Депозит

Сауатты менеджер ғана қауіпсіз депозитке сенім ұялатады

Халық — клиент. Ол және салымшы. Салымшы деп жиған ақшасын депозитке салатын адамды айтамыз. Міне, сол қауымға керегі не? Керегі — сенімді депозит.

Қолыңызда ақша бар. Депозитке салып, көбейткіңіз келеді. Банкке келесіз де, шарттарын сұрайсыз. Ертең банк банкрот болып қалса, ақшама не болады? Осындайда менеджердің қалай жауап беретіні өте маңызды.

Сауатты менеджер тосылып қалмас, ал көзі ашық клиенттің күрделі сұрақтарына жауап бере алмай, басқа бөлімге сілтей салса, банк үшін — ұят, клиент үшін — «өкініш орай».

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 4 000 адамның арасында сауалнама жүргізіп, зерттеп көрген екен. Әрбір үшінші салымшы (сұралғандардың 35%-ті) депозиттің қалай қорғалатыны туралы ақпаратты тек банк менеджерінен сұрап алатынын айтқан.

Осыны ескерген Қор банк саласына жаңа стандарт енгізіп жатыр. Енді клиентпен тікелей жұмыс істейтін банк қызметкерлері арнайы оқудан өтіп, сынақ тапсырады. Сүрінбей өтсе, KDIF Academy Certified (сертификат) алады. Ол кәдімгідей кәсіби статусқа айналады.

Мысалы, талай банк ашылып-жабылып қалды. Қаншама адам оларға ақшасын салды. Сондай кезде салымшылар дүрбелеңге түспес үшін кез келген өзге банктің менеджерлері дағдарыс кезінде клиенттің тілін тауып, дұрыс ақпарат бере алуы керек.

Бір адамның бір банкте бірнеше валютада, әртүрлі шотта ақшасы жатуы мүмкін. Оның қай бөлігіне мемлекет кепілдік береді? Қай бөлігі сақталып, қайсысы күйіп кетуі мүмкін — менеджер соның бәрін жатқа біліп, нақты заңға сүйеніп, салымшыға пайдалы ақпарат бере алғаны маңызды.

Сауатты менеджер ғана нарықтың тұрақты болуына кепіл бола алады. Сондықтан, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қолға алған (коммерциялық емес) бастамаға еліміздегі барлық банк қатысуға мүдделі болады.

Қормен бірге алғаш болып меморандумға қол қойған банк — БЦК. Осы жылдың соңына дейін өз қызметкерлерін толық оқытып шығуға ниет білдіріпті.

Қалған банктер келесі жылдан бастап 2031 жылға дейін жүйеге кезең-кезеңімен қосыла береді.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

Басқа материалдар

Back to top button