Базалық ставка

Қаржылық сауат: Базалық ставка қалтамызға қалай әсер етеді?

Базалық ставка ненің өлшемі?

Базалық ставка — айналымдағы ақшаның құнын анықтайтын негізгі көрсеткіш. Ақшаның құны қымбатшылықта сезіледі. Елде инфляциямен күресетін Үкімет бар және Ұлттық банк бар. Базалық ставка — екіншісінің, яғни орталық банктің негізгі тетігі, құралы. Осы арқылы реттеуші орган инфляцияны ауыздықтауға, тежеуге тырысады.

Қымбатшылық қайдан, қалай келеді?

Қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейік. Мәселен, елде ақша арзандап, несие алу оңай болса, адамдар да, бизнес те көбірек қарыз алады. Біреу көлік алады, біреу пәтер жөндейді, біреу жаңа дүкен ашады дегендей.

Бұл әрекеттердің бәрі нарықта сұранысты күшейтеді. Қолында ақшасы бар адам немесе бизнес «әкел-әкел», «алам-алам» деп сұрай береді, тұтына береді, «жұта» береді. Сұраныс көбейгенін көрген сатушылар не істейді? Әрине, бағаны көтереді.

Ал, керісінше, ақша қымбаттаса, алатын несиеміздің проценті өссе, жұрт: «бұл кредит шынымен қазір керек пе» деп ойлана бастайды. Бірең-сараң адам несие рәсімдегенімен, жалпы нарықта кредит алу азаяды. Сауда баяулайды. Сұраныс төмендейді. Сол кезде кәсіпкерлер де бағаны өсірмей, ұстап тұруға тырысады. Өйткені сатып алушы аз, ал тауар тұрып қалмау керек.

Сондықтан, біз айтып отырған базалық ставка — бағаның қызуын басатын «тежегіш» сияқты. Егер инфляция шектен шығып бара жатса, Ұлттық банк осы тежегішті басады.

Онсыз болмайды. Өйткені жоғары инфляция — табыстың жауы. Айлығымыз инфляциямен бірге күнде өсіп жатқан жоқ. Не табамыз, соны жұтып қояды. Яғни, инфляция — қарапайым халыққа қосымша «салық». Ол күшейген сайын ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді. Ай сайын тапқан жалақымызға бұрынғыдай көп зат ала алмаймыз.

Мысалы, үш ай бұрын бір келі қантты 1000 теңгеге алдық дейік. Қазір сол ақшаға 700–800 грамм ғана келер еді. Демек, біз нақты табысымыздың бір бөлігін жоғалттық.

Мұндайда, өкінішке қарай, ауыр соққыны табысы төмен азаматтар сезеді. Өйткені ол санаттағы кісілердің шығыны (көп бөлігі) азық-түлік пен коммуналдық төлемге кетеді. Ұлттық банктің базалық ставканы (18%-ке) көтеріп отырған себебі сол.

Енді кредиттің де, депозиттің де проценті өседі. Шама келсе, қымбат несиеге ұрынбаған жақсы. Ал, қолда ақшалай қор болса, теңгедегі депозиттің берері мол болмақ. Ойланып көріңіз.

Базалық ставка біздің нанымызға қалай әсер етеді?

Экономиканы үлкен бір ауыл деп елестетіп көрейікші. Ал Ұлттық банк — сол ауылдағы жалғыз Қамбаның иесі. Ауылдағы бүкіл ақша айналымы осы кісінің қас-қабағына қарап тұр.

Ставка жоғары болса (мысалы, 18%)

Қамба иесі «қаһарына» мінеді. Ол ақшаны екінің біріне бере бермейді. «Ақша керек пе? Онда маған қайтарғанда үстіне еселеп қосып әкелесің!» дейді.

Ешкім қарыз алғысы келмейді. Ауылда ақша «тапшы» бола бастайды. Жағдайды түсінген жұрт ақшасын оңды-солды шашпай, әр тиынын санап жұмсайды.

Дүкеншілерден де маза кете бастайды: «Хм, ешкімде ақша жоқ. Сауда жүрмей жатыр. Еттің бағасын тағы көтерсем, ешкім алмайды. Ет сасып кетеді».

Амал жоқ, сатушы бағаны түсіреді немесе сол қалпында ұстауға тырысады. Нәтижесі анық: ауылда баға өспейді, қымбатшылық тоқтайды.

Ставка төмен болса (мысалы, екі есе — 9%)

Қамба иесінің көңілі жай. «Міне, кімге ақша керек — алыңдар, үстіне аздап тиын қосып қайтарсаңдар болды» деп жомарттық танытады.

Бәрі жаппай қарызға ақша ала бастайды. Бір көршің көлік мінеді, екіншісі үйін жөндеп алады. Бүкіл ауыл ақшаға қарқ болады.

Дүкенші қарап қала ма, алақан ысқылай бастайды: «Оһо, жұртта ақша көп екен!» Кеше ғана келісін 3000 теңгеге сатқан етті бүгін 5000 қылса да өтетінін біледі. Баға «ұшады». Жұрттың қалтасында ақша көп болғанымен, тауар құны екі өсіп шыға келгендіктен, береке болмайды.

Ставка өмірімізге қалай әсер етеді?

Біреулер айтуы мүмкін: «Өөй, менің несием жоқ, маған бәрібір» деп. Жоқ, олай емес! Несиесі жоқ адамның депозиті болуы мүмкін.

Бүгінгі мысалмен ставка 18% болса, банкте депозитте жатқан ақша өзінен-өзі көбейіп жатыр деген сөз. Бұл жерде банк: «Ақшаңды жұмсамай маған әкеліп сақта, мен саған жақсылап сыйақы беремін» деп тұр. Демек, қазір ақша жинауға ең тиімді уақыт.

Ал, керісінше, ставка шарықтап тұрғанда несие алсаң, онда банкке «байлық» сыйлайсың. Сондықтан ставканы бақылау керек. Ол түсті ме — демек, несиенің проценті де құлайды деген сөз.

Базалық ставка — экономика үшін өзіндік бір «диета». Егер ел «семіріп» (баға өсіп) кетсе, Ұлттық банк ставканы көтеріп, нарықты «диетаға» отырғызады. Егер ел «арықтап» (сауда жүрмей) қалса, ставканы түсіріп, ақша ағынына ерік береді.

Бұдан шығатын түйін:

Ставка жоғары кезде — ақша жинаған тиімді.

Ставка төмендегенде — іс бастап, несие алып, қимылдап қалған жақсы.

Қай уақытта не істеу керегін білу үшін осы ставканы бақылап отыруымыз керек.

Базалық ставкадағы «18%» ненің өлшемі?

Ол — Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге (мысалы, Kaspi, Halyk т.б.) ақша беретін немесе олардан ақша алатын негізгі бағасы.

Ставка жоғары болса, несие қымбаттайтынын айттық. Есесіне, депозиттің проценті де өседі. Ставканы жоғары ұстаудағы мақсат: «халық ақшаны жаратуды азайтсын, оданда банкте сақтасын, сөйтіп бағаның өсуі (инфляция) тежелсін» деген месседж.

«+/-1 проценттік пункт» деген не?

Ұлттық банк өзінің ресми релизінде осы тіркесті тұрақты қолданады. Бұл — Орталық банктің басқа банктермен жұмыс істейтін «коридоры». Енді соны қарапайым мысалмен қарап көрейік.

  1. «+1 пункт» (18% + 1% = 19%)

Егер екінші деңгейлі банкке (мысалы, Halyk-қа) шұғыл ақша керек болып қалса, ол Ұлттық банктен ақшаны 19%-пен қарызға алады. Бұл — әлгі «коридордың» жоғарғы шегі.

