Зейнетақы қорының «қораға кіргені» рас па?
Кеше, қаңтарда зейнетақы шоттарында қаражат көлемі азайған болатын. Оны қарапайым азаматтар да сезді. Өйткені БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасын қолданатын кез келген Қазақстан азаматы жеке кабинетіне кіріп, шоттағы ақшасы қалай «жүріп» жатқанын ұдайы бақылап отыра алады.

Соңғы айларда инвестициялық кіріс мәз емес екенін жұрт бірден сезді. Оны сосын БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері іліп әкетті. Сосын «Зейнетақы салымшылары 285 млрд теңге жоғалтты», «Қазақстандықтардың ақшасы жатқан зейнетақы қоры шығынға ұшырады», «Зейнетақы қоры қораға кірді» деген тақырыптар пайда болды. Біз де Қорда не болып жатқанын білмек болып, Ұлттық банктен ақпарат сұратқанбыз. Өз оқырманымызға мән-жайды қарапайым тілде баяндап көрейік деп шештік.
Иә, айлығымыздан ұсталатын 10% ақша Зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жатады. Ол және жай жатпайды, оның бәрі актив түрінде Ұлттық банктің басқаруымен инвестицияланады. Егер инвест-жобаларға тартылмаса, шотта құр жата берсе, салымшы, яғни сіз бен біз зейнет жасына жеткенше ақшамыз инфляциямен күйіп кетер еді. Бұл — инвестициялаудың бірінші жолы.
Екінші жолы — ақшамызды жеке инвест-компанияларға беру (барлығы 5 компания). Жинағымыздың тең жартысын өз таңдауымызға сай жеке компанияларға аудару мүмкіндігі 2023 жылы туды. Бұның бәрі Қордағы ақшамызды еселеу үшін, зейнетке шыққанда мейілінше көлемдірек зейнетақы алу үшін жасалған еді.
Хош, бүгінгі жағдайға келейік. Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк зейнетақы шоттарындағы қаражаттың төмендегенін растап отыр. Биылғы қаңтарда инвестициялық кіріс (-)285 млрд теңгені көрсеткен. Жалпы табыс деңгейінің түсуі — (-)1,25%.
Ұлттық банк инвест-табыстың төмен шығуы уақытша құбылыс дейді. Сонда кірістің аз болуына не себеп болды? Активті басқарушы орган үш факторды алға тартып отыр:
- Бұл кезеңде Қаржы министрлігі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаздарды көп шығарған. Сұраныстан ұсыныс көп болуына байланысты мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түскен.
- Теңгенің күшеюі де себеп. Қаңтарға дейін долларға позициясын беріп келген теңге күрт күшейіп, 1 АҚШ долларына шаққанда ұлттық валюта 525,11 теңгеден — 518,14 теңгеге дейін нығайып алды. Осы өзгерістің салдарынан валюталық актвитер теріс бағаммен қайта бағаланды.
- Сыртқы нарықтың құбылуы. Бұл құбылыс та нарықта валюталық портфельдің актив құнын түсіріп жіберді.
Қаңтардағы есеп осылайша теріс инвестициялық кіріс ретінде бағаланып қалады. Бірақ, ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдай тұрақтанған сайын қалпына келеді деп сендіреді Ұлттық банк.
Басқарушы органның позициясына сенсек, қысқа мерзімдегі құбылыспен басқару тиімділігіне баға беруге ерте. Өйткені зейнетақы жинақтары — ұзақмерзімді инвестицилық жобаларға лайық дүние. Яғни, инвестициялық кірістің көлеміне (оның өсу не түсуіне) объективті талдау жасау үшін 1 айды емес, кемінде 1 жылдық кезеңді қарастыру керек.
Ұлттық банк ақпан айында да осы жағдай қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені бұл айда да теңге нығайып, мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түсу тенденциясын сақтап отыр. Бұл да өз кезегінде зейнетақы активтерінің табыс әкелуіне қысым көрсетіп бағады дейді Басқарушы орган.
Әрине, біз де сіз қатарлы зейнетақы шотымыздағы ақшамызға алаңдаймыз. Онда жатқан әр тиынымыз маңызды. Бірақ нарық заңын ескере отырып, қысқамерзімді кезеңдегі құбылысқа бола популистік пікір білдіруге асыққымыз келмейді. Әйтпесе, айқайлатып тақырып қоюға біздің де біліміміз жетер еді. Оның үстіне, әзірге «қорада» қалған Қор жоқ…
Зейнетке шыққан соң қанша зейнетақы алғың келеді?
«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, оны қазірден ойлап қою керек екен. Иә, күні ертең қанша зейнетақы алғың келетіні – сенің бүгінгі шешімің мен қазіргі әрекетіңе тікелей байланысты болып шықты. БЖЗҚ-ның Астана қаласындағы филиал директоры Мұрат Шәріпов мырза келешек зейнетақымызды бүгіннен жоспарлау керек дейді.
«Өй, мемлекеттің бергенін алармыз, не өзгерер дейсің, ертең қанша пенсия алатыным – қазіргі айлық табысқа байланысты ғой» деп ойлайтын болсаңыз – ҚАТЕЛЕСЕСІЗ. Өйткені зейнетақы шотымызда жиналып жатқан жинақтарымыздың ТЕҢ ЖАРТЫСЫН біз инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға бере аламыз! Жалпы, мұндай мүмкіндік былтыр беріліп қойған. Бірақ, сезуімше, көп адам бұл іске келгенде әлі енжарлық танытып жүр. Ал, оның пайдасын түсінген жұрт жинағының жартысын қазірден жеке компанияларға тапсырып қойып жатыр.
«Соңғы 1 жылдың қорытындысы бойынша, инвестициялық компаниялардың кейбірінің табысы Ұлттық банктің басқаруынан жоғары болып тұр. Жалпы, Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын біраз жылдан бері басқарып келе жатыр. Портфель – үлкен. Мысалы, 5 жылға салып қойған құнды қағаздар болса, ол қағаз жабылғанша күтеді. Ал басқарушы компаниялар ақшаларды бүгінгі нарықтың талабымен инвестициялап жатыр. Олардың өз стратегиясы бар. Жоспарлары да заманауи. Сол себепті ол компаниялардың инвестициялық кірісі де жоғары болып тұр» дейді «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріпов.
Енді СЕНІМ туралы. Жекенің қолына ақшамызды қалай беріп қоямыз деген ой тууы мүмкін кез келген адамда. Оны да сұрадық. Сол кезде спикердің жауабы былай болды:
«Азаматтардың жекеменшік компанияға деген қорқынышы болады. Бірақ, біз нарықтық экономикаға көштік қой. Жекеменшік компаниялардың өзі кейде мемлекеттік компаниялардан да асып түсіп жатады. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Осы Агенттіктің қадағалауымен инвест-портфельді басқарушы компаниялар лицензия алады. Және ол компаниялардың нарықта қызмет еткен тәжірибесі көп. Ол да есептеледі. Егер ол компаниялар біздің зейнетақы жинағымызды басқару кезінде шығынға бататын болса, онда өздерінің жеке капиталымен жауап береді. Ондай жауапкершілік келісімшартта жазылған.»
Бұл тақырыптан не түсіндік? Спикер Мұрат Шәріповтің айтуынша, азаматтың өз зейнетақысын жастай жоспарлауы – дүниежүзілік тренд. Қазақстан да соған келе жатыр. Яғни, сіз бен біз жинақ шотымыздағы зейнетақымыздың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беріп, табысымызды арттыра аламыз деген сөз. Және оны кейінге қалдыра берудің де жөні жоқ секілді. Соны қазір қолға алып, инвестициялық басқарушы компанияның біріне ақшамызды салып қойсақ, болашақ зейнетақымызды көбейтуге мүмкіндік алады екенбіз.
Ең бастысы, әр азамат өз бетінше шешім қабылдауы керек. Егер жинағының бір бөлігін жеке компанияның біріне беруге ниет етсе, ол туралы ізденіп, оқып, салыстырып, инвест-табысын талдап, сосын барып шешім қабылдауы керек.
