Қарыздан құтылмай — еркіндік жоқ
Көп адамның қарыздан қажып жүргені — ащы да болса — шындық. Қарызы бар адам еркін жүріп-тұра алмайды. Істеген жұмысы да өнбейді, табысы да талан-таражға түсе береді. Күні-түні жұмыс істеп, тапқанының жартысы банкке кетіп жатса, оның несі еркіндік? Яғни, адам қарызынан құтылмай, «қаржылық құлдықтан» босай алмайды.

АҚШ-та өмір сүрген қаржыгер Дэйв Рэмси бұл жайында былай депті: «Қарыз — қазір тауып жатқан табысыңды өз болашағыңнан ұрлау». Қандай ауыр пайым, иә?!
Ол айтады: банктер «ыңғайлы төлем», «алдын ала жарнасыз», «артық төлеміз» деген сиқырлы сөздермен жұртты өзіне байлап тастайды. Әуелгі уақытта оңай көрінгенімен, кейін қарыз адамның тынысын тарылтып, еркін өмір сүруге мүмкіндігін шектейді.
Қарыздан құтылудың бірінші амалы — мойындау екен. Көп адам қарызға батқанына емес, оны мойындағысы келмей, сүрініп жатады. «Жұрттан кем болмайын» деп алған қарыздың бәрі — ертеңгі беймаза күндердің бастауы болса керек.
«Қанағат — қарын тойғызар»
Көп тапқаның емес, аз жұмсай білгенің — нағыз байлықтың белгісі. «Барға қанағат» деп үйренген адамның ғана ақшасы үнемделеді дейді. Бұл жерде қаржыгер өз табысыңа, шамаңа қарап өмір сүруге шақырып отырған секілді. Басқа біреудің өміріне қарамай, өз жағдайын ескеріп, шешім қабылдай білген адам ұтатынын айтқысы келсе керек.
Тез байығысы келетін адам көбіне қарызға да тез батып үлгереді. Себебі олардың мақсаты — нәтиже ғана, ал тәсілі дұрыс емес. Бұл тұрғыда Рэмси былай дейді: «Байлық — процесс. Оны бір күнде емес, дұрыс әдетпен ғана жинайсың.»
Бұл кісі дұрыс өмір сүргісі келетін адамға 7 түрлі қадам ұсынған ғой. Соның алғашқы үштігі мынау:
1. Қолыңда $1,000 қорың болсын (біздің жағдайда ол — кемі 500 мың теңге)
Қаржылық еркіндікке жетелейтін алғашқы қадам. Ол «форс-мажор» жағдайда адамды күтпеген шығындардан қорғауы керек. Мысалы, көлік бұзыла қалса немесе тіс дәрігеріне бару керек болса, банкке жүгінбей, өз ақшамызбен шешуге әрекет қылуымыз керек.
2. Ипотекадан басқа қарыздың бәрін өтеуге тырыс
Дэйв Рэмсидің айтпағы мынау: Қағаз алып, барлық қарызды тізіп шығу керек. Сосын, қарыздың ең кішісінен бастау керек. Бар күшті соған жұмсап, қалғанына аз-аздан төлем жасау керек. Яғни, бір қарызды жауып, екіншісіне өте беру керек.
Бұл әдіс адамға мотивация береді дейді қаржыгер. Өйткені біреуінен құтылып, келесісіне өткен сайын адамда жеңіске деген ұмтылыс пайда болады екен. Мысалы, 5 кредиті бар кісінің қарызы кеміп, бірінен соң бірі жабылатын болса, ол психологиялық тұрғыда адамға қуаныш, күш, жігер сыйлайды. Дэйв Рэмсидің түсінігінде: «қаржының 80%-ы — психология да, 20%-ы ғана — математика.»
3. 3-6 айға жетер қор жинап қой
Бұл енді нағыз «сақтық қоры» болады. Жұмыстан шығып қалған жағдайда да, біршама уақытқа отбасыны асырайтын мүмкіндік болу керек.
Дэйв Рэмсидің ойын түйсек:
Ақшаны дұрыс басқарсаң ғана ол саған қызмет етеді. Басқара алмасаң — өзің терлейсің…
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