  1. «-1 пункт» (18% — 1% = 17%)

Егер банктің қолында артық ақша болып, оны Ұлттық банкке сақтауға қойғысы келсе, Ұлттық банк ол ақшаны 17%-пен қабылдайды деген сөз. Бұл — әлгі «коридордың» төменгі шегі.

Ұлттық банк неге басқа банктермен «саудаласады»?

Заңды сұрақ, иә? Бұл жерде көпшілік: «банктердің өз ақшасы өзіне жетпей ме?» деп те ойлауы мүмкін. Шын мәнінде, банктерде ақша өте тез «қозғалады». Біреу несие алады, біреу депозитін шешіп алады дегендей. Енді біреу аударым жасайды.

Сондықтан банктердің қолында кейде ақша артылып қалады, кейде жетпей қалады. Ал, дәл сол кезде Ұлттық банк «рефери» рөлін атқарады.

Неге ақша береді?

Егер халыққа несие беру үшін банк ақшасы жетпей жатса, Ұлттық банктен қарыз алады. Ұлттық банк ставканы 18% (коридормен 19%) деп бекітсе, банк бізге несиені одан да қымбатқа береді (мысалы, 25-30%-бен).

Ұлттық банк ставканы көтерсе, сіз бен біз үшін несие қымбаттайды дейтініміз сол.

Неге ақша алады?

Егер банктің қолында халықтан жиналған артық ақша көп болса, ол оны «бос жатпасын» деп Ұлттық банкке сақтауға қояды (депозит сияқты). Ұлттық банк оған 17% сыйақы төлейді.

Ұлттық банк ставканы жоғары ұстаған кезде банктер де біздің депозитімізге жоғары процент төлей алады.

Дұрыс түсіну керек, Ұлттық банктің мақсаты — банктерден пайда көру емес, нарықтағы ақшаның көлемін реттеу.

Ақша көп болса: Жұрт бәрін сатып ала бастайды, баға (инфляция) өседі. Сосын Ұлттық банк ставканы көтеріп, ақшаны банктер арқылы өзіне «тартып» алады.

Ақша аз болса: Экономика баяулап қалар еді. Сосын Ұлттық банк ставканы түсіріп, банктерге арзан ақша береді (несие арзандайды).

Бұл жерде Ұлттық банк экономиканың «температурасын» өлшеп отыратын дәрігер сияқты. Ставка — сол температураны басатын немесе көтеретін «дәрі».

Базалық ставка — банктер үшін «ақшаның құны»

Ұлттық банк осы ставканы қалай бекітсе, банктер соған қарап кредит пен депозиттің процентін өзгертеді.

Кредитке әсері қалай?

Базалық ставка жоғары болса, банктер қымбат процентпен несие береді.

  • Ипотека, автонесие, тұтынушылық кредит қымбаттайды.
  • Халық та, бизнес те қарызды аз алуға тырысады (экономикадағы түсінік бойынша).

Базалық ставка төмендесе, кредиттің проценті де түседі.

  • Ол кезде несие алу жеңілдейді, бірақ бұл бағаның қайта өсуіне әкелуі мүмкін.

Депозитке әсері қалай?

Базалық ставка жоғары кезде банктер салымшыларды тарту үшін депозитке жоғары процент ұсынады.

  • Яғни, ақшаны банкке салған тиімді болады.

Базалық ставка төмендесе, депозиттің табысы азаяды.

  • Ол кезде банкте ақша ұстау бұрынғыдай қызық болмайды.

Неге Ұлттық банк бұған мән береді?

Өйткені адамдар көп қарыз алып, көп ақша жұмсаса — баға өседі. Себебі халық көп ақша жұмсау арқылы нарықта сұранысты күшейтеді. Егер ол сұранысқа жауап беретін ұсыныс болмай, тапшылық сезілетін болса, онда баға өзінен өзі шарықтайды.

Ал несие қымбат, депозит тиімді болса — ақша аз жұмсалады. Көпшілік нарықты дұрыс түсінсе, «құны қымбат» кезде қолындағы ақшасын оңды-солды жұмсамай, жинауға ыңғайланады. Депозитке салады. Көбейту жағын ойлайды.