Иә, қызық болса айта отырайын, мен де бүгін enpf.kz сайтында жинағымның бір бөлігін басқарушы компанияға беруге өтініш жолдап қойдым. Ешқайда барудың қажеті жоқ екен. ЭЦҚ арқылы өз жеке кабинетіме кіріп, «Қызметтер» бөліміне өтіп, өзіме қатысты жеке адрестік деректерді өңдеп/түзетіп/жаңартып, компанияның бірін таңдап, оған қанша ақшамды беретінімді көрсетіп, өтінім бердім.
Енді 1 жыл жұмысын сырттай бақылам көремін. Егер ол компанияның табысы мардымсыз болса, онда басқа компанияға ауыстыруға өтініш берем, болмаса, сол, әдеттегі, Ұлттық банктің басқаруына қайтарып алам. Оған толық мүмкіндік бар.
Зейнетақы жарнасы уақытылы түспесе, еңбек өтіліңіз есептелмейді
Бұл, әсіресе, жеке секторда жұмыс істейтін азаматтар үшін өте маңызды мәселе.
Мысалы, сіз жеке шаруашылықта жұмыс істейсіз, бірақ ауызекі тілде айтсақ, «пенсионкаңыз жүрмейтін» болса, онда сол жұмыс орнында қанша жыл еңбек етсеңіз де, ол және еңбек кітапшаңызға жазылса да, зейнет жасына келгенде ол мерзімнің «құны» болмайды.
Иә, тұрақты айлығы үшін ғана азамат бір жерде 10 жыл жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ жұмыс орны (көбіне жеке шаруашылықтарда) жұмысшының ай сайынғы зейнетақы жарнасын төлемейді. Ертең ол азамат зейнеткерлік жасқа келеді, үкіметтен алатын «пенсиясын» түгендей бастайды. Сол кезде ойлауы мүмкін: қолымда еңбек кітапшам бар, жылдар бойы тыным таппай еңбек еттім, зейнетке келдім, енді алатын зейнетақым мол шығуы керек деп.
Мәселе осы жерде туындайды екен. Өйткені сіздің жұмыс берушіңіз де, өзіңіз де зейнетақы жарнасын төлеп отыруға құлық танытпадыңыз. Сол жарна төленбеген жылдардың барлығына сізге зейнетақы есептелмейді. Сонда еңбек өтіліңіз «далаға кетті» деген сөз.
Біз осы мәселе төңірегінде «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріповпен сөйлескенбіз. Сонда сала маманы Қазақстан азаматтары осы мәселеге дұрыстап ден қою керек екенін қадап айтты.
«Көптеген азаматтарымыз «қазір жұмыс істеп жүрмін, еңбек өтілім жүріп жатыр» деп ойлайды. Бірақ ол жаңсақ пікір. Өйткені 1998 жылдан бастап азаматтардың зейнет жасына шыққанда есепке алынатын өтілі – зейнетақы қорына тиісті жарналық төлемдер түскен сәтте ғана есептеледі. Сондықтан еңбек кітапшасына құр сене бермегені дұрыс. Осыған өте мұқият болу керек. «Мен соңғы 3 жылда мына жерде жұмыс істедім, міне, еңбек өтілім бар» деп еңбек кітапшасын көрсетіп жатады. Бірақ зейнетақы қорына түсуі керек міндетті жарнасы жоқ. Сол үшін зейнеткерлік жасқа келгенде ол еңбек өтілі есепке алынбайды. Сондықтан жеке шаруашылықта еңбек етіп жатқан азаматтарымыз уақытылы ай сайын зейнетақы жарналарын өтеп тұрғаны жөн.»
Цитата аяқталады. Өзіңізді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер болсаңыз да, осы жағын реттеп қойыңыз. Ай сайынғы табысыңыздан міндетті зейнетақы жарнасын төлеп отырған – өзіңіз үшін жақсы. Құр еңбекке, жарнасыз қалған жылдарға сеніп отыра бермеңіз. Қамданыңыз. Әдемі қартаюға да әдемі дайындық керек екен. Біз соны түсіндік.
ЕАЭО елдерінен зейнетақымызды қалай ала аламыз?
@QsauatBot-қа оқырманнан сауал түсті. Жобасы былай:
«Мен Ресейде жұмыс істеймін. Табысымыздан зейнетақы жарнасын ұстайды. Келешекте ол ақшаларымды Қазақстанға қалай аудара аламын? ҚР заңы осы туралы не айтады?»
