Ақша қашан және қалай пайда болды?
Қаржылық сауат деген ұғым – ақшаны қалай басқарумен шектелмес. Ақшаны бәріміз де жақсы көреміз. Онсыз күніміз қараң. Өмір сүре алмаймыз, жүре алмаймыз. Осындай ауадай қажет дүниенің қалай және қайдан пайда болғанын білмесек – өзімізге сын. Тіпті күндердің күнінде үйдегі баламыз да сұрап қалуы мүмкін ғой. Сонда не дейміз? Сол кезде ұятқа қалмас үшін сәл-пәл адамзат тарихына ликбез жасай отырып, сауатымызды «түгендей» отырайық.
Ақша қалай пайда болды?
Жер бетінде тіршілік еткен алғашқы қауымды қалай елестетеміз? Иә, көз алдымызға тайпалық өмір келеді. Топ-топ болып өмір кешкені анық. Ол дәуірде топтасқан – қауіпсіздік үшін де жақсы еді. Жыртқыштардан қорғанады. Аң-құсын бірге аулап жейді дегендей.
Күндердің күнінде (адамзаттың даму кезеңінде) сондай бір қауым арасында «менің меншігім» деген түсінік пайда болады. Міне, сол сәттен бастап оның қолындағы затты тартып алып, басқаға оңайлықпен бере алмайсың. Оны алу үшін орнына бірдеңе ұсынуың керек.
Тағы бір жағдайды мысал етуге болады. Мәселен, тауда өмір сүрген кейбір тайпалар жүн алу үшін қой өсірді делік. Ал, тау етегінде, су жағасында өмір сүрген басқа қауым балық аулаумен айналысты дейік. Екі қауым арасында «зат алмасу» процесі болмайды емес болады ғой? Олардың бірі дәмді балығын ұсынса, екінші жақ жылы жүнін берді дегендей.
Міне, осындай мысалдар арқылы ақшаның базалық принципін түсінуге болады. Ол: «сен – маған, мен – саған» деген принцип. Яғни, бұрын біздің бүгінгі «бартер» түсінігіміз солай қалыптасқаны анық. Ежелде адамдар не алмасуы мүмкін? Әрине, мал, ет, астық және басқа да тұрмысқа керек жарақтар.
Бірақ «алыс-беріс» процесін үнемі қолдағы табиғи заттармен жүргізу қиындық туғызатыны түсінікті. Сол кезде бәріне ортақ номиналы әрі белгілі бір құны бар ақшалар өмірге келе бастайды. Адамзат тарихында ең алғашқы ақшалар біздің эрамызға дейінгі 7-ғасырларда пайда болды деп жазылады. Сол уақытта металдан монеталар соға бастаған.
Олардың сол дәуірдегі адамдар үшін артықшылығы – мысалы, малға, етке, басқа да көлемді заттарға қарағанда жеңілдігінде, шағын болуында және ыңғайлығында еді. Енді ол монеталар басқа қауымдарда мойындалуы үшін өзіндік құны болуы керек қой. Сол кезде адамдар оны алтын, күміс секілді құнды металдардан әзірлеген.
Қағаз ақшалар қайда пайда болды?
Тарихи деректер Қытайда дейді. Ол енді беріректе, біздің эрамыздағы Х ғасырда болған жаңалық екен. Қағаз банкноталар ол кезде акция немесе ваучер түрінде қолданылған деседі. Сол арқылы жергілікті жұрт оларды монеталарға айналдырып отырған.
Иә, мыңдаған жылдар бойы адамзат қырғи-қабақ соғысты бастан өткерген ғой. Талай өркениет қирап, күл-талқаны шықты. Соның бәрі – осы байлыққа иелік ету үшін еді. Осы бір кішкентай ғана мыс, күміс, алтын тиындар жер бетінде түрлі алапат соғыстардың тұтануына себеп болғанын тарихтан білесіз.
Қазақ теңгесі жайлы не білеміз?
Ұлттық валютамыздың не себепті «Теңге» аталғанын былтыр Теңге күні қарсаңында жазғанбыз.
Әуелгі уақытта ұлттық валютаға «сом» атауын бермек болған ғой. Көрші мемлекет қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» сөзі қабылданады. Оның тамыры ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» күміс монеталарында жатыр.
Иә, Тәуелсіз Қазақстан Теңгесінің де осындай 30 жылдық тарихы бар. Оның бастауы қайда жатыр? Алғашқы теңгелер қалай дайындалды? Кімдер дайындады? Қайда дайындалды?
Бір оқып шығуға ниет болса, сілтемесі мынау: https://t.me/qarzhylyq_sauat/292
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы
