Базалық ставкаДепозит
Trending

Доллармен депозит ашқан дұрыс па?

Оқырманымыздың бірі осындай сауал қойыпты. Сұрағы орынды. Жұрттың бәрі экономист емес, доллар курсы өсіп жатқасын дәл қазіргі жағдайда «депозитті доллармен ұстаған дұрыс шығар» деп ойлауы мүмкін ғой. Теңгедегі салымын долларға айналдырып жатқан адамдар да бар болар, кім біледі. Әрине, әр адамның еркі өзінде, «...қайдан құлақ шығарса» да. Ақша өзінікі, қай валютада сақтағысы келсе де, шешім қабылдайтын — өзі. Бірақ «өзім білемге» сала беруге тағы болмайды. Оның да экономикалық себебі мен салдары бар. Осыған байланысты дәл бүгінгі жағдайда «депозитті қай валютада сақтасам екен» деп он ойланып, мың толғанып жүрген бұқараға пайдалы болар деген үмітпен осы жазбаға дайындалып көрген ек.

Депозит несімен маңызды?

Депозит — ақшаңды еселейтін және инфляциядан қорғайтын құрал. Экономикада ақша бос жатпау керек деген түсінік бар. Біреулер жиған-терген ақшасын көрпе-жастығының астында, яғни үйінде сақтағанды құп көруі мүмкін. Бірақ, бір нәрсені анық түсіну керек — одан ақша көбеймейді. Жинап жүрген ақшаңның басын құрап жата беруі мүмкін, бірақ қорың ұлғаймайды. Қозғалыссыз ұзақ жатып қалған ақшаның құнын инфляция жейтінін де ұмытпаған дұрыс. Ал, ақша бос жатпау керек, ол бізге жұмыс істеуі керек, пайда әкелуі керек.

Әрине, депозиттің түрі көп. Банкке ақша салу/алу мерзімі де әртүрлі. Бірақ біз бүгін ол жайында емес, оның ставкасы жайында айтқымыз келіп отыр. Ставка өте маңызды. Оның мөлшері жоғары болған сайын, депозит бойынша табыс та жақсы болады. Теңгедегі салымның ставкасы қандай, шетелдік валютадағы депозиттің ставкасы қандай? Әлде барлығына ставка бірдей ме? Шетелдік валютада, мысалы, долларда депозит ұстағысы келетін адам осыны анықтап алуы керек.

Ставка қалай қалыптасады?

Банк депозиттері мен кредиттің проценттік ставкасы Ұлттық банк бекітетін базалық ставкадан шығады. Ұлттық банк базалық ставканың шегін жылына 8 рет белгілейді. Нарыққа қатысушылардың әр шешімді қалт жібермей бақылап отыратын себебі де — сол.

Егер кредит алып шаруа жүргізуді ойласаңыз немесе депозит ашып қорыңызды көбейтуді мақсат етсеңіз, сіз де базалық ставканың деңгейіне мән беруіңіз керек. Ол тек ұйымдарға, банктерге, заңды тұлғаларға керек дүние емес. Бәріміз үшін маңызды. Ұлттық банк сол базалық ставкаға қатысты шешімін жариялау арқылы нарыққа сигнал беріп отырады. Қай кезде кредит алып кәсіп жүргізген тиімді, қай кезде депозит ашқан пайдалы — осы аралықты түсініп, соған сай шешім қабылдай білу керек.

Базалық ставка жоғары болған кезде кредит қымбаттағанымен, есесіне, депозиттің пайызы жоғары болады, табыстылығы артады деген сөз. Мысалы, қазір елде базалық ставка деңгейі — 15,25%. Демек, кез келген банк депозитке бұл мөлшерден төмен сыйақы белгілемейді деген сөз. Ал оның одан әрі қаншалықты жоғары болмағы — әр банктің жеке шешімі.

Бұл жерде енді бізге валюта түрі маңызды. Себебі, бұл қос таңбалы ставка тек теңгедегі депозиттерге арналған. Егер біз курсқа қарап «ұшып тұрған» доллармен депозит сақтағымыз келсе, екінші деңгейлі банктердің ұсынатын ставкасы 1%-дан аспайтынын білуіміз керек. Тіпті кей банктерде оған да жетпейді — 0,5%, 0,75%.

Сосын, тағы бір ескеретін жайт, 2025 жылы және әрі қарай доллар курсы қалай құбылатынын ешкім білмейді. Ол осылай қарқынды бола ма, әлде бұрынғы орнына қайта келе ме — ол жағын тек нарық қана реттей алады. Дөп басып болжау қиын.

P.S. Осы елдің азаматы ретінде, әлбетте, ұлттық валютамызға бүйрегіміз бұрып тұрады. Бірақ, бұл материалмен бізде оқырманды қандай да бір валютаға депозит ашуға үгіттейік, қолқалайық деген мақсат болған жоқ. Біз тек көп адам біле бермеуі мүмкін нюансқа мән бердік, салыстырып көрдік. Айырмасын түсіну, шешім қабылдау, таңдау — өзіңізден. «Бизнесте достық жоқ» деген секілді, бәлкім, ақшаға, табысқа келгенде ұлттық құндылық (валюта) бірінші орынға шыға бермеуі мүмкін, бірақ факттің аты — факт. Біз соны ұсындық. Енді ой елегінен өткізіп, қорытып көріңіз.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button