Сұрақ иесінің өзі де оқып отырған болар, сөзіне ештеңе алып-қосқан жоқпыз. Ашық айтуымыз керек, сауалы өте орынды. Білесіз, шет жерде жұмыс істеп, ақша тауып жүрген отандастарымыз аз емес. Сондықтан, бұл жазбамыз көпшілікке пайдалы болады деп ойлаймыз.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасы БЖЗҚ-ға сауал жолдап, тиісті жауапқа қол жеткізіп отыр.
ЕАЭО деген – Еуразиялық Экономикалық Одақ. Осы Одаққа қатысушы бес мемлекетті еске түсірсек, олар – Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей және Қазақстан.
Сәл «лирикалық шегініс» болсын: КСРО ыдырағаннан кейін әр республика зейнетақы жүйесін өз бетінше дамыта бастады. Бірақ, әр ел өз алдына дербес мемлекет болғанымен, еңбек көші-қоны тоқтаған жоқ. Уақыт өте келе азаматтығы басқа жұмысшыға зейнетақы жарнасын есептеп, төлем жүргізу ісі өзекті мәселеге айналып шыға келді.
ЕАЭО-ны бекерден-бекер сөз етпедік. Қатысушы бес мемлекет 2019 жылы осы ұйымға мүше елдердегі жұмысшыларды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы өзара келісім жасасты.
Яғни, ешқандай алалаушылық болмау керек: Одаққа мүше мемлекеттер өзге азаматтығы бар жұмысшыға да өз азаматтарына берген зейнетақы төлемдерін тең жүргізіп отыруға міндет алады. Сондай құқық беретін ратификацияланған Келісім құжаты 2021 жылдан бастап жұмыс істеп тұр.
Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет 2021 жылдың 1 қаңтарынан кейін өз аумағындағы жұмысшыға оның еңбек өтілі үшін өз заңнамасына сай зейнетақы жарнасын төлейді.
Бірақ, ЕСКЕРЕТІН МАҢЫЗДЫ нәрсе бар. ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтін әр азамат жұмыс берушімен еңбек шартын жасасып, белгілі бір мерзімге азаматтық-құқықтық шарттарды белгілеп алғаны жөн. Егер сіз жұмысқа ресми түрде қабылданбасаңыз, онда жұмыс беруші тарап сіздің жалақыңыздан зейнетақы жарналарын ұстамайды, ол кезде еңбек өтіліңіз де есепке алынбайды деген сөз.
Ол Келісім Қазақстанда қалай жүзеге асады?
Сіз зейнет жасына толуыңыз керек. ҚР заңнамасына сай БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары төленген болуы шарт. Сол құқықтық қатынасқа сәйкес Келісім жүзеге асады. Егер ЕАЭО аумағында ресми түрде жұмыс істеген болсаңыз, Қазақстанда – БЖЗҚ-ға, ал, айталық, өзіңіз жұмыс істеген өзге төрт елдің бірінде – сол мемлекеттің зейнетақы мәселесімен айналысатын ұйымына жүгіне аласыз.
Еңбек өтілін растау үшін қандай органдарға хабарласу керек?
ЕАЭО-ға мүше мемлекет қызметкерлерінің еңбек өтілін растайтын Қазақстан Республикасындағы құзыретті органдар:
– «БЖЗҚ» АҚ;
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті) және олардың аумақтық бөлімдері.
БЖЗҚ 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін жұмыс өтіліне қатысты ақпаратты ғана ұсына алады. Өйткені міндетті зейнетақы жарналары сол мерзімнен бастап төленеді.
Ал, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетіне жүгіну қажет.
Ертең бай зейнеткер болғымыз келсе…
Қазірден бастап зейнетақы жинағымызға өз еркімізбен ақша аударып тұра алатын мүмкіндігіміз барын көп адам біле бермейді екен. Оны пікір арасында түскен сұрақтардан көріп жатырмыз. «Зейнетақы жарнасын әркім өзі аудара ала ма?», «Оның шоты бөлек бола ма, қалай ашамыз?», «Тұрақты жарна деген не?» Осылай кете береді. Соның бәрін көре отырып, үнсіз қала алмадық. БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйене отырып, @qarzhylyq_sauat телеграм-каналы мына пайдалы деректерді назарыңызға ұсынады:
Әңгіме — «Қазақстанда бір зейнеткер 1 млн теңгедей зейнетақы алады» деген ақпараттан шығып отыр. Иә, зейнет жасына жеткен кез келген адам көп «пенсия» алғысы келетіні рас. Ол бір жағынан өз қолымызда тұрған шаруа екен. Яғни, зейнеткер болғанға дейін (неше жаста болса да) кез келген адам ерікті зейнетақы жинағын аударып тұра алады. 10 мың салсаң да, 100 мың салсаң да, ай сайын артық ауысқан ақшаңды аударып отыруға болады. Оның екі жолы бар.
- Өзіңіз қолданатын банктің мобильді қосымшасы арқылы. «Төлемдер» бөліміне өтіп, «іздеу» жолағына «ерікті зейнетақы аударымдары» деп терсеңіз, автоматты түрде шығады. Сосын өзіңіздің ЖСН (ИИН) нөміріңізді тересіз де, аудара алатын ақшаңызды көрсетесіз. Сол кезде БЖЗҚ-да атыңызға автоматты түрде шот ашылады.
- Жұмыс істейтін мекемеңіз арқылы. Жұмыс берушіге өтінішпен шығып, өз айлығыңыздан автоматты түрде белгілі бір (өзіңіз атаған) соманы ерікті зейнетақы шотына аударып тұруды сұрайсыз. Сосын оның түскен-түспегенін БЖЗҚ-дағы жеке кабинетіңізде зейнетақы жинағыңыз туралы анықтамадан көріп отырасыз. Оны 24/7 режимінде қадағалап отыру оңай. Бұл тәсіл кейін ұмытып кетпеске жақсы. Айлық аларда ерікті зейнетақы жинағыңыз автоматты түрде толығып тұрады.
Ерікті зейнетақы жарналары да міндетті зейнетақы жарналары сияқты Ұлттық банкпен инвестицияланып, сіз бен бізге қосымша табыс әкеле алады. Я болмаса, инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға (олар бесеу) аударуға құқылымыз. Оны да БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасында немесе ресми сайты арқылы жеке кабинетте іске асыра аламыз. Бұл жерде жинақтарды жеке компанияларға беру-бермеу мәселесі — әркімнің өз қалауы мен таңдауына байланысты.
Жинақ иесі қайтыс болса?..
Әрине, марқұмның өз еркімен жинаған ақшасы өзге зейнетақы жинақтары секілді ұрпағына (жұбайына/балаларына) мұрагерлікке қалады. Азамат қайтыс болғаннан кейін отбасы мүшелері 6 ай ішінде нотариусқа барып, жағдайды құжатпен растап беруі керек. Нотариус сол жерде өзіне қолжетімді деректер базасына жүгініп, азаматтың зейнетақы шотында қанша қаражат жинаулы тұрғанын көре алады. Сосын оны туысына мұраға рәсімдеп береді.
Ақпарат үшін:
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында жарналардың бірнеше түрі бар. Олар:
🔹 міндетті жарна (жұмыс беруші ай сайын жұмысшысының жалақысынан 10% аударатын жарна)
🔹 міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы (зиянды және қауіпті кәсіптерде еңбек ететін жұмысшыларға жұмыс берушінің өз бюджеті есебінен /жұмысшы табысының 5%-ын/ төлейтін жарна)
🔹 жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы. Жарнаның бұл түрі 1975 жылы және одан кейін туған барлық жұмысшылар үшін (2024 жылы 1,5%-дан басталып, 2028 жылы 5%-ға дейін біртіндеп көтеріледі, ал 2025 жылы 2,5%) төленеді. Бұл жарна 2024 жылдан бастап аударылады.
🔹 ерікті зейнетақы жарнасы. Бұл бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған жарна түрі. Бұны жеке және заңды тұлғалар аудара алады. Жеке тұлғалар — өзіне немесе жақындары үшін өз табысы есебінен аудара алса, заңды тұлғалар — қызметкерлерінің пайдасына аудара алады.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