Қаржылық қауіпсіздік
Trending

Телефон арқылы «гипноз»: ақыл-есі сау адам алаяққа қалай алданады?

Экономист Айдархан Құсайынов өзінің авторлық телеграм-каналында қызық жағдайды баяндайды. Сол арқылы қаржыгер ел ішінде сирек айтылатын, бірақ естен шығаруға болмайтын осы бір қауіпті құбылысқа назар аударады.

Телефон арқылы да адамның гипнозға түсетіні рас болғаны ма?

Соңғы уақытта алдау-арбаудан тұратын неше түрлі схемалар шығып жатыр және олар күрделеніп барады. Технологияны да, психологияны да қатар пайдалануға көшкен әккілер қарапайым адамдарды күрделі схеманың қақпанына оңай түсіріп жатыр.

Айдархан Құсайыновтың жазбасында келтірілген оқиға — күнделікті өмірде кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай. Енді соған сүйенейік.

Ересек, ақыл-есі сау, саналы адам «наушник» киіп келе жатып бейтаныс нөмірден қоңырау қабылдайды. Әңгіме кезінде ол ақыл-есінен «адасып», бірнеше сағат бойы өз әрекетіне есеп бере алмай қалады.

Қызықты қараңыз, кейін өз-өзіне келген соң жүріп өткен ізімен камерадағы жазбалармен танысады. Сөйтсе, банкте болыпты. Әлдебіреумен телефонмен сөйлесіп жүр екен. Ар жақтағы адам не айтады — соның бәрін орындап жүр.

Қысқасы, алаяқтың барлық «командасын» бұлжытпай орындаған: тіркелген, кредит рәсімдеген, сосын алған ақшасын аударып жіберген. Сырттай қараған адамға соның бәрін өз еркімен істеп жүргендей көрінген.

Автор бұл құбылысты гипнозбен байланыстырады және оған сенеді. Оның пайымдауынша, мұндай тәсілге қарсы тұру қиын. Ақылды адамдар қалайша өз қолымен займ рәсімдеп, ақшасын (мысалы, курьерге) оп-оңай ұстатып жібереді? Міне, осы тектес оқиғалар сондай фактілерге жауап болса керек дейді экономист.

Қорғану жолы қандай?

Құсайынов қарапайым, бірақ назар аударуға тұрарлық ұсыныс айтады:

📍 Бейтаныс нөмірден келген қоңырауға тек дауыс зорайтқыш (громкая связь) арқылы жауап берген дұрыс.

«Наушникпен» немесе телефонды құлаққа тақап сөйлесу қауіпті. Құлақ түбінде тұрған дауыстан, ар жағындағы адамның қорқыту, үркітуден тұратын «үрейлі» хабарынан телефон иесі демде өз-өзін «жоғалтып» алуы мүмкін.

Бұл әдістің тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденбегенімен, сигнал мидың ішкі қабылдау жүйесіне басқаша ықпал етуі мүмкін. Бұл, әрине, болжам ғана. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ…

Бұл оқиға жеке адамның басынан өткен жағдай. Алаяқтықтың бұл түрі көп айтылмағанымен, бар екенін ескеру керек. Өйткені ақпараттық қауіпсіздік тек техникалық қорғаныспен шектелмейді, психологиялық тұрақтылық та маңызды.

Кез келген бейтаныс қоңырауға сақтықпен қарап үйренейік, достар. Мұндайда бірден шешім қабылдауға асықпау керек. Ал, эмоцияға ерік беріп қойсақ, онда өз-өзімізге есеп бере алмай қалуымыз мүмкін. Көрдіңіз ғой, алаяқтар жұрттың санасына шабуыл жасауға көшкен тәрізді. Сондықтан әрбір қоңырауға естір құлақпен ғана емес, есті оймен жауап беруге тырысайық.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button