Инвестиция

Алтын қымбаттап жатыр…

Нарық мың құбылып тұр. АҚШ позициясынан кейін әлемде сауда шиеленісі ушыға түскенін көзі ашық адам жақсы біледі.

Не болып еді?

2 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп әлемге жаңа тариф саясатын енгіземіз деп жар салды. Сөйтіп, барлық елден келетін импортқа жоғары тариф енгізіп тастады.

Бір елдер АҚШ-пен жаңаша келіссөз жүргізіп көруге ұмтылса, енді бірі олардың өзіне қарсы шықты. Түрлі шара қабылдап. Сөйтіп, елдер арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіп, әлемдік нарықтар теңселіп кетті. Акциялар құлап, қор нарықтарынан маза қашты.

Тарихи рекорд

Нарықтағы жағдай алтынның «абыройын» асқақтатып жіберді. Негізі, алтын бағасы жыл басынан-ақ шарықтаған-ды. Қаңтар басында 2 мың 658 доллар боп белгіленген алтын унциясы бүгін — сәуірде 3 мың 300 доллардан асып түсті. Бұл расында да — тарихи рекорд.

Не әсер етті?

Әрине, бірнеше факторды атауға болады. Сол — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауы, доллар индексінің төмендеуі. Сосын әлемдегі орталық банктер алтын қорын көбейтіп, өзіне сатып ала бастады. Нарық шатқаяқтап тұрғасын инвесторлар қауіпсіз активтерге көшіп, соның ішінде алтынға жаппай бет бұра бастағаны да осы жағдайға себеп болып отыр.

Алтынға инвестиция салу керек пе?

Қазіргі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында алтын қауіпсіз актив ретінде танылып отырғаны рас. Оның үстіне, кейбір сарапшылар алтын бағасы жыл соңына дейін $3,600-ға дейін өседі деп болжайды.

Бірақ, алтынға инвестиция салмас бұрын әр инвестор өзінің қаржылық әлеуетін бағалап, алда неше түрлі тәуекелдер барын ескеріп, кез келген жағдайға дайын болуы керек.

Алтынға инвестиция салудың артықшылығы мен кемшілігі

Заттай алтынның түрі көп. Ол құйма түріндегі алтын болуы мүмкін, ол зергерлік бұйым немесе тиын түріндегі алтын болуы мүмкін.

📍Артықшылығы: Қауіпсіз әрі тәуелсіз активке жатады. Әлемде ешбір үкіметке, валютаға немесе қаржы институтына байланбаған. Алтынға сұраныс тұрақты. Әлемде түрлі дағдарыс болуы мүмкін, тіпті геосаяси тұрақсыздық кезінде де алтын — қолыңда заттай қалатын сенімді құрал. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, валюталар әлсіреп, қор нарығы құлдырап жатса да, алтын құнын сақтап тұр.

📍Кемшілігі: Тек бағаның өсуіне ғана үміт артуға тура келеді. Акция, облигация сияқты дивиденд немесе проценттік табыс әкелмейді. Алтын бағасы лезде көтеріліп, лезде түсуі мүмкін. Алтынды сақтау қиын. Оны қауіпсіз жерде ұстау үшін күзет керек, сейф керек. Тіпті, біреулер сақтандырып қоюға да барады. Бәрі қосымша шығын.

Сонымен, алтынның 1 унциясы — 3 мың 300 доллар.
1 унцияның өлшемі — 31,1 грамм. Ал, Ұлттық банктің ресми сайтында 1 грамм алтынның бүгінгі бағасы — 53 635 теңге.

Осыдан тура 1 жыл бұрын (2024 жылы 16 сәуірде) 1 грамм алтын бағасы 33 849 теңге болған. Сонда соңғы бір жылда алтын құны 20 мың теңгедей қымбаттаған.

1 000 000 теңгенің мысалы

2024 жылы сәуір айында қолымызда алтынға инвестиция салам деп шығарып қойған 1 млн теңгеміз болды делік. Енді осының есебін шығарып көрейікші.

Бастапқы инвестиция: 1 000 000 ₸

📍2024 жылы (16 сәуірде) — 1 грамм алтын бағасы: 33 849 ₸

📍2025 жылы (16 сәуірде) — 1 грамм алтын бағасы: 53 635 ₸

Былтыр осы уақытта 1 млн теңгеге 29,54 грамм алтын келер еді.

Қазіргі құнымен есептесек: 29,54г × 53 635 = 1 584 650 ₸

1 584 650 − 1 000 000 = 584 650 ₸

Түйін:
Былтыр 1 миллион теңгеге алтын сатып алған адам бүгін 584 650 теңге таза пайда көрер еді. Бұл +58,5% табыс деген сөз. Бұл жәй ғана факт.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button