Сол кезде сауданың қызуы басылады, алыс-беріс азаяды, ақша көп жұмсалмаған кезде нарық тынышталады, инфляция бәсеңдейді.

Базалық ставка — орталық банктің басты құралы, инструменті. Инфляцияны соның күшімен басқаруға тырысады.

Инфляцияға қатысты Ұлттық банктің өз мақсаты бар. Мысалы, қазір (2026 жылғы қаңтарда) ресми дерек бойынша, жылдық инфляция деңгейі — 12,3%. Осы көрсеткішті 5%-ке дейін жақындатқысы келеді. Егер сол мақсат келешекте орындалатын болса, онда базалық ставка да өздігінен түседі деген сөз. Ал ол кезде кредит проценттері де «құлайды».

Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сіздер де соны біліп жүрсін деп барынша қарапайым тілде түсіндіруге тырысып отырмын. Инфляция мен орталық банк бекітетін базалық ставканы бақылап жүруіміз керек. Біздің өмірімізге сол екеуі қатты әсер етеді.

Ұлттық банк ставканы түсірді. Енді не болады?

Ставка 18%-тен 17-ге түсті. Бұл жай ғана статистика емес-ау. Ол соңғы жарты жылдағы үлкен экономикалық күрестің нәтижесі сияқты көрінеді.

Нарықтағы «картинаны» толық көру үшін сәл шегініс жасап, сандарды «сөйлетіп» көрейікші.

2025 жыл.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті қаңтардағы отырысында базалық ставканы 15,25% деңгейінде сақтап қалған еді. Сол тұста ішкі-сыртқы факторлар инфляцияның қарқынын күшейтіп (ақпанда – 9,4%), наурызда ставка 16,50%-ке көтерілді.

Сол меже қыркүйекке дейін өзгерген жоқ.

Инфляцияның құбылуын қараңыз: тамызда 12,2%-ке барған жылдық инфляция (қымбатшылық қой) күшіне мініп, қыркүйекте 12,9%-ке жетіп барды.

Осы кезде Ұлттық банк ойлана бастады. Өйткені Бас банктің алға қойған мақсаты — инфляция деңгейін 5%-ке «құлату» еді. Енді қатаң шара қабылдамаса болмайды. Мұндайда оның жалғыз құралы бар екенін білеміз. Ол не? Ол — базалық ставка.

Қазан айында Орталық банк ставканы бірден 18%-ге дейін көтерді. Содан бері тура 7 айдан аса уақыт өтті. Осы аралықта Ұлттық банк 4 отырыс өткізіп, нарықты бағалап, жаңарған макроэкономика деректерін саралай отырып ставканы тапжылмай ұстап келді. Себебі «өртті өшіру» керек болды.

2026. Жыл басы.

Нарықта қауіп шаш етектен: елде жаңа салық реформасы басталып кетті, оның бағаға жанама әсері болатыны анық еді. Оған әне-міне өседі деген коммуналдық тарифтерді қосайық. Жанармай бағасы да өсіп шыға келді. Таяу Шығыста қырғи-қабақ соғыс. Оның кесірінен мұнай бағасы құбылды.

Егер осының бәріне қарамай, ставканы ерте түсіргенде, әлгі (былтырғы) 12,9%-тік инфляция одан әрі өршіп кетер еді. Яғни, 18%-тік «қатаң» ставка осы аралықта нарықтағы артық ақшаны сіңіріп алып, бағаны күштеп тежеп тұратын «тосқауыл» рөлін атқарды.

Бүгінгі шешім нарыққа қандай сигнал береді?

Көптен өзгермей келген базалық ставка енді — 17%. Мамыр айының қорытындысы бойынша инфляция 10,4%-ке дейін түскен. Былтыр жыл соңында ол 12,3% еді. Ақпанда 11,7% болды. Наурызда — 11,0%. Осы тізбекке қарасақ, инфляция орнықты түрде бәсеңдеп келеді. Бәлкім, көп ұзамай бір таңбалы мәнге де түсер.

