Депозит

«Доллармен депозит ашқан дұрыс па?» (Жалғасы)

«Доллармен депозит ашқан дұрыс па?» деген жазбамызда теңге мен долларда салынған депозиттің бір жылдық нәтижесін цифр арқылы жеткізуге тырысамыз деген уәдеміз бар еді. Кестеге қарап отырып, екі валютаның бір жылдағы «жүрісін» аңдап көрсеңіз болады.

Кестеде 2024 жылғы 20 қаңтар мен 2025 жылғы 20 қаңтар аралығындағы есеп берілген. Әдейі өткен жылды есепке алдық. Себебі бүгінгі күннен бастап осы жылға — алға (вперед) есептей алмас едік, өйткені доллар курсы қалай құбылатынын білмейміз.

Сонымен, 10 млн теңгені мысалға алдық. Соның валюталардағы көрсеткіші оң жақ бағанда тұр.

Түйін:

Егер 1 жыл бұрын 10 млн соманы ТЕҢГЕЛЕЙ:

🔹 мерзімсіз депозитке салсақ, онда бүгін (20 қаңтар күнгі курспен) 1 млн 530 мың теңге табыс табар едік;

🔹 жинақ депозитіне салсақ, 1 млн 891 мың теңге табыс табар едік;

🔹 депозитке доллар валютасында салсақ, (биржадағы сауда-саттық жабылатын күні банктің кассасында доллар сатуды және айырбастау пунктінде доллар сатып алуды ескере отырып, теңгемен есептегенде) 1 млн 774 мың теңге табыс табар едік.

Бұл жерде пайдасы аздауы — теңгедегі мерзімсіз депозит болып тұр. Бірақ оның қолайлы тұсы — сіз депозиттегі ақшаны кез келген уақытта шешіп ала аласыз.

Дейтұрғанмен, теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша бір банктегі депозитке «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» (ҚДКБҚ) 10 млн теңгеге дейін кепілдік береді.

Яғни, сіз бір банкке 10 млн теңгеге дейінгі соманы қорықпай сала аласыз деген сөз. Егер күндердің күнінде ол банк жабылып қалса немесе тағы басқа «форс-мажор» жағдай бола қалса, мемлекет сізге ақшаңызды қайтарып бере алады.

Егер депозитке салғыңыз келетін сома одан көп болса, онда ақшаңызды 10 млн теңгеден бірнеше бөлікке бөліп, әртүрлі банкке салуға ұмтылған дұрыс. Сонда ақшаларым күйіп кетеді деп алаңдамайсыз.

Теңгедегі жинақ салымы ең тиімдісі болып тұр. Кестеге мұқият зер салсаңыз:

1 жылда теңгедегі жинақ салым бойынша табыс — 1 млн 891 мың теңге.
1 жылда доллардағы салым бойынша табыс (курсты қоса есептегенде) — 1 млн 774 мың теңге.

Сонда теңгедегі жинақ салымның табыстылығы 117 мың теңгеге артық.

Сосын бұл салымдар бойынша бір банктегі депозитке ҚДКБҚ 20 млн теңгеге дейін кепілдік береді. Ол кезде сіздің салымыңыз үстінен құралған проценттерімен бірге мемлекет қорғауында болады.

Доллар депозитіне қарасақ, салыстырмалы түрде табыстылығы аса көп емес, оның үстіне қолға алған долларды сатуыңыз керек, алдағы уақытта доллар курсы қалай болмағы тағы белгісіз. Сосын, доллар валютасында бір банкте ашылған депозит бойынша ҚДКБҚ тек теңгелей 5 млн ақшаға ғана кепілдік ұсынады.

Жалпы, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне еліміздегі барлық банк қатысады. Бұл қатарда тек ислам банктері жоқ.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button