Ұлттық банк неліктен валюта айырбастау пунктеріне жаңа талап енгізгелі жатыр?
Алдымен, бұл не талап дегенге келейік. Мәселен, кез келген қалада валюта айырбастайтын пунктер бар. Сол пунктер орналасқан көшелерде валюталар курсын көрсететін ақпараттық стендтер тұрады. Бәріміз көріп жүрміз.

Ұлттық банк қоғамдық орындарға шығып кеткен сол көше стендтеріне қойылатын талапты қайта қарауға шешім қабылдап отыр. Себебі жол бойына, жүргіншілер жолына, ғимараттардың қас бетіне, жол белгілерінің үстіне, көшелерге, аллеяларға «емін-еркін» шығып кеткен ала-құла стендтер қала көркіне нұқсан келтірсе, кей жағдайларда жүргізушілердің назарын аулап, жол қозғалысындағы қауіпсіздік талаптарын бұзады деген де факторлар айтылады.
Оның үстіне, бұл стендтерді көшеге шығарып орнатып қойғаны үшін айыбастау пунктері мемлекетке, бюджетке төлем жасамайды.
Осы жаңа талап соңғы күндері қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Әрине, қаулы жобасы қоғамдық талқыға түскесін кез келген азамат өз позициясын білдіруге құқылы. Тіпті кейбір пікірлерге қарасақ, «осы әдіспен Ұлттық банк валюта бағамы туралы ақпаратты жасыруға тырысып жатыр» деген де пайымдар бар.
Бірақ, нағыз экономистер мен тәуелсіз қаржы сарапшылары мұндай пікірмен келісе бермейтінін де біліп жатырмыз.
Мәселен, TENGENOMIKA телеграм-каналы: «Сабыр сақтайық, біз 2025 жылда өмір сүріп жатырмыз, цивилизацияға ұмтылайық. Әрқайсыңыздың қалтаңызда смартфон бар, ашасыз та, курспен таныса бересіз. Жаңашылдыққа үйренетін, өзгеретін кез келді ғой, көшедегі визуалды хаостан құтылғанның несі жаман? Аяққа салмақ салып, көше кезгенше, курсты экран бетінен көре салған қауіпсіз емес пе» деп пікір білдірді.
FINANCE.KZ телеграм-каналының авторы да Ұлттық банктің бастамасына оң қарайтын секілді. «Ақпараттық стендтерді көшелерден алып тастау — дұрыс шешім. Бұл өз кезегінде қоғамда теңге курсына деген фетишизацияны сейілтеді» деп позиция білдіріп үлгерді.
Цивилизация үшін деп жатыр ғой, өркениетті елдерде бұл мәселе қалай шешілген деген де сұрақ қызықтырғаны рас. Мәселен, Еуропа елдеріндегі пунктерде, тіпті, ғимарат сыртына да курс таблосын ілмейді екен.
Әрине, көше келбетіне қатысты мәселе Ұлттық банктің мандатына келмейді деген уәж де айтылуы мүмкін, бірақ, орталық банк өз құзыреті шегінде айырбастау пунктерінің қызметін реттей алады. Соның ішінде дәл осы ақпараттық стендтердің өлшемін белгілеп, айырбастау пункттерінің үй-жайларына талап қоюға құқылы. Ондай құзырет «Ұлттық Банк туралы» заңда (8-бап, 5-тармақ) анық көрсетілген.
Егер қаулы қабылданар болса, онда еліміздегі айырбастау пунктері курс таблоларын ғимарат ішінде ілуге рұқсат алады.
Қаулы жобасының толық мәтінімен «Ашық НҚА» порталында таныса аласыз. Құжат 14 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады.
P.S. Расында да, бұл сонша алаңдайтын мәселе болмауы керек. Стенд — тек ақпарат беруші құрал. Ол ақпаратты интернеттен де алуға болады. Көше таблосы теңге тағдырын шеше қоймас, курстың қалай болмағы — нарықтың еншісіндегі шаруа екенін көзі ашық адам онсыз да жақсы біледі.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