Жаңалық

«Бұршақ дауы»: көлігі бүлінген астаналықтар шығынды кімнен өтеп аларын білмей жүр

Биыл, Астананың жазы тым ерекше болды. Аспан тесіліп кеткендей, жауынның да, бұршақтың да астында қалғанымыз рас. Көліктің төбесі мен терезесі тесілген сурет/видеоны бәріңіз де көрген боларсыздар. Сақтандыру саласынан көп хабары жоқ азаматтар табиғаттың тосын «сыйынан» пайда болған шығынды қалай өтеп аларын білмей жатыр.

Жалпы, сақтандырудың екі түрі болады. Біріншісі – «міндетті сақтандыру», екіншісі – «ерікті сақтандыру», аты айтып тұрғандай, өз еркіңізбен, өз қалауыңызбен алатын полис.

Көлік алғанда «сақтандырып» алатынымыз – біріншісі. Өйткені оны тиісті заңмен мемлекеттің өзі міндеттейді. Бірақ, сақтандырудың ол түрі табиғаттың тосын «сыйынан» құтқармайды. Тек жолдағы оқиғаларда (екі немесе одан да көп көліктер апатқа ұшыраған кезде) даулы мәселелерді реттейді.

Егер, алда-жалда осындай оқыс жағдайлардан мүлкіңізді алдын ала сақтандырып қойғыңыз келсе, онда «ерікті сақтандыру» полисін жасатуға тиіссіз. Мұндай сақтандыру, әдетте, бір жылға жасалатын болса, демалыс немесе іссапар уақытында да қысқа мерзімге де жасалуы мүмкін. Себебі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына сүйенсек, үйдегі жөндеу жұмыстары кезінде көршінің мүлкі бүлінген жағдайда шығын ауыртпалығын өзіне алмас үшін жөндеу кезеңіне қысқамерзімді сақтандыру шартын жасап алу әдісі біздің елде кең тараған екен.

Агенттік сайты «ерікті сақтандыру» полисімен мына дүниелерді сақтандыруға болады дейді: пәтер, қала сыртындағы жылжымайтын мүлік, өндірістік цех, автомобиль, тұрмыстық техника, кеңсе жабдығы, қоймадағы немесе сауда залындағы өнім, жиһаз, өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлік.

Бұлардың бәрін – бұзылудан, өрттен, жылу жүйелерінен кеткен судан, ұрлықтан, табиғи апаттардан (жер сілкінісі, найзағай, су тасқыны, бұршақ), кездейсоқ сыртқы механикалық бүлінуден және көптеген басқа нәрселерден қорғауға болады.

Сақтанушы үшін Сақтандырушы компания әртүрлі шарт ұсына алады. Тіпті, кейде сақтанушының түрлі жеке тілегі мен талабын қанағаттандыратын арнайы сақтандыру өнімдерін жасауы мүмкін. Ол кезде тәуекелдер (риск жағдайлар) неғұрлым көп болса, сақтандыру шартының құны да соғұрлым қымбат болатынын ескеру қажет.

Астанадағы жағдайға келейік. «Информбюро» бағдарламасының тақырыптық материалы бәрімізге сабақ боларлықтай екен. Арна тілшісі елорда тұрғыны Зарина Хамитовадан интервью алған.

Оның айтуынша, сақтандыру компаниясы Төтенше жағдай министрлігі мен «Қазгидромет-тен» көлікті бұршақ бүлдіргенін растайтын құжат сұратыпты. Алғашқысы: «бұл төтенше жағдай емес, сондықтан ешқандай анықтама берілмейді» десе, синоптиктер де мардымды жауап бере алмаған. Ал, сақтандыру компаниясы осыны сылтау етіп, өтемақы төлегісі келмей отыр екен.

Тілші келтірген дерекке сүйенсек, Астанада бұршақтан кейін жарамсыз боп қалған көліктің саны 5 мыңнан асады екен. Бірақ олардың бәрі, әрине, «ерікті сақтандыру» полисін алмаған. Ал, өтемақы төленген жағдайда да, оның игілігін сол жолмен сақтандырылған көлік иелері ғана көре алады.

Былтыр дәл осы мезгілде «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» «Сақтандыру компаниясы төлейтін өтемақыға қалай қол жеткізуге болады? Оның қандай талаптары бар?» деген тақырыпта материал жариялаған еді. Оны оқып шығам десеңіз, сілтемесі: https://t.me/qarzhylyq_sauat/114

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button