Ұлттық банк мықтап ескертіп жатыр екен. Алаяқтар жаңа айлаға көшіпті. Көшеде немесе сауда орындарының маңында кәсіби фотоаппаратпен сыртымыздан суретке түсіріп, өз қызметін ұсынатын фотографтар бізге таңсық емес.
Сәтті шыққан фотоға қызығып, әрі қарай елтіп кететін адамдар болады. Міне, сондай жандарды алаяқтар пайдаланып кетеді екен.
Егер көшеде сізге біреу: «Жаңа үйреніп жүрген мобилографпын/фотографпын, портфолио жинап жүрмін, келіңіз, суретке/видеоға тегін түсіріп берейін» десе, ойлану керек.
Өйткені адамның бет-әлпеті — биометриялық дерек. Алаяқтар солай «база» жинақтайды. Кейін суретіңді я видеоңды ЖИ арқылы өңдеп, дипфейк жасайды. Фото/видеодағы кескініңді кадрда «сөйлетіп» қойып, неше түрлі сценариймен жұрттан ақша жинауы мүмкін.
Ұлттық банк сақтандыратын екінші алаяқтық схема — көшеде телефон сұрайтындарға қатысты.
Бұл да қазір белең алғанға ұқсайды. Алаяқтар көшедегі адамдарға көмек сұраған боп жақындайды. Неше түрлі сылтау айтуы мүмкін. Я телефоны сөніп қалады, не үйде ұмытып кетеді. Бірақ көмек керек. Жақынымен сөйлесіп жіберуге телефоныңды сұрайды.
Олар да әккі ғой. Адам көп жиналатын әуежай/вокзал маңын әдейі торуылдайды. Себебі ол маңда көбіне адамдар асығыс жүреді. Қарбаласта қырағылық жоғалтып, өтініш айтып тосыннан пайда болған адамнан қорғана алмай қалуы мүмкін.
Көбіміз аңғалмыз. Көмектескіміз келіп тұрады. Арам ойсыз телефонымызды бере қоямыз. Сол қауіпті. Қолының сұғанағы бар ұрылар секілді алаяқтар иесіне білдірмей, банк қосымшасына кіріп, шотындағы ақшасын аударып алуы мүмкін.
Тіпті болмаса, телефонды қашықтан басқаратын RustDesk, AnyDesk, TeamViewer секілді қолданбаларды орнатып жіберуі ғажап емес. Ол кезде алаяқтар телефон ішін емін-еркін шарлап, телефонға келетін SMS-кодтарды көріп, парольдерді біліп, адамның жеке деректері мен ақшасын қолды етуі мүмкін.
eGov қосымшасын басқара алса, атыңа несие рәсімдеп те жібере алады.
Ұлттық банк қандай да бір алаяқтық жағдайға тап болғанда бірден полицияға жүгінуге кеңес береді. Осыған қатысты қосымша сұрақтар туындаса, Ұлттық банктің 1477 байланыс нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады.
Жақындарыңызға ескертіп қоярсыз, сақ жүрсін.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»



