Жаңалық

«Антифрод-орталық» қазақстандықтардың 30 миллиондай ақшасын сақтап қалды

Антифрод деген не өзі? Бұл нендей орталық? Бұлай ойламаған адам аз шығар.

Антифрод – ағылшындардан келген сөз. Яғни, anti-fraud – «алаяқтықпен күрес» деген мағынаны береді.

Есіңізде болар, күні кеше ғана алаяқтар әл бермей, талай қазақстандық азаматтың сыртынан кредит рәсімдеп, алдап ақшасын алып, қан қақсатып еді. Таяқтың екі ұшы бар дейтіндей, өзіміз көп жағдайда жемісін көріп жүрген озық технологияның «азабын» да біраз тарттық. Заманға «лайық» жұмыс істей білген «башковитый» алаяқтар жұртты алдаудың небір қитұрқы әрекеттерін іске асырып жатыр.

Соның бірі – адам сыртынан кредит рәсімдеу немесе алдап, арбап, ақшасын алып алу. Бұнымен күреспеске болмады. Еліміздің Орталық банкі ретінде – Ұлттық банк бастап, өзге қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары қостап, осындай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу үшін «Антифрод-орталықты» дүниеге әкелді.

Орталықтың миссиясы мен аяқ алысы қалай?

Ұлттық банк Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясымен бірлесіп «Антифрод-орталықты» 22 шілде күні іске қосты. Платформаның өндірістік пайдалануға берілгенін Орталық банк кеше хабарлап үлгерді.

Антифрод-орталығы алаяқтық белгісі бар операцияларға қарсы әрекет ету үшін құрылған. Қаржы ұйымдарына алаяқтыққа тән операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операцияларға жедел әрекет етуге, оның қатысушылары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді,

– делінген ресми хабарламада.

Платформа іске қосылған сәттен бастап қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операцияларға ұқсайтын 400-ге жуық фактіні анықтап үлгерген. Оның барлығын бұғаттап, транзакцияларды дереу тоқтатып, қазақстандықтардың 30 млн теңгеге жуық ақшасын сақтап қалуға әрекет қылған. Нәтиже деп осыны айт!

Алаяқтар Антифрод-орталықтың да атын жамылып кетуі мүмкін

Иә, олардан бұны да күтуге болады. Осы жерде Сіз бен бізге өте сақ болу керек. Бұған дейін алаяқтар банк немесе түрлі күштік құрылымдардың атынан телефон шалып, жұртты небір «спецоперацияларға» тартуға тырысқан-ды. Сөйтіп халықтың ақшасын қағып келген. Олардың айласына көп адам сенді де. Енді әккілер осы Антифрод-орталықтың атынан қоңыраулатуы да ғажап емес.

Сондықтан, мына нәрсені дұрыстап есте сақтап қалыңыз. Антифрод-орталық:

– өз қызметі аясында жеке тұлғалармен өзара байланыс орнатпайды;
– тек қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен ғана жұмыс істейді.

Яғни, Антифрод-орталығы Сіз бен бізге қоңырау шалмайды. Егер орталық атынан кімде-кім сізбен байланысатын болса, онда ол – АЛАЯҚ деген сөз. Сақ боларсыз.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button