Инфляция
Trending

Инфляция: Неге Үкімет пен Ұлттық банктің болжамы екі түрлі?

Осы сауалға кеше «Ашық алаң» ток-шоуына қатысқан сарапшылар жауап іздепті. Нарықта болып жатқан жаңалықтарды құр жібермеуге тырысатын жақсы әдетіміз бар. Қызық пікірлерді құлақ шалды. Нарық сарапшысы, экономист Бауыржан Мұқанов екі мемлекеттік органның статистиканы қалай жүргізетінін «шайнап» бергендей түсіндірген ғой.

Бұл мәселені ток-шоуға қатысқан Сенат депутаты Амангелді Нұғманов көтерген екен. Былай деді:

— 2024 жылы көзім жетті, сол кезде өзім айтқанмын да — неге инфляцияның өсімін Үкімет басқаша, Ұлттық банк басқаша жоспарлайды? Біреуі 6-9%-тен аспайды десе, біреуі 9-12%-тен аспайды дейді. Неге екі мемлекеттік мекеме бір елде тұрып инфляцияны екі түрлі болжайды? Бұл — неге бір елдің «пұшпағын» бірге илемеске деген сөзге келтіреді…

Бұл сұрақты сенатор хабарға қатысушы Ұлттық банктің өкілі Рүстем Оразалинге бағыттап қойғысы келіп еді, екі спикердің ортасында тұрып сөз алған нарық сарапшысы Бауыржан Мұқанов мұндай сұраққа Ұлттық банк емес, біз секілді сарапшылар жауап бергені дұрыс шығар деді. Сөйтті де, ойын былай жалғады:

— Бізде Ұлттық банк пен Үкіметтің саясаты әркез сәйкес келмеген. Әсіресе, соңғы жылдары. Неге? Өйткені Үкіметтің саясаты — экономиканы барынша ақшамен толтыру. Сол саясатты әлі күнге дейін жүргізіп келе жатыр. Оларға қойылатын міндет не? Үкіметтің KPI-і бар дейік. Қарапайым тілде айтқанда, олар неге жауап береді? Халықтың қалтасында ақшаның көп болуына. Адамдардың кедейліктен шығуы деген секілді. Соған жауап береді. Ал, Ұлттық банк сол ақшаға қанша зат сатып ала аласыз дегенге жауап береді. Сондықтан, екеуі бір-біріне қайшы.

Мысалы, Үкімет «100 мың теңгеге 25 кг ет алынды» демейді, «100 мың теңге жұмсалды» деп айтады. Ал Ұлттық банк: «Олар 110 мың теңге жұмсады, былтыр 100 мың теңге тұрған 25 кг етті ала алмайды, оған шамасы жетпейді, биыл одан аз алады» деп айтады. Яғни, теңге әлсіреді дейді. Сондықтан, Үкімет пен Ұлттық банктің позициясы әрқашан бір-бірімен сәйкес келе бермейді.

Мүмкін ол дұрыс та шығар. Үкіметке тауардың қымбаттағанынан гөрі адамдардың көбірек ақша жұмсағаны маңыздырақ. «Біз ақшаны көбейтіп жатырмыз, көп беріп жатырмыз, адамдар алып жатыр» деген секілді. Олар соған жауап береді. Ал, Ұлттық банкке ақшаның сомасы емес — құны маңызды. Өйткені классикалық орталық банктердің позициясы әрқашан нарықтық көзқараста болады. Яғни екеуінің тапсырмасы екі түрлі.

Қызық диалог, иә? Әрине, («Ашық») алаңда базалық ставканың 18%-ке көтерілу себебі де сөз болды. Ұлттық банктен қатысқан спикер Рүстем Оразалин: «Бұл шешім бізге оңай болған жоқ. Тамыз бен қыркүйектегі бағалардың динамикасы біз күткеннен де жоғары кеткесін, осындай шараға барып отырмыз. Бұл бір сәтте барлығымызға ауырлау болатыны түсінікті. Бизнестің қарыз алуына, халықтың тұтынуына. Бірақ оның екінші жағы да бар — халыққа өзіне көбірек қор жинақтауға мүмкіндік береді. Тұтынуды азайта отырып, инфляцияға қысымды төмендетуге арналған бұл әдіс — классикалық, әлемдік тәжірибе» деді.

Осы жерде сарапшы Бауыржан Мұқановтың мына сөзі де ұтымды шыққан сияқты:

— Бұл жерде «экономиканы шокпен емдеу» деген тәсіл бар. Базалық ставканың 1,5 пайыздық тармаққа көбейгенін мен солай қабылдап тұрмын — «шокотерапия». «Экономиканың сапалы өсімі» деген де бар. Экономика 10-12%-ке өсті деп айта беруге болады. Бірақ сіздің сатып алатын тауарларыңыз 20-30%-ке қымбаттап кетсе, экономиканың 10%-ке өскенінің не керегі бар? Оданда экономикамыз 3-4% өссін, Еуроодақтағыдай 1-2% өссін, бірақ қымбатшылық болмасын. Сол дұрыс қой? Яғни, қарапайым тілде айтқанда, несие қымбаттай берсін, оданда тауар мен азық-түлік қымбаттамасын. Біз қазір керісінше сұраймыз: «бізге несиені азандатыңдар, азық-түлік қымбаттай берсін, несиемен ала саламыз» деп. Олай емес. Несиенің қымбаттағаны проблема болмауы керек, азық-түліктің қымбаттағаны проблема болуы керек.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Back to top button