Бүгінгі шешімімен Бас банк «біз инфляцияны бақылай алдық, демек, жағдай тұрақталып келеді» деген жақсы сигнал беріп отыр нарыққа. Яғни, инфляцияның 12,9%-тен 10,4%-ке дейін үздіксіз бәсеңдеуі — осы 18%-тік ставканың жемісі деп түсінуге болатын шығар.

Енді ақша нарығына аздап «қан жүгіре» бастайды. Бұл — бизнеске берілетін несиелер біртіндеп арзандауға көшеді деген алғашқы белгі. Жоғары ставкамен жіпсіз байланып келген экономика енді даму режиміне ауыса бастайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, Ұлттық банк соңғы 7 айда нарықты қатты қысып ұстады. Соның арқасында болар, баға өсімінің тежелгенін жоғарыдағы ресми статистикадан көріп отырмыз. Енді Бас банк бұранданы сәл босатқанымен, бұл бәрі бірден арзандайды деген сөз емес. Тек депозит проценттері төмендемей тұрғанда қазірден тиімді ставканы бекітіп алып, ал несие алуды жоспарлаған жағдайда проценттердің сәл де болса түскенін күткен дұрыс.

Теңге неге құбылады: мәселе тек ставкада емес

TENGENOMIKA каналын білмейтін қаржыгер жоқ. Оған иелік ететін кәсіби экономист Руслан Сұлтановтың «Экономический ликбез» аталатын авторлық каналы бар. Біз ойлауымыз мүмкін, экономиканың тілі тек қазақ тілді қауымға ғана ауыр деп. Жоқ, олай емес. Егер терминдеп сөйлесең/жазсаң, ол орыс тілділерге де оңайға соқпайды.

Руслан Сұлтанов өзінің авторлық каналында экономиканы өте қарапайым тілде сөйлетеді. «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» каналының авторы ретінде маған экономистің теңге курсы қалай қалыптасатыны туралы жазған еңбектері ұнап қалды. Кәдімгідей сауат ашатын жазба. Өте қарапайым тіл. Бәрі түсінікті. Автордың рұқсатын ала отырып соны сіздерге де тәпсірлеп берейін деп шештім. Экономистің сенім білдіргені — біздің каналды да қолдағаны деп білемін және жасырмаймын.

Кез келген валютаны алып қараңыз. Оның бағамы қалай қалыптасса да бәрібір бәріне бірдей жақпайды. Бұл — нарықтың жазылмаған заңы.

Теңге күшейсе — сатып алушы ұтады. Шетелден келетін тауарлар, техника, дәрі-дәрмек арзандайды. Сыртқа шығып демалсаң да, қалтаңа салмақ түспейді. Тұтынушы үшін жұмақ орнап, қымбатшылық (инфляция) та саябырсиды.

Бірақ теңгенің асқақтағанына экспортерлер (тауарын сыртқа сататындар) қуана қоймайды. Себебі олар өнімдерін сыртқа доллармен сатып, ел ішіндегі жұмысшылардың айлығы мен салықты теңгемен өтейді. Теңге неғұрлым күшті болса, олардың сырттан тапқан әр доллары елге келгенде құнсызданып, табысы азайып қалады.

Дегенмен, бұдан «әлсіз теңге жақсы екен» деп біржақты қорытынды шығаруға әсте болмайды. Әлсіз теңге — қымбат импорт, шығынға бататын бизнес, шарықтап кеткен баға деген сөз. Ал, қымбатшылық, өздеріңіз білесіздер, құрбан таңдамайды. Ол бәрінің қалтасын сілкіп алады. Әсіресе табысы бағаның өсіміне ілесе алмайтын қарапайым халықтың бүйірін қатты қысады.

Сондықтан «бізге күшті теңге керек пе, әлде әлсіз теңге тиімді ме?» деген тартыс ешқашан логикалық мәніне жетпейді.

Бизнес пен халыққа күшті немесе әлсіз теңге емес, ертеңі белгілі теңге керек.

Дәл осы тұста базалық ставка төңірегінде бітпес айтыс басталады. Сонда жиі еститініміз: «Ставканы төмендете салайықшы, бизнеске жан бітеді ғой…».

Енді адамның дене қызуын өлшейтін градусникті елестетіңіз. Қызуыңыз көтеріліп, от болып күйіп тұрсыз. Ал, градусниктегі 40-ты көргің келмегендіктен, оны ұрып сындырсақ, жазылып кетеміз бе? Жоқ. Ставканы дегбірі қашқан нарықта аяқ асты төмендете салу да — осы градусникті сындырумен тең.

Егер қымбатшылық әлі басылмай тұрып ставканы ерте төмендетіп жіберсе, ақша құнсызданады, сұраныс күшейеді, сырттан тауар ағылады. Ақыр соңында теңгенің белі қайысып, инфляцияның жаңа толқыны лап ете қалады.

Дүниежүзіндегі орталық банктердің барынша болжамды, байсалды болуға тырысатыны содан. Нарық қатал саясатты кешіруі мүмкін, бірақ бейберекет хаосты ешқашан ұнатпайды. Валюта үшін белгісіздік — жоғары ставкадан да қауіпті.

Ставка мен бағам туралы сөз болғанда тағы бір қате пайым алдымыздан шығады. Жұрт мемлекеттерді бір ғана көрсеткішпен салыстыруға құмар:

«Қырғызстанда ставка төмен»

«Әзербайжанда ставка төмен»

«Ресейде ставка басқаша»

— дейді де, «Демек, Қазақстанда да солай болуы керек!» деп кесіп айтады. Бірақ экономика — көршінің үй тапсырмасын көшіре салатын мектеп емес қой. Әр елдің өз инфляциясы, бюджеті, импорт көлемі, сыртқы қарызы, тіпті халқының доллар сатып алу әдеті мен төл ақшасына деген сенімі әртүрлі. Сондықтан бірдей көрсеткіш әр елде әртүрлі нәтиже беруі мүмкін.

Мұнайға қатысты да жағдай солай. «Мұнай қымбаттады, демек теңге міндетті түрде өсуі керек» дейді. Егер бәрі осылай оңай болса, экономист деген мамандық баяғыда-ақ жойылып кетер еді.

Бағам (курс) үшін жалғыз мұнай бағасының қымбаттауы аздық етеді. Елге нақты қанша доллар кіргені, импортқа, дивиденд төлеуге, сыртқы қарызды жабуға қанша доллар сыртқа кетіп жатқаны маңызды. Иә, қымбат мұнай — теңгеге үлкен демеу. Бірақ оның әрі қарай тоқтаусыз нығая беретініне кепіл бола алмайды.

Міне, маусым айының алғашқы күндерінде біз осы көріністі анық байқадық.

Валюта бағамының құбылуына тек бір ғана кінәліні іздеу — күн райын тек ауа температурасымен түсіндіруге тырысқанмен тең. Теңге бағамы — ставка, инфляция, мұнай, салық кезеңі, инвесторлар, экспорт пен импорт сияқты ондаған фактордың ортақ қосындысынан құралады. Олар кейде теңгеге бір уақытта көмектессе, кейде бірігіп қарсы тұрып алады.

Сондықтан біз үшін ең бастысы — күшті немесе әлсіз теңге емес, бәрінен де маңыздысы — ертеңі белгілі тұрақтылық, төмен инфляция және елдің экономикалық саясатына деген сенім.

Халықтың қаржылық сауат деңгейі мен қазақ тіліндегі контенттің шынайы бейнесі

Ұлттық банк ауқымды зерттеу жүргізген екен. Ғылыми еңбектің авторлары қаржы саласындағы ашықтық пен коммуникацияның сапасына мән берген. Кез келген зерттеуде есеп-қисап көп болатыны түсінікті ғой, ал біз соның ішінен өз бағытымызға тікелей әсер ететін әрі ойлантуға тиіс бірнеше маңызды дерегін бөліп алдық.

Ұлттық банк несие бере ме?

Зерттеу аясында сауалнамаға тартылған халықтың 64%-ті Ұлттық банкті «екінші деңгейлі банк» деп ойлайды екен. Неге? Себебі осылай жауап берген респонденттер еліміздің Бас банкі халыққа тікелей несие береді деп есептейтінін жасырмаған.

Біз бұған дейін де бұл туралы көп жазғанбыз. Әсіресе, алаяқтыққа қатысты Орталық банк таратқан ресми релиздерде Ұлттық банктің жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтіні тұрақты айтылды.

Демек, Орталық банк азаматтарға несие үлестіретін немесе депозит жинайтын қаржы ұйымы емес. Ол — елдің ақша-кредит саясатын жүргізетін, инфляцияны реттейтін және бүкіл қаржы жүйесін бақылайтын бас институт.

«Ұлттық банк халыққа тікелей несие береді» деп айтылған парадокс еліміздегі қаржылық сауат деңгейінің қандай екенін көрсетеді. Оны тіпті респонденттердің өзі де жасырмайды.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 53,9%-ті қаржы тақырыбын түсінуге халықтың сауаты жетпейтінін ашық айтқан. Ал 59%-ті экономикаға қатысты ақпаратты қарапайым әрі түсінікті форматта көбірек жеткізу керек деп талап қойған.

Енді жақсы жаңалығына келсек, нарықтағы ең үлкен трендті айтуға болады. Сауалнамаларға қазақ тілінде жауап беру үлесі соңғы жылдары шамамен 33%-ке өскен. Сарапшылар бұны жай ғана статистика емес, мемлекеттік тілдің қоғамдық және экономикалық коммуникациядағы рөлі күшейгенін көрсететін үлкен институционалдық өзгеріс деп бағалап отыр.

Яғни, қазақ тілінде сапалы, терең әрі кәсіби деңгейде дайындалған қаржымен байланысты контентке сұраныс күннен-күнге өсіп келеді. Демек, біздің бұл бағытта атқарып келе жатқан жұмысымыз — уақыт талабы болып тұр.

Ұлттық банк ашық па?

Зерттеу Орталық банктің де халыққа қарай қадам басып келе жатқанын аңғартады:

Ұлттық банктің базалық ставка бойынша түсіндірмелерін «ашық әрі теңгерімді» деп бағалағандардың үлесі 46,9%-дан 56,8%-ға өскен.

Бас банктің ресми сайты негізгі ақпарат көзі ретінде айтарлықтай күшейген. Оны пайдаланатын аудитория үлесі 44,2%-дан 76,8%-ға дейін көбейіпті.

Зерттеу авторларының негізгі 3 түйіні:

  1. Қаржы институттары тек ақпарат беріп қана қоймай, күрделі экономикалық шешімдердің мәнін халыққа қарапайым тілде түсіндіруге көңіл бөлуі керек.
  1. Қазақ тіліндегі қаржылық контентке сұраныс тұрақты өсіп келеді, сондықтан мемлекеттік тілдегі сапалы ақпарат көлемін көбейту керек.
  1. Қаржылық сауаттылық пен экономикалық саясатты түсіну деңгейін арттыру — мемлекет пен БАҚ үшін әлі де негізгі міндет болып қала береді.

Біз өз ойымызды түйіндесек: Ұлттық банктің бұл зерттеуінен халықтың экономиканы түсінгісі келетінін ұғуға болады. Бірақ оған әлі де мемлекеттік тілдегі қарапайым әрі сауатты ақпарат жетіспейді.

Ескерту: Мақалада қолданылған графикалар ЖИ-мен жасалған

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

Басқа материалдар

Back to top button