КредитҚарыз
Trending

«Пропискада» тұрған туыс/танысымыз кредитін өтемесе, үйімізге арест қойылатыны рас па?

Бүгін осы тақырыпты қаузауға желі қолданушысы Мақсұт Таңжарықұлының жазбасы түрткі болды. Жалпы мағынасы былай:

Телефонына «полицияданбыз» деп қоңырау шалып, сот орындаушымен байланыстырады. Ол: «Пәленшеевті танисыз ба?» деп сұрайды. Жазба авторы танитынын айтады. «Сіздің үйде пропискада екен, төлемей жүрген кредиті бар. Демек, үйіңізге арест қойылады…»

Бізге бұл оқиға шынымен де «қызық» көрінді. Көп уақыт жоғалтпай, Ұлттық коллекторлар палатасының бұрынғы төрағасы, қазір ҚР Микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізоваға шықтық. «Бұл қаншалықты заңды? Үйімізде тіркеуде тұрған адамның өтелмей жатқан қарызы үшін баспанамызға арест қойылатыны рас па?» деп сұрадық.

Микроқаржы омбудсманы «сот орындаушының» бұл сөзін бірден теріске шығарды. Неге біз бұл жерде «сот орындаушы» дегенді тырнақшаға алып отырмыз? Себебі, Назгүл Естеусізованың пайымдауынша, бұл сот орындаушының құзырындағы іс емес. Соған қарағанда, оның атын жамылған коллекторлық комапнияның өкілі болуы әбден мүмкін.

«Олар, әдетте, қарызды өндіріп алу үшін борышкермен солай «қатал» сөйлесуге дейін барады. Неше түрліні айтып, қорқытып, үркітеді» дейді Микроқаржы омбудсманы.

Бұдан түйетініміз: үйімізде тіркеуде тұрған адамның өтелмей жатқан қарызы үшін ешкім баспанамызды арестке қоя алмайды.

Не болса да, жазба авторын телефонмен қорқытқан адамның бұл ісі заңбұзушылыққа жатады деген Назгүл Естеусізова мұндай жағдайда нақты дәлел керек дейді. Хабарласқан адамның әңгімесін жазып алып, қолдан келгенше аудио/видео фиксация жасап алған жөн. Сосын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға болады. Агенттік сіз тапсырған құжат бойынша тексеріс жүргізіп, заңбұзушылық орын алғанына көз жеткізсе, «мазалаушы тарапқа» айыппұл сала алады.

Негізі, борышкердің қарызы өз мүлкімен өтелетін жағдай заңда қарастырылған. Ол басқа жағдай. Оған соттың шешімі керек. Егер сот орындаушының қолында соттың үкімі болса, құжатта борышкердің қарызы өтелмегені көрсетілсе, онда қарыз иесінің берешегі өз мүлкімен қайтарылады.

Үйдің арестте тұрған-тұрмағанын тексеретін Әділет министрлігінің арнайы порталы бар. Ол — Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі деп аталады. Сол жерде ЖСН теріп, тексере аласыз.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button