жылдың 1 қаңтарынан кейін өз аумағындағы жұмысшыға оның еңбек өтілі үшін өз заңнамасына сай зейнетақы жарнасын төлейді.

Бірақ, ЕСКЕРЕТІН МАҢЫЗДЫ нәрсе бар. ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтін әр азамат жұмыс берушімен еңбек шартын жасасып, белгілі бір мерзімге азаматтық-құқықтық шарттарды белгілеп алғаны жөн. Егер сіз жұмысқа ресми түрде қабылданбасаңыз, онда жұмыс беруші тарап сіздің жалақыңыздан зейнетақы жарналарын ұстамайды, ол кезде еңбек өтіліңіз де есепке алынбайды деген сөз.

Ол Келісім Қазақстанда қалай жүзеге асады?

Сіз зейнет жасына толуыңыз керек. ҚР заңнамасына сай БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары төленген болуы шарт. Сол құқықтық қатынасқа сәйкес Келісім жүзеге асады. Егер ЕАЭО аумағында ресми түрде жұмыс істеген болсаңыз, Қазақстанда – БЖЗҚ-ға, ал, айталық, өзіңіз жұмыс істеген өзге төрт елдің бірінде – сол мемлекеттің зейнетақы мәселесімен айналысатын ұйымына жүгіне аласыз.

Еңбек өтілін растау үшін қандай органдарға хабарласу керек?

ЕАЭО-ға мүше мемлекет қызметкерлерінің еңбек өтілін растайтын Қазақстан Республикасындағы құзыретті органдар:

– «БЖЗҚ» АҚ;
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті) және олардың аумақтық бөлімдері.

БЖЗҚ 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін жұмыс өтіліне қатысты ақпаратты ғана ұсына алады. Өйткені міндетті зейнетақы жарналары сол мерзімнен бастап төленеді.

Ал, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетіне жүгіну қажет.

Біздің Telegram-арнамызға жазылыңыз:

https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Back to top button