🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ
7.86K subscribers
148 photos
26 videos
4 files
801 links
🎯 “Қаржылық сауат” номинациясы бойынша ең үздік жоба – PROOM 2024

🎯 URKER-2024 Ұлттық сыйлығының номинанты

🎯 Авторы – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты – 2025

®️Кері байланысқа: @QSauatKZ_Bot

Сайт: www.qsauat.kz
Download Telegram
Көлікті лизингке алу деген не?

Кешелі бері осындай тәуір жаңалық айтылып жатыр ғой. Лизинг деген не? Қатардағы қарапайым адам оның игілігін қалай көреді деген сауал көпшілікті ойландырып жатқанын ішіміз сезеді. Пікір алаңында да сұраған оқырман болды. Түсіндіре кетейік.

Бірінші айқын факт: Кеше президент KIA Qazaqstan зауытын іске қосты.

Екінші айқын факт: Қостанайда көлік құрастыратын жаңа зауыт жылына 70 мың көлік шығаруға дайын.

Үшінші айқын факт: Президенттің өзі ресми сөзінде «енді азаматтарға автокөлікті лизингке алу мүмкіндігі ұсынылады» деді.

Лизинг деген не?

Қарапайым тілмен айтқанда, лизинг — көлікті ұзақ мерзімге жалға алып, бөліп төлеу арқылы өз атыңа өткізуге мүмкіндік беретін тәсіл.

Мысалы: көлік алғың келеді, бірақ бірден сатып алуға ақшаң жетпейді. Сол кезде банк немесе арнайы компания көлікті лизингке береді — яғни, көлік сенің қолыңда болады, бірақ ресми түрде ол компанияның атына тіркеледі. Сен ай сайын төлем жасап отырасың. Қарыз толық өтелген соң, көлік толығымен меншігіңе өтеді.

Қызыққан адам KIA Qazaqstan зауытын (жаңалықтарын) аңдып жүрсе болады. Ашық дереккөздердегі деректерге сүйенсек, қазақ жерінде мынадай көлік модельдері құрастырылады екен:

SORENTO, SPORTAGE, CARNIVAL, SELTOS, CERATO, K5, K8, K9.

@qarzhylyq_sauat
👍4321
«Халал» жолмен ақша табуға бола ма?

Әңгіме — инвестиция туралы. Инвестиция дегенде бәріміздің ойымызға бірден процент, пайда, банк келеді. Алайда, ислам қаржы жүйесінде бұл мүлде басқаша түсіндіріледі.

«Халал инвестиция» деген ұғым соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Бірақ нақты неге «халал», неге «харам» екенін көп адам ажырата бермейді.

Мысалы, біреу акция сатып алғысы келеді. Ал ол халал ма? Ислам қағидасы қайда инвестиция салуға шақырады?

Осы секілді сұрақтарға жауап іздеп көргенбіз. Жауабын таптық. Қолымызға тиді. Ресми. Ертең жариялаймыз!

Каналға жазылуды ұмтыпаймыз👇:
@qarzhylyq_sauat
21👍17🤡3
540 теңге = 1 доллар

Бұл ненің есебі деп ойлайсыз? Бірден курс еске түседі, ә? Жоқ, олай емес.

Бұл — алдағы үш жылдық бюджетін пысықтаған Үкіметтің долларға қатысты болжамды курсы. Бірақ бұған қарап, «доллардың ресми курсы осылай болады екен» деп түсінбеу керек.

Бұл тақырыпты осы жерге әдейі алып келіп отырмын. Неге Үкімет бюджетті жоспарлағанда доллар курсы мен мұнай бағасын есепке алады? Айтайық деп. Біліп жүргеннің несі айып?

Алдымен, доллар жайында

Доллардың «болжамды» курсын Үкімет не үшін бекітеді? Мысалы, әрқайсымыздың отбасымыз бар. Бір отбасыны — бір мемлекет деп алайық. Үйдің есеп-қисабына жауапты адамдар болады. Олар бюджетті жоспарлайды.

Табыс табатын адамдардың жалақысы қанша, пәтер ақысы қанша, азық-түлік пен коммуналдық шығынға қанша кетеді, айына қанша бензин жағылады — бәрін есептейді. Әсілінде, осылай болуы керек те.

Енді қараңыз, үй жағдайында да кей шығындар шетел валютасымен тікелей байланысты. Ол: техника (тоңазытқыш, ас плитасы, өтек), дәрі, көлік (ол бұзылса, сырттан келетін қосалқы бөлшектер) — бәрі импорттық тауарлар.

Есептің жөнін білетін адам «доллар шамамен осылай болады-ау» деп белгілі бір болжаммен есеп жүргізеді. Мемлекет те сөйтеді.

Мына «540 теңге = 1 доллар» есебі — Үкімет пен Қаржы министрлігінің үш жылдық бюджетті есептегенде қолданатын «есептік» курсы. Ал, нақты валюталардың курсы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа, әлемдік экономика мен мұнай бағасына байланысты өзгеріп отырады.

Енді мұнай бағасына келейік

Қазақстанда экономиканың негізгі табыс көзі — сөз жоқ — мұнай.

Мемлекет экспорттан ақша табады, сол арқылы бюджетке салық түседі, жалақы, зейнетақы, жол, мектеп салу сияқты шығындар қаржыландырылады.

Бұл жолы да Үкімет алдағы үш жылдық бюджетті есептегенде «мұнай шамамен 60 доллар болады» деген болжаммен есеп жүргізіп отыр.

Мұнай бағасы құбылса не болады?

Егер мұнай 60 доллардан қымбаттап кетсе (мысалы, 80–90 доллар болса), Қазақстан мұнайды қымбатқа сатады, яғни бюджетке көбірек доллар түседі. Соның есебінен елдің табысы артады. Ол кезде Үкімет қосымша табысты Ұлттық қорға жинай алады.

Ал егер мұнай арзандап кетсе (мысалы, 40–45 доллар болса), онда экспорттан түсетін табыс азаяды. Бюджет жоспарлаған іске ақша жетпеуі мүмкін. Ондай кезде Үкімет кей жобаларды қысқартуы да ғажап емес. Бірақ кейде Ұлттық қордан ақша тартып жататынымыздың да бір себебі — осы.

Қарапайым тілмен айтқанда, мұнай бағасының түспегені маңызды. Ол елдің әмиянына түсетін негізгі табыс көзі. Ол бағасын ұстап тұрса, мемлекеттік жоспар ойдағыдай орындала береді. Ал, баға түссе, белді бекем бууға тура келеді.

@qarzhylyq_sauat
👍1792
Шариғат мұсылман баласына қандай инвестициялық құрал ұсынады?

Осы сұрақ бізге көп қойылды. Содан түсінгеніміз — шариғатқа көп арқа сүйейтін қауым өз ақшасын инвестициялайын десе, дәстүрлі депозиттердің процентінен «қашады». Өйткені ол — олардың түсінігінде — «риба». Демек, бұл санаттағы кісілерге де ақпарат керек. Сұранысты қанағаттандырайық деп Қазақстандағы ислам банкі — ZAMAN BANK-ке сауал жолдадық. Жауабы төменде.

Ислам банкингі қаржы нарығында несімен ерекшеленеді?

Процент (риба) алмайтынымен, бермейтінімен ерекшеленеді. Ислам банкингінде ақша тек нақты мәміле (сделка) жүзінде «жұмыс істейді» — яғни сатып алу арқылы, жалға бергенде немесе серіктестік түрінде. Барлық процесс клиент үшін ашық жүреді. Жасырын комиссия, алыпсатарлық деген мүлдем болмайды.

Неліктен дәстүрлі депозиттер ислам тұрғысынан «харам» саналады?

Иә, процент қосылатын кәдімгі депозиттер исламда — риба, яғни өсімпұлы болғандықтан харам деп есептеледі. Өйткені онда жатқан ақша ешбір іске қатыспай, өзінен-өзі «өсіп» отырады. Ал исламда табыс тек нақты әрекетпен (адал еңбекпен/саудамен) келуі керек. Спекуляцияға да жол берілмеуі керек.

Ислам банктері клиент ақшасын қалай «жұмыс істетеді»?

Ислам банктері клиенттің ақшасын жайдан-жай сақтап қоймайды. Оны нақты, халал жобаларға салады. Мысалы, тауар саудасы, аренда, бірлескен кәсіп немесе өндіріс қаржыландырылуы мүмкін. Негізгі механизмдері мынау:

мурабаха — үстеме бағамен сату
мудараба — серіктестік, мұнда табыс бөліске түседі
иджара — жалға беру немесе лизинг.

Табыс алдын ала шартпен бекітіліп, ашық түрде бөлінеді. Егер жоба сәтсіз болса, шығын да екіжаққа бірдей бөлінеді — ешкім «ақша салғаны үшін ғана» табыс алмайды. Яғни клиенттің ақшасы нақты бағытта, адал жолмен жұмыс істейді, сол арқылы экономиканы қолдайды.

Қазақстанда шариғат рұқсат беретін қандай инвест-құралдар бар?

«Вакала Zaman» деп аталатын инвестициялық депозит бар. Оны Zaman Bank мобильді қосымшасында ашуға болады. Минималды сома — 50 000 теңге, мерзімі — 3 айдан 36 айға дейін. Күтілетін жылдық табыс — шамамен 20%-ға дейін. Өнім Шариғат кеңесімен мақұлданған.

Бұл депозиттің ерекшелігі:
Пайызсыз табысында — табыс нақты, халал жобаларға салынған инвестициядан түседі.
Сенім қағидасында — клиент ақшасын банкке өз атынан басқаруға сеніп тапсырады.
Ашықтығында — табыс мөлшері болжам түрінде көрсетіледі. Яғни, банк табысқа кепілдік бермейді, бірақ жоспардағы табыс деңгейіне жетуге ұмтылады.
Халал-инвестицияда — ақша тек шариғат рұқсат беретін салаларға жұмсалады. Рибаға жол берілмейді, алкогольге, құмар ойындар мен алыпсатарлыққа жұмсалмайды.
Сенімде — клиенттің ақшасы қорғалған және ол банктің жеке активтерінен бөлек есептеледі.

Ислам банктері клиент табысына кепілдік бере ме?

Жоқ, ислам банктері табысқа кепіл бола алмайды. Өйткені ақша нақты жобаларға салынады. Ал табыс сол жобаның нәтижесіне байланысты болады. Онда жасырын комиссия болмайды. Кей жағдайда дәстүрлі банктің де пайдасынан көп болуы мүмкін, бірақ оған да кепілдік берілмейді.

Қауіп жоқ емес, бар. Себебі клиент (оның ақшасы) нақты экономикаға қатысады, сондықтан табыс та, шығын да болуы мүмкін. Егер жоба сәтсіз болса, клиент салған ақшасының бір бөлігін жоғалтуы мүмкін (әсіресе мудараба, мушарака модельдерінде).

Алдан шығуы мүмкін қауіптер ашық көрсетіледі. Міндеттер банк пен клиент арасында әділ бөлінеді. Яғни, ислам банкингі — әділ, бірақ тәуекелге баратын жүйе. Мұнда клиент жай салымшы емес, серіктес орнында болады.

Бізге жазылып қойыңыз:
https://t.me/+y6OOnvSpYnAzNTEy
👍254👀1
Жүргізуші куәлігін бірінші рет алатын адам онлайн өтініш бере алады

Ол үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын қолдану керек болады екен.

Бұрын ХҚКО (ЦОН)-ға бару керек еді. Енді үйден шықпайсыз, шаруа телефонмен де бітеді. Мобильді қолданба медициналық анықтаманы, автомектепті оқығаны туралы куәлікті және басқа да мәліметтерді мемлекеттік базадан автоматты түрде тексере алады.

Өтінім бергеннен кейін үміткер теориялық және практикалық емтихан тапсыратын ыңғайлы уақытты өзі таңдайды. Ал мемлекеттік баж төлемі емтихандарды сәтті тапсырған соң, сол жердегі оператор арқылы төленеді.

Қазір бұл қызмет елдің барлық өңірінде істеп тұр. Жобаның өзі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тест режимінде жұмыс істейді екен.

«ЦОН» қосымшасының басқа да мүмкіндіктері бар екен. Онымен:

📍 көлік сатып алу-сату келісімшартын рәсімдеп,
📍 көлік тарихын тексеріп,
📍 басқа да электронды қызметтерді алуға болады
, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ.

@qarzhylyq_sauat
14👍6
Ипотека бойынша жылдық ставка әзір төмендетілмейтін болды

Хабарыңыз бар болса, ипотекалық несиелердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға түсіру мәселесі көтерілген болатын.

Көпшілікке бірден түсінікті болу үшін айта кетейін, ЖТСМ дегеннің орысшасы — ГЭСВ, ол — годовая эффективная ставка вознаграждения.

Қазір ғана Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ресми сайтында ақпарат шықты, Агенттік пен Ұлттық банк ЖТСМ ставкасын төмендету мәселесін 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін кейінге қалдыратын болыпты.

Мұндай шешім не үшін қабылдануы мүмкін?

– Қазір базалық ставка — 18%, сондықтан несиенің өзіндік құны жоғары.
– Жылдық ставканы шектеу нарықтағы ипотекалық бағдарламаларды қысқартып жіберуі мүмкін еді.

Норманы уақытша тоқтату банктерге тұрақтылықты сақтауға, ал халыққа ипотеканы қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңалық:

Қазір Агенттік пен Ұлттық банк жаңа әдістеме әзірлеп жатыр екен. Онда ставка қарыз алушының бастапқы жарнасына қарай есептелмек. Яғни, бастапқы жарнаны кім көбірек салса — соның тәуекелі аз, ставкасы да төмен болуы мүмкін.

@qarzhylyq_sauat
👍1861
🇰🇿 Достар, мереке құтты болсын!

Республика күні — тәуелсіз еліміздің тамыры тереңдей түскенін зор мақтанышпен сезінетін мәртебелі мереке.

Бүгін өткенге тағзым етіп, ертеңге үміт артатын күн.

Өз елін сүйетін әр азаматтың ырыс-несібесі тасып, тұрмысы түзеле берсін.

Әр қазақтың қалтасы қалың, көңілі кең болғай!

Байлығы мен бірлігі жарасқан ЕЛ болайық!

Құрметпен,
ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ
👍50191😍1💯1
Риелтор жалдаудың қажеті бар ма?

Қажетсіз деп айтудан аулақпыз, бірақ мән беретін тұстары да жеткілікті. Үй сатқысы немесе жалға бергісі келген адам үшін риелторлық қызмет ыңғайлы шешімдей көрінеді. Өйткені ол маман нарықтан клиент табу, жарнама жасау, құжат реттеу сияқты шаруалардан құтқарады. Бірақ риелторды жалдамай тұрып оның артықшылығы мен қаупін таразылап алған жөн.

Риелтордың көмегі неде?

Жақсы риелтор тек пәтер көрсетумен айналысатын делдал емес. Ол сенің мүддеңді әр қырынан қорғайтын кеңесшің болуы керек.

Үйдің нарықтағы бағасын білетін, жарнаманың әдісі мен «тілін» түсінетін, мәтінін дұрыс жаза алатын, сатып алушы немесе жалға алушы адам табылғанда келіссөз жүргізуге көмектесетін, құжаттардың заңды күшін тексеруге білімі жететін, мәміленің (сделка) қауіпсіз өтуіне ықпал ететін маман болса — жалдаған адам ұтар еді. Ондай жағдайда, әрине, риелторға төлеген ақша (оның еңбекақысы) өзін-өзі ақтайды.

Қандай қауіп бар?

Қазақстанда риелторлық қызметті реттейтін нақты заң жоқ. Сондықтан кез келген адам өзін «риелтор» деп таныстырып, қызмет ұсына алады. Осы жағынан абай болу керек.

Мынадай қауіп түрлері жиі кездеседі:

Өтірік уәде. «Клиент бар, тез сатам» деп алдын ала ақша алып, кейін жоғалып кететіндер бар.

Құжат мәселесі. Үйдің меншік иесі басқа болып шығуы мүмкін. Бұл мәселеге риелтордың көмегімен үй сатып алатындар назар аударғаны жөн.

Жасырын комиссия. Шартта көрсетілмеген қосымша төлемдер сұрауы мүмкін.

Шартсыз қызмет. Келісімшартсыз да ауызша келісуге әрекет қылатын «мамандар» кезігеді. Мұндайда, әрине, оның қызметі нарықтағы бағадан арзанға шығуы мүмкін, бірақ дау туындаған жағдайда құқығыңыз қорғалмай қалады.

Даудың бір түрі — «өзім де сата берейін»

Жиі кездесетін жағдайдың бірі осы болар. Кейде клиент риелтормен шарт жасасқан соң да үйін өз бетінше сатуға әрекеттеніп жатады. Я болмаса, делдалдың ескертуіне қарамастан, өзі қосымша хабарландыру жариялайды. Бұл жағдай екі тараптың да көңілін қалдырады, арты дауға ұласады.

Мұндай әрекеттің заңды шешімі шартқа байланысты. Егер келісімшартта риелторға эксклюзивті құқық берілген болса (яғни үйді тек сол риелтор сата алады деп көрсетілсе), онда клиенттің өз бетінше жарнама беруі немесе мәміле жасауға тырысуы — шарт талабын бұзу болып есептеледі. Бұл жағдайда риелтор өз шығынын немесе комиссиясын талап етуге құқылы.

Ісіне адал, заңнан аттамайтын, алдамайтын риелтор клиент мүддесі үшін уақыт пен күш жұмсайды. Егер мәміле сәтті аяқталса, оның еңбекақысын беру — адалдықтың белгісі болмақ.

Риелтор — пайдалы көмекші. Бірақ соқыр сенім артатын адам емес. Әр ұсынысына мұқият болып, әр құжатты тексеріп отырған дұрыс. Сонда ғана сіз өз мүддеңізді қорғай аласыз.

@qarzhylyq_sauat
👍2392
ЖТСМ-ның не екенін білмей, кредит алуға асықпа!

ЖТСМ аббревиатурасы — жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі. Бұған дейінгі жазбамызда да орысшасын мысалға келтіргенбіз: ГЭСВ — годовая эффективная ставка вознаграждения.

Негізі, кредит алып жүрген бәрімізге де таныс сөз. Кредитке қатысты барлық шығынның қосындысынан тұрады. Кредит алып жатырмыз ба — оның жылдық құнын білуге міндеттіміз. Сол құнның жалпы жиынтығын осы ЖТСМ көрсетіп береді.

Біреулер банктің ұсынатын процентіне ғана мән беруі мүмкін. Мысалы: «Ее, мына банктің проценті 14-16-ақ екен, алайық...» Бұлай ойласаңыз — ұтыласыз. Өйткені банктің «бізде ипотека 14%» дегені — ол тек атаулы проценттік ставка. Ал шын мәніндегі, яғни қалтамыздан шығатын нақты процент — ЖТСМ.

Мысалы, банк 14% деп жазады. Бірақ оған қосылып қалуы мүмкін мына төлемдерді ұмытпауымыз керек:

📍 сақтандыру төлемі,
📍 банк комиссиясы,
📍 бағалау қызметі,
📍 шот ашу ақысы.

Сонда іс жүзінде жылына 14% емес, 18–20% төлейміз. ЖТСМ деген осы. Сондықтан, кредит аларда банктің процентіне емес, алдымен ЖТСМ көрсеткішіне қарау керек.

Есіңізде шығар, биыл Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі ипотека бойынша осы ЖТСМ-ның шекті мөлшерін 20%-тен асырмау туралы банктерге талап қойғалы жатқан-ды. Онымен, елде инфляцияның қарқыны күшейіп кетті де, Ұлттық банк базалық ставканы көтерді (18%). Банктер қандай тәуекелге баратындарын іштей сезді де, біразы ипотекалық өнімдерін тоқтатуға мәжбүр болды. Сол үшін жоғарыда аталған екі меморган ол талапты келесі жылға дейін уақытша тоқтатып қойды.

Тақырыбымыз осымен тікелей байланысты болғасын, нарықтағы жалпы «картина» түсінікті болсын деп еске салып отырмын.

Жалпы банкпен арадағы келісімшартты міндетті түрде оқу керек. Сосын банктің ұсынатын проценті тұрақты ма, яғни, «фиксированный» ма? Ол да маңызды. Тұрақты болса, ай сайынғы төлем өзгермейді. Кім біледі, кей қаржы ұйымдары өзгермелі (плавающий) ставка белгілеп қоюы мүмкін ғой. Онда ол базалық ставканың өсуіне тәуелді болады.

Сосын «каскадная ипотека» дегенді де естіп жүрсіз. Естісе де, оның түп мәнін біле бермейтін адам көп болуы мүмкін. «Каскадты ипотека» деген белгілі бір уақыт (жылдар) өткенде процент те өзгеретін ұғымды білдіреді. Яғни, проценттік ставкасы уақыт өте өсіп отырады деген сөз.

Егер алатын кредиттің шартында «плавающий ставка», «каскадная ипотека» деген сөздер болса — алдағы уақытта кредиттің проценті өсіп кететінін міндетті түрде түсіну керек.

@qarzhylyq_sauat
👍2843🤝2
🏠 Ипотека беруді уақытша тоқтатқан банктер қайта қоса бастады

Қыркүйектің аяғында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтергеннен кейін, бірнеше ірі банк ипотекалық өтініш қабылдауды уақытша тоқтатқан еді. Нарық еліміздегі банктерге хабарласып, қазіргі жағдайды анықтады 👇

🔹 Ипотеканы тоқтатып, қайта қабылдай бастаған банктер
Банк ЦентрКредит — ипотека қабылдау қайта басталды.
Halyk Bank — әзірге тек BI Group жобалары бойынша дайын тұрғын үйлерге ипотека рәсімделеді. Қайталама нарықтағы несие әлі ашылған жоқ.

🔹 Ипотека қабылдауды тоқтатпаған банктер
Отбасы банк — барлық бағдарлама әдеттегідей жүріп жатыр.
Freedom Bank — ипотека бұрынғыдай беріледі.
Altyn Bank — бастапқы нарықта ипотека бар (BI, Basis A, Sensata жобалары бойынша қолжетімді), ал қайталама нарық уақытша тоқтаған.

🔹 Ипотека әлі қабылдамайтын банктер
ForteBank — бағдарламалар уақытша жабық, шешім бір ай ішінде шығады.
Нұрбанк — 10 қазаннан бері өтініш қабылдамайды.
Bank RBC — ипотека әзірге тоқтап тұр, жақында қайта ашылады.

🔹 Ипотека мүлде жоқ банктер
Kaspi Bank, Alatau City Bank, Bereke Bank, Home Credit Bank, VTB және Eurasian Bank.
14👍41
Электромобиль: енді баж салығын төлеуге тура келеді

Қазақстанға электрокар әкелгісі келетін адам арнайы квотамен баж салығынан босатылатын. 2025 жылға арналған квота түгел таусылыпты. Енді ондай жеңілдік жоқ. Алдағы жылда да болмайтын сияқты.

Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жыл үшін 15 000 көлікке есептелген квота толық пайдаланылғанын хабарлап жатыр.

Яғни, ендігі жерде электромобильдер еш жеңілдіксіз, жалпы тәртіппен рәсімделеді. Барлық кедендік төлемдер мен салықтар толық мөлшерде алынады.

Қазір электромобиль әкелудің 3 жолы бар:

1️⃣ Жалпы декларация — халықаралық шарттар негізінде

🔹 Кедендік алым — 6 АЕК
🔹 ҚҚС — 12%

Мұндай көліктерді тек Қазақстан аумағында ғана сата аласыз.

2️⃣ Бірыңғай тариф бойынша рәсімдеу

🔸 Кедендік алым — 6 АЕК
🔸 Кедендік баж — көлік құнының 15%
🔸 ҚҚС — 12%

3️⃣ Жеке тұлға ретінде рәсімдеу

🔺 Бірыңғай төлем — көлік құнының 27%

2026 жылға жаңа квота қарастырылатыны туралы ақпарат жоқ. Соған қарағанда, келесі жылы да бажсыз әкелу жеңілдігі болмайтын сияқты. Электромобиль алуды ойлап жүрсеңіз, кедендік төлемдерді алдын ала есептеп алған жөн. Биылға үлгермедіңіз.

@qarzhylyq_sauat
4👀4😨4
29 қазан — кәсіпкерлер күні

Иә, бізде осындай кәсіби мереке пайда болып жатыр. Неге 29 қазан дейсіз ғой? Себебі 2015 жылы дәл осы күні Кәсіпкерлік кодексі қабылданған.

Қазақстанда 2,3 миллионнан астам кәсіпкерлік субъекті бар. Бұл сала Қазақстан экономикасында маңызды рөл ойнайды. Жаңа жұмыс орындарын ашатын да, ел бюджетіне тұрақты кіріс әкелетін де, өңірлерде бизнесті дамытатын да осы — кәсіпкерлер.

Кәсіп жүргізіп отырған азаматтар, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Орта толып, табыс арта берсін!

@qarzhylyq_sauat
👍265🥰1
🛑 Фулфилмент арқылы табыс табам деп алаяқтардың құрбаны болдым...

#БолғанОқиға хэштегімен оқырман жіберген хаттарды жариялап тұратынымызды айтқанбыз. Фулфилмент қызметі арқылы табыс тапқысы келген азаматтың басынан өткен оқиғасы қызық көрінді. Негізі жазба авторы бізге оқиғаға қатысы бар азаматтардың аты-жөнін толық көрсеткен. Бірақ, біз жеке деректердің құпиялығын сақтап, тараптардың құқығын қорғап қалу мақсатында хатта көрсетілген азаматтардың аты-жөнін толық атамай, қысқартып беріп отырмыз. Сонымен, хат иесі былай дейді:

2024 жылдың желтоқсанында Instagram желісінде А.А. есімді жігітпен танысып, ол маған Kaspi-магазинмен фулфилмент қызметі арқылы онлайн табыс табуды үйретемін деп уәде берді. Айтқан курсының бағасы — 150 000 теңге. Сеніп, ақшасын аударып, оқуға кірістім.

Келісім бойынша, ол маған жеке кәсіпкерлік (ИП) ашуды, Kaspi дүкенін тіркеуді және тауар сату жолдарын үйретуге тиіс еді. Бәрін видео-нұсқаулық арқылы көрсетті. Мен де барлық қадамды орындап шықтым. Бірақ ол жігіт «Kaspi сеніміне кіру үшін бір ай күту керек» деп соза берді.

Араға уақыт салып, ол екі Telegram-арна жіберді. Онда тек тауардың суреті мен бағасы ғана бар, сипаттамасы жоқ. Сұрағанымда, «Ozon дүкенінен қарайсыз» деп шығарып салды.

Өзара келісім бойынша, мен сол тауарларды өз Kaspi дүкеніме жүктеп, тапсырыс түскен сайын А.А. өзі жеткізіп отыруы тиіс болатын. Алғашқы екі-үш тапсырысты расымен орындады. Бірақ көп ұзамай байланыс үзілді — телефон да, WhatsApp та жауапсыз қалды.

Тапсырыс тоқтап қалмас үшін өз ақшама басқа жеткізушілердің көмегіне жүгінуге тура келді. Сөйтіп тағы бір фулфилмент қызметін ұсынған М.Қ. есімді адаммен кезіктім. Ол небәрі 50 000 теңгеге көмектесем деді. «Халық банкі» арқылы ақшаны жібердім. Бірақ ол «ақша түскен жоқ» деп операцияны қайталауымды сұрады. Сөйтіп, жалпы 100 000 теңге аудардым — сосын ол да байланыссыз, жөнімен кетті.

Не істерімді білмей, ақыр соңында ChatGPT-ге жүгіндім. Ол маған ҚР Қылмыстық кодексіндегі алаяқтық баптарды, арыз жазу үлгісін және «Сот кабинеті» порталы арқылы онлайн арыз берудің жолын түсіндіріп берді. Сөйтіп, мен екеуін де сотқа бердім.

Сот шешімімен:

А.А. — 167 000 теңге материалдық және 300 000 теңге моральдық өтемақы, барлығы — 467 000 теңге;

М.Қ. — 100 000 теңге қайтаруға міндеттелді.

Қазір іс сот орындаушылардың қолында. Осы басымнан өткен оқиғадан бір ғана сабақ алдым: интернеттегі «жылтыр» уәде мен оңай табысқа сенуге болмайды екен. Барлық келісімді ресми құжатпен, заңды тұлғамен және түбіртекпен рәсімдеу керек екеніне көзім жетті. Менің бұл тәжірибем өзгелерге сабақ болса деймін.

Редакциядан: Фулфилмент деген не?

Фулфилмент — интернет-дүкендерге арналған логистикалық қызмет. Яғни, компания сіздің тауарыңызды өз қоймасында сақтап, тапсырыс түскен сайын оны орап, жеткізіп, сатып алушыға жөнелтеді. Көрдіңіздер ғой, осы қызметті желеу етіп, ақшасын алып жоғалып кететін адамдар бар екен. Сақ боларсыз.

@qarzhylyq_sauat
👍205😨5
Premium қолданушыларға шағын өтініш!

Егер сізде Telegram Premium болса, біздің каналымызды қолдап, дауыс беруге өтініш білдіргім келеді:

👉 https://t.me/boost/qarzhylyq_sauat

Telegram жуырда каналдар үшін жаңа рейтинг жүйесін енгізді. Ал оған тек Premium қолданушылар ғана дауыс бере алады. Себебі, әр:

Premium пайдаланушы — шын адам (бот емес);
Олар көбіне белсенді және контентті бағалай алатын аудитория;
Сол арқылы дауыс беру жүйесі әділ әрі сапалы өтеді.

Бізге берілген әр дауыс канал рейтингін жоғарыға қарай көтереді. Егер осы жерде жазылып жатқан контентті пайдалы көрсеңіз, дауыс беріп, қолдай кетіңіз. Сонда ғана каналды жаңа оқырмандар көруге мүмкіндік алады.

Рахмет!💙

@qarzhylyq_sauat
1👍288👀1
Алаяқтар 10 минутта қалай картамнан 110 000 теңге шешіп алды

Жұмыста жиналыста отырғанбыз. Жақында платформада шығатын фильмдер мен сериалдарды талқыладық. Бір кезде SMS келді: «Ешкімге код айтпаңыз! Тіпті банк қызметкеріне де!».

Өзім ешқандай операция жасамағасын, қазір біреу «банктің қауіпсіздік қызметінен» деп хабарласатын шығар деп қоңырау күттім. Бірақ ешкім хабарласпады.

Homebank қосымшасын ашып қарасам, шоттағы ақша 110 000 теңгеге азайып қалыпты. Төлемдер тізімінде Glovo арқылы жасалған бес бірдей транзакция тұр. Әрқайсысының арасы екі минуттай.

Дереу жиналыстан шығып, картаны қосымша арқылы бұғаттадым да, банкке қоңырау шалдым. Олардың айтқаны: «Картаңыздың деректері біреулердің қолына түскен сияқты. Бөлімшеге барып, өтініш жазыңыз».

Шаруаларымды реттестіріп, банкке бардым. Керек қағаздарын толтырып, менеджерге өткіздім. Сондағы естігенім: «Ақпаратты тексеру мен қаражатты қайтару процесі екі аптадан үш айға дейін созылуы мүмкін…».

Үйге қайтып, проблеманы ұмытуға тырыстым. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң Glovo компаниясына жазып көрейін деп шештім.

Әу бастан солай істеу керек екен. Қолдау қызметіне жазып, жағдайды түсіндіріп едім, олар картаның соңғы төрт цифрын, шешілген сомаларды және төлемдердің нақты уақытын сұрады. Күттім.

Бірнеше минуттан кейін жауап келді: «Қаржы бөлімі алаяқтық операцияларды бұғаттап жатыр. Картаңызды қайта шығарып алғаныңыз дұрыс» деп жазып жіберіпті. Сөйтіп небәрі 15 минуттың ішінде ақшам өзіме түгел қайтты.

Алғашында Glovo арқылы ақша жымқыру схемасын түсіне алмадым. Кейін танысым да дәл осылай 400 000 теңгесінен айырылғанын білдім. Менің жағдайымда банк жүйесі бесінші транзакциядан кейін ғана күдіктеніп, SMS жіберген екен.

Сөйтсе, алаяқтар өз аккаунттарына өзге адамдардың картасын тіркейді екен. Сонымен бірнеше төлем жасайды, сосын картаны аккаунттан өшіріп, өз картасын қосады да, бұрынғы төлемдер бойынша «ақша қайтаруды» өз атына рәсімдеп алады екен.

Карта деректерімнің қалай тарап кеткеніне қатысты бір күдігім бар. Осы оқиғадан бір күн бұрын британдық Expedia сайтынан ұшаққа билет алғанмын. Ресми сайт болғасын аса күмәндана қоймадым. Ал, негізі, сайтқа тіркелмей-ақ билет рәсімдеуге болады екен, бірақ мен оны білмей, карта деректерін ашықтан-ашық енгізе салдым. Бұл жәй ғана сәйкестік пе, жоқ па — білмедім, бірақ келесі күні-ақ деректерім алаяқтардың қолына түсіп үлгерген.

Жалпы, өзімді бұл жағынан сақпын деп ойлаушы ем. Қателесіппін.
Сіз де менің қателігімді қайталап жүрмеңіз. Абай болыңыз.

Жазба иесі: Andrey Manuylov

@qarzhylyq_sauat
👍48👀65
🕊 Ақөріктің ақ ниеті адал екен

Ақөрік — атыраулық бойжеткеннің есімі. Оның «қызық» кәсібі туралы stan.kz сайтынан оқып, оқиғасын осында әкеліп отырмын. Тілшіге берген сұхбатындағы әңгімесін бұрмаламай, өзімнің авторлық стилімде ұсынып көрейін.

Ақөрікті жақындары кішкентайынан Латифа атап кеткен екен. Қазір жасы 24-те. Ол да біз секілді осы қоғамның мүшесі. Интернет қолданады дегендей.

Күндердің күнінде әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп хабардландыру іледі: «Марқұмдардың қолдан жалғанған кірпігін қинамай алып беремін».

Сырттай қарағанда, біреудің заманына қарай ойлап тапқан кәсібі дерсің. Тіпті, кәсібі болса да еш сөкеттігі жоқ іс. Бірақ, Латифа өзі ұсынған қызметке (кәсіпке) адамгершілік тұрғысынан келуге тырысады. Сондағы бар ниеті — жалған кірпікпен өмірден өткен әйелдердің кірпігін алып, арулап жерлеуге көмектесу. Сол арқылы өзінше сауап жиғысы келген.

Сұхбатында ол: «мәйітті қинауға, кескілеуге, жұлқылауға болмайды. Менің мақсатым — марқұмды соңғы сапарына шариғатқа сай құрметпен шығарып салуға сеп болу» – дейді.

Алғашында Латифаның ниетін жақындары қабылдай алмапты. Оларды да түсінуге болады. Өмірден әркім әр түрлі жағдайда өтеді. Ал, танымайтын адамның сүйегіне кіру былай тұрсын, өз қолыңмен денесін ұстап, өзің ұсынған қызметті атқарып шығу — үлкен ерлік сияқты.

«Маған бұл жұмыс қорқынышты емес. Керісінше, жүрегім тынышталады. Алла тағала маған қорықпайтын жүрек берген, мен сол жүректі сауапқа жұмсағым келеді» – дейді ол.

Дегенмен, уақыт өте келе Латифаны айналасындағы ағайындары қолдапты. Сөзіне қарасақ, өзі де бұл жұмысты тұрақты кәсіп етпейді. Күнделікті кәсібі массаж екен. Бірақ кімде-кім осындай көмек сұраса, бас тартпайтынын айтады.

«Көрсеткен қызметіме ақы алмаймын демеймін, бірақ жолға кететін шығын мен арнаған уақытыма, жұмыстың ауырлығына қарай азын-аулақ ақымды аламын. Мен бұған бизнес деп емес, аманатқа құрмет деп қарар едім» дейді атыраулық бойжеткен.

Көрдіңіз ғой, біреулер қорқып айналып өтетін істі біреу жүрекпен орындайды. Біреулер сөз тереді, ал енді біреулер үнсіз ғана қолынан келгенін кәсіп қылады. Бастысы, кейіпкеріміздің жүрегі тыныш, кәсібі адал, ниеті түзу. Ондай адам көп жерде жарып шығары анық. Сіз қалай қабылдадыңыз? Ой қосып отыруға болады.

@qarzhylyq_sauat
👍249😨41
Банк депозитті жай ғана ақша сақтауға емес, табыс табуға ұсынады. Себебі банк салымшы салған ақшаға процент төлейді.

Ең бастысы, мемлекет те сіздің мүддеңізді қорғайды. Қазақстанда ол міндетті «Депозиттерге кепілдік беру қоры» атқарады.

Егер банк банкрот болса, Қор сіздің депозитіңізді (белгілі бір сомаға дейін) үстіндегі процентімен бірге қайтарып береді.

Банктің «кепілі» деген — осы.

(скрин фейсбуктен)

@qarzhylyq_sauat
👍14211
Қор (ҚДКҚ) неге салымшыларды ғана қорғайды, несие алғандарды емес?

Сұрақ қызық па? Онда депозит пен несиенің аражігін ажыратып көрейік. Депозитке келгенде мемлекет араласады екен де, несие проблемасына келгенде — керісінше. Неге олай? Бұл жерде айырмашылық — «ақша кімге тиесілі» деген мәселеде.

Депозитке түскен салым — жеке тұлғаның ақшасы, меншігі. Жалпылама айтсақ, депозит — ол халықтың маңдай тер табысы, біреудің зейнетақысы, жалақысы, жинағы. Яғни, қорғауға жататын дүние. Банк азаматтың ақшасын депозитке сақтауға алды ма — демек, оған жауапты деген сөз. Бұл жерде: «Кім кімге қарыз?» деген сұрақта — банк адамға қарыз екені айқындалады.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» — банк «құласа», салымшылардың ақшасын қайтару үшін құрылған қор. Яғни, ол банктердің орнына халыққа (салымшыға) «сенің депозитің жоғалмайды» деп кепілдік береді. Өйткені Қор әр банктен міндетті жарна алып отырады.

Ал, несие — банктің ақшасы. Бұл жерде, керісінше, адам банкке қарыз болады. Мемлекет араласпайды. Өйткені ол жеке адамның мойнына (уақытша қарызға) алған міндетемесі болып шығады.

Себебі сіз бен бізге берілген банк ақшасы (несие) — банктің өз ақшасы. Арасында салымшылардың да ақшасы болады. Оны алып банк бізге қарызға береді. Демек, тәуекелге бас тігетін — өзі.

Банк берер несиесін беріп, ол қарыз кері қайтпай қалса, өзі шығынға батады. Сосын ол шығынды өз резервінен жабуға мәжбүр болады. Осындай қауіпті банктер алдын ала проценттік ставкаға «енгізіп» қояды. Процент жоғары болатын себебі де сол.

Сондықтан мемлекет қарыз алушыны сақтандырмайды, өйткені ол — банкке қарыз адам. Қарыз уақытында жабылмады ма, ол жеке шешімінің салдары деген сөз.

Бір қарағанда, әділетсіз сияқты көрінеді. Адам несие төлей алмай қиналады, ал мемлекет банкті «құтқарады». Бірақ, бұл жерде бір нәрсені түсіну керек — мемлекет бұл әрекетке банк үшін емес, тұтас қаржы жүйесін қорғау үшін барады.

Банк деген жай ғана бизнес емес, ол — сол жүйенің өзегі. Оның жұмысы ақша табумен шектелмейді. Банкте басқа да адамдардың депозиті, бизнестің капиталы жатады.

Егер банк банкрот болса, ол тек несие алған адамға емес, соған ақша салған мыңдаған салымшыға, жалақысын сол банк арқылы алатын жұмысшыларға, банк арқылы есеп айырысатын компанияларға зиян келеді. Сол себепті мемлекет мұндай жағдайда банкті «қолдау» арқылы шындап келгенде жүйені, халықтың ақшасын және экономиканы сақтап қалуға тырысады.

Ойымызды жинақтасақ:

📍Депозит — адамның өз ақшасы, мемлекет оны қорғауға мүдделі.
📍Несие — банктің ақшасы, сондықтан ол өз тәуекелін өзі көтереді.


@qarzhylyq_sauat
👍1171
Салық органы қатаң ескертіп жатыр

Мына алаяқ деген бәлелер Мемлекеттік кірістер комитетінен боламыз деп ел-жұртқа жаппай хабарласып жатыр екен. Телефон да шалады, WhatsApp-қа да шығатын көрінеді.

Сондағы айтатыны: «270-формамен есеп тапсырмағансыз, сол үшін сізге айыппұл қарастырылған, шоттарыңыз бұғатталады…».

Қорқытып-үркітудің жалпы мәні осындай дейді. Арасында «мәселені шешуге болады, деректеріңізді жіберіңіз» деп те варианттар ұсынады екен.

Мұның бәрі – таза алаяқтық іс деп ескертіп жатқан Кірістер комитеті WhatsApp-пен де, Telegram-мен де хабарлама таратпаймыз, электрондық қолтаңбаны да, бір реттік кодты да сұрамаймыз, ешкімге ешқандай жеке мәлімет берудің қажеті жоқ, алданып қалмаңыздар дейді.

Сондықтан сақ боларсыздар. Ақпараттың рас-өтірігін тек ресми көздерден тексеріп жүрген дұрыс

@qarzhylyq_sauat
11😨5👍4
Аяу, сену, эмоцияға ерік беру — өзіңді алдау ма?

Заман не болып кетті? Мүсіркеу, аяу, сену — қандай аяулы сезімдер еді. Бұл сезімдер оянғанда адам екенің есіңе түсіп, тасқа айнала жаздаған жүрегің жібіп, қолдан келіп тұрса, жақсылық істеуге ұмтыласың ғой.

Қазір алаяқ біткеннің бәрі адамның осы сезімдерімен ойнауды әдетке айналдырып алды. Әбден опық жеп болдық. Аядық. Сендік. Алдандық. Бәрі маңдайымызға таяқ боп тиді. Бұл жазбамызда да сізді «ешкімді аямауға», сенбеуге, көмектеспеуге шақыруға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені заман сондай болып тұр...

Рас қой? Көмекке «мұқтаж» адамдардың жүрек ауыртар видеоларын көріп қалатынымыз бар. Аяушылық сезіммен қалтамызға «қол жүгіртіп» жатамыз. Сондағымыз — «мына кісі/бала расымен көмекке мұқтаж шығар, көмектесіп жіберейін» деген ниет. Өкінішке қарай, біздің заманда мұндай жағдайдың бәрі адал болмай жатады. Ақша жиналады. Бірақ өз мақсатына жұмсала бермейді.

Қазір осыған ұқсас оқиғалармен шатылып жатқан «блогер» көп. Солардың бірі — Ілияс Сариев есімді азамат. БАҚ оған «қазақ Робин Гуды» деген ат теліпті. Сот қарап жатқан материалдарға жүгінсек, блогер өзінің Instagram-парақшасында ел-жұрттан (600 мың фолловерден) көмекке деп ақшалай қор жинайды екен.

Бірде ол «блогерлігін» пайдаланып, біреудің үйіне рұқсатсыз кіріп кеткен ғой. Үйде ақсақал мен ДЦП-мен ауыратын немересі болған. Блогер олардың келісімін алмастан видеоға түсіріп, «үй алып береміз» деген желеумен ролик дайындайды.

Обалы не керек, видео миллиондаған қаралым жинап, жанашыр жұрт жан-жақтан ақша аударады. Сөйтіп 24 миллион теңге жиналады. Бірақ үй жоқ. Кеше ғана сотқа қатысқан 70 жастағы Гүлбаһар Төрееваның айтуынша, азамат Сариев өзін кафеге шақырыпты.

— Бізді құттықтап, үйлеріңіз осы деп видеолар көрсетті. Бірақ біз ол үйді ақыры көрмедік. Кейін құжат рәсімдеуге керек болып жатыр деп менен тағы 800 мың теңге сұрады, — дейді қария.

Сариев сот отырысында 24 миллионның қайда кеткенін түсіндіре алмапты. Ісіне өзі жауап берер, ал біз айтуға мәжбүр болып отырған әңгіме мынау — интернеттегі видеолардың көбі осындай әдіспен жасалады. Оның артында тұрғандар сіз бен біздің сезімімізбен, эмоциямызбен ойнайды. Аяушылық тудыратын контент жасап, қалтамыздан ақша шығаруға тырысады.

Әрине, қайырымдылық жасауды ұмытпау керек. Көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созған жақсы, бірақ біреудің қайғы-мұңын бизнеске айналдырып алғандарға сеніп қалмауымыз керек.

Шын көмектескісі келетін адам ресми құрылған қайырымдылық қорларына жүгіне алады. Реквизиттерін тексеріп. Әдетте олар есебін ашық жүргізеді. Жиналған қордың қанша бөлігі қайда жұмсалғанын жариялауға тиіс.

«Жеке картаға жібер», «досымның атына жібер» деген өтініштерге де сену қиын қазір. Негізі, шын жақсылық жарнамамен емес, үнсіз ғана жасалады ғой. Жақсы демалыңыз!💛

(мәліметтер tengrinews.kz сайтынан алынды)

@qarzhylyq_sauat
10👍7😨5