БизнесЖаңалықТранзакция
Trending

«Екі түрлі QR» дәуірі аяқталды: 19 шілдеден бастап не өзгереді?

Әңгіме ортақ QR-код жайында.

Осы күнге дейін сауда/қызмет орындарында жағдай басқаша еді. Алыс-беріс кезінде өзің қолданатын банктің QR-ымен кез келген жерде есептесе алмайтынсың. Енді ол қолайсыздықтың бәрі артта қалды.

Бүгін Ұлттық банк өкілдері арнайы презентация жасады. Заң бойынша, 19 шілдеден бастап еліміздің бүкіл аумағында Банкаралық мобильді төлем жүйесі ресми түрде толық іске қосылады.

Енді QR қалай жұмыс істейді?

Эксперимент көрсеткендей, бұдан былай сатып алушы мен сатушының қай банкті қолданатыны маңызды емес. Енді кез келген бизнес-объектіде (дүкен/салон) тұрып, ортақ QR-кодты өзіміз қолданып жүрген кез келген банктің мобильді қосымшасымен сканерлеп, төлем жасай береміз. Операция лезде орындалады. Ортақ жүйеге халыққа қызмет көрсететін еліміздегі барлық БАНК түгел қосылып болған.

Бұл бизнес өкіліне де ыңғайлы. Сатушы немесе қызмет көрсетуші тарап әртүрлі терминал ұстап шығындалмайды. Күнделікті қолданып жүрген POS-терминалынан QR ұсынады, клиент оны сканерлейді де, ақысын төлеп кете береді.

Сурет ЖИ өнімі

Телефон нөмірі арқылы ақша аудару мәселесі

Бұл да маңызды жаңалықтың бірі. Бұл да 19 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды.

Яғни, басқа банкке ақша аудару үшін карта немесе ұзын-сонар шот нөмірін (IBAN) жазып «азаптанбаймыз». Оған қабылдап алушының телефон нөмірі де жеткілікті. Аударылған ақша сол мезетте екінші банкке түседі.

Уақыт шектеуі жоқ

Презентацияда айтылғандай, бұл жүйе еш үзіліссіз, демалыссыз, тәулігіне 24 сағат істей береді. Төлем де, аударым да секунд ішінде орындалады.

Осылайша, жексенбіден бастап Қазақстанның қаржы жүйесінде жаңа дәуір басталады. Банктер арасындағы «кедергілер» жойылады. Бұл тұтынушы үшін де, әр банктен терминал жалдап шаршаған шағын бизнес үшін де әжептәуір жеңілдік болары айтпаса да түсінікті.

Банктер (техниктері) біраз «терлеген» болар. Өйткені екінші деңгейлі банктер осы ортақ жүйеге қосылу үшін техникалық жүйесін толықтай өзгертуге бейіл болды. Тіпті, міндетті де болды. Бәсеке заманында бұл жүйеден тыс қалған банк клиент жоғалтатынын онсыз да түсінді. Сол үшін бір-бірінің QR-кодын «жатсынбауы» үшін қаржы ұйымдары барын салғаны анық. Ал, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл жобаны заманауи цифрлық мемлекет құру жолындағы ең үлкен қадам деп атады.  

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

https://t.me/qarzhylyq_sauat

Басқа материалдар

Back to top button