Басқа біреуге, байқамай, ақша аударып жіберіппін. Қалай қайтарамыз?
Бұл кез келген қоғамда жиі кездесетін жағдай. Бірақ, бастан өтсе, екі аяққа салмақ салмай қоймайды. Азапқа түсуіміз әбден мүмкін. Әсіресе, алушы адамнан кері байланыс болмаса...

Мұндай қателік қандай жағдайда болады? Иә, алушының карта немесе телефон нөмірін терген кезде бір саннан қате кетуі мүмкін. Бірақ, далада жатқан ақша жоқ, кеткенді қайтару керек қой?!
Әріптестеріміз — Fingramota.kz мұндайда не істеу керек деген сұраққа жауап беруге тырысқан екен. Оны біздің де оқырман біле жүрсін деген оймен арнайы дайындап беріп отырмыз.
Бір нәрсені анық түсіну керек: қателікпен аударылған ақшаның бәрін (банктік операцияны деп ұғайық) орнына қайтару мүмкін емес. Егер ақша — алушының шотына түсіп қойса, онда қаражатты қайтару процесі қиындайды екен.
Олай болса, әр қадамымызды біліп жүрейік. Біреуге ақша аударғанда қате жібергеніңізді білсеңіз:
1-қадам. Дереу банкпен байланысу керек. Бұл жерде уақыт жоғалтпаған жақсы. Өйткені кей жағдайларда аударым өңделіп үлгермей жатады. Бұл сізге — плюс, ол кезде хабар алған банк транзакцияны тоқтата алады.
Банкпен қалай тез байланысуға болады? Мобильді қосымшадағы чатты қолдануға болады немесе банктің қолдау қызметіне шығу керек.
Ал, егер аударған ақшаңыз шотыңыздан шығып, алушының шотына түсіп қойса, онда оның шешімі басқаша болмақ.
2-қадам. Алушы адаммен байланысып көріңіз. Оның байланыс деректерін төлем тарихынан да көруге болады. Не болса да, мұндайда мобильді қосымша — сізге көмекші құрал.
Ал, ақшаны алған адам жауап бермесе не болады? Онда банктің қолдау қызметіне арыз жазып, клиентпен байланысқа шығуын сұрау керек.
3-қадам. Ақша алған адамның банкіне хабарласып көріңіз. Қате жолмен аударылып кеткен ақшаны қайтаруға өтініш жазыңыз. Сол арыз бойынша банк өз клиентімен байланысады да, алған ақшаны өз бетімен қайтаруға үндей алады.
Банкке барған кезде бейтаныс адамға қанша ақша аудардыңыз, қай күні, қай уақытта, қандай нөмірге/шотқа аудардыңыз — қолда бәріне жауап боларлық ақпарат болуға тиіс. Сонда мәселені оңай шеше аласыз.
💬 P.S. Өз тарапымыздан да алып-қосарымыз бар. Өйткені, «қателесіп ақша аударып жіберіппін» деген желеумен алаяқтар да жақсы жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек. Егер шотыңызға өзге біреуден ақша түссе, сол жерде кері қайтару тетігі болады, сол арқылы қайтаруға әрекет етіңіз. Ал, егер «жіберуші» адам басқа шот ұсынатын болса, онда қауіптену керек. Ол алаяқ болуы мүмкін. Сіздің шотыңыз арқылы қылмыстық жолмен келген ақшасын айналдырып алуды көздесе, онда сіз түбінде дроппер боп шыға келуіңіз ғажап емес. Дроппердің не екенін білмесеңіз, осыған дейін жазған мына жазбамызды бір шолып шығыңыз — https://t.me/qarzhylyq_sauat/686.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