Қазақстан заңы криