Кредит

Кредит, жалпы, кімдерге арналған? Кім алып, кім алмағаны дұрыс?

Келісесіз деп ойлаймын, тамаша-ақ сұрақ. Сәл есімізді жиып, ойланып алайықшы. Мысалы, тіс ауырса, асқазанның дәрісін алып іше бермейміз ғой? Дәрі — медициналық құрал. Дертіңе қарай қабылдайсың. Ем қонса, мақсатыңа жеткенің. Кредит те солай, ол — қаржы құралы. Алдыңа нақты мақсат қойсаң, үй алып, кәсіп ашатын болсаң, тығырықтан шығатын жолдың бірі — осы. Дұрыс пайдалана білсең — көмек, мақсатсыз алсаң — сорың. Әрине, «кредит кімге арналған?» деген сұраққа біржақты жауап беруге келмес. Бірақ, банке қандай жағдайда жүгініп, қандай жағдайда ойлану керек екенін оқырманның қаперіне бір салып қояйық деп шештік. Сонымен,

✅ Кредит алуға лайықты топ:

1. Тұрақты табысы барлар

– айлық табысы кредитті өтеуге жеткілікті адамдар

Мысалы: тұрақты жалақысы бар қызметкер, жеке кәсіпкер, зейнетақысы тұрақты азаматтар.

2. Мақсаты мен жоспары айқын адамдар

– кредитті нақты іске, белгілі бір мақсатқа алатындар

Мысалы: үйге, оқуға, бизнеске инвестиция.

3. Қаржылық сауаты жоғары адамдар

– несие пайызын, төлем кестесін, шартты толық түсінетіндер
– несие тарихын/рейтингін ұдайы бақылап, дұрыс басқаратындар

4. Кредит тарихы жақсы адамдар

– Бұрын алған қарыздарын уақытында жапқан, кешіктірмеген топ.

🚫 Кредит алуға мүмкіндігі аз, яғни, сақтану керек топ:

1. Тұрақты табысы жоқтар

– Жұмысы тұрақсыз, табысы кездейсоқ адамдар үшін кредит — қауіпті.

Бұл санаттағы азаматтар ай сайын келіп тұратын төлемді жаба алмай, қарызданып немесе несие тарихын бүлдіріп алуы мүмкін. Қай-қайсының да зардабын өзі тартады.

2. Кредитті тек тұтыну үшін алатындар

– Мысалы: демалысқа баратын/саяхаттайтын, соңғы үлгідегі смартфон алатын, той жасайтын қауым.
– уақытша қанағат үшін алынған кредит — болашақта мойынға ауыртпашылық жүктеп, қарызға батырып жіберуі мүмкін.

3. Бірнеше кредиті бар адамдар

– Несиесі көп адам алған жаңа кредит — отбасылық бюджетке салмақ түсіріп, жүктемені ауырлатады.

4. Ақшадан тарылып, қиындық көріп жүргендер

– Қазір басқа төлемдерін әрең жауып жүргендерге кредит — уақытша шешім, бірақ кейін ұзақ уақыт «сорлататын» проблема.

Қазір өмірімізді кредитсіз (сосын «рассрочкасыз») елестету қиын. Өмір салтымызға еніп кетті. Олардың қолжетімді болуына бірнеше фактор бар:

қаржы ұйымдарының жаппай цифрлануы (кредит рәсімдеуді жеңілдетті)
бөліп төлеу құралының жарнамасы (бәрімізді еліктіреді)
мардымсыз табыс (үй шығындарын жаппағандықтан, кредитке итермелейді).

Осының бәрі бір адамның басында тоғысқанда бізге кредит процентін ойлауға да мұрша бермей қояды. Тіпті қымбат кредиттен де қаймықпайтын халге жетіп қалдық. Қауіпті құбылыс. Бүгін жазғанымыздай, көп нәрсе заңмен реттеліп жатыр. Тыйыммен бірге жеңілдіктер де бар. Бірақ, сонда да кредитке «құрал» ретінде қарауды ұмытпаған жөн. Ол тегін дүние емес. Алуы оңай, беруі қиындайтын құрал. Оны алуға да кішігірім сауат, жоспар, тәртіп керек. Онсыз қиын. Әсіресе, жастардың қаперінде жүрсе екен деген тілек.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button