Кеңес

Клиент сатып алған көлікті кері қайтара ала ма?

Жақында Threads-те орысша жазылған бір постқа көзім түсті. Жазбаның иесі көлік сатқан екен. Айтуынша, бәрі, әдеттегідей, екіжақты келісіммен, заң аясында өткен. Клиенті көлікті екі қайтара келіп қарап, ақыр соңында сатып алатын болыпты.

Нотариуске барады, сатып алу/сату шартын жасасады, ақшасын алады да көлікті сатып алушының атына аударып береді. Осымен екі жақтың шаруасы бітеді.

Бірақ, арада бірнеше күн өткенде сатып алушы көлікті қайтарып бермек болады. Сондағы уәжі — досы ол көліктің алыс жолға шыдамайтынын айтқан. «Көлігіңді әкеп берем, ақшамды қайтар, болмаса сотқа берем» десе керек. Автордың «енді не істеймін, кімдікі дұрыс» деп ынтығып тұрғанын жазбасынан-ақ аңғару қиын емес еді.

Әрине, интернет болғасын неше түрлі пікір жазылады. Комментарийлер арасында біреу: «клиенттікі дұрыс, көлікті қайтаруға қақы бар» десе, енді біреу: «ДКП-да (договор купли продажи) қандай сома көрсетілді, 1000 теңге болса, ол сізді сотқа берген күні сол ДКП бойынша 1000 теңгесін беріп, көлікті қайтып алыңыз» деп күлген смайлик салып кетіпті.

Жағдай күлетіндей емес десек те, екінші пікірдің жаны бардай. Сосын заңгер іздеп, осы жағдайдың ақ-қарасын білмек болдым. Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков бұл жағдайда заң — сатушының жағында деп кесіп айтты.

— Жалпы, сатып алу/сату шарты (ДКП) мерзімсіз болады. Мәмілені (сделка) реттейтін заң бар. Яғни, ҚР Азаматтық кодексінің 155-бабына сәйкес, екі жақ өзара келісімді нотариус арқылы рәсімдеп, тіркеуден өткен соң мәміле жасалды деп есептеледі және ол сол мезетте толық заңды күшіне енеді. Әрине, сатып алушы сот арқылы көлікті тапсырып, ақшасын қайтарып алуға әрекет ете алуы мүмкін, бірақ бәрібір сот оның (сатып алушының) пайдасына шешім шығармайды. 90% жағдайда іс осылай аяқталады. Егер мәміле заңды әрі тараптар келісімімен жасалған болса, Азаматтық кодекстің 406-бабы бойынша екі жақ та өз міндетін орындаған болып есептеледі, — дейді заңгер.

«1000 теңгелік шартқа» қатысты да пікірін білдім. Нұрсұлтан Орынбеков оны растап отыр.

Көпшілікке мәлім, жұрт көлік сатарда/аларда банк арқылы құжат рәсімдей береді. Сол кезде шартты түрде 1000 теңге деп көрсететіндер көп. Ол жағдайда шарт автоматты түрде сол сомамен рәсімделіп кетеді.

Егер жоғарыдағы мысалда сатып алушы істі сотқа дейін жеткізетін болса, көлік иесімен қолма-қол ақша арқылы есептескенін, мысалы, видео-айғақпен дәлелдей алмаса, сатушы сол шартқа сәйкес 1000 теңгесін төлеп, көлікті қайтарып алуға құқылы болады. Ол кезде сатып алушыға өз ақшасын қайтарып алу қиынға соғады.

Бәріміздің басымыздан өтуі мүмкін жағдай бұл. Бірде сатушы болсақ, бірде — сатып алушымыз. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Сол үшін Threads-тегі жазбадан айналып өтіп кете алмадым. Жазба иесі дау туғызған мәселесін қалай шешкенін білмедім, бірақ бәрібір «шашылған пазлды» заң түгендейтіні белгілі.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button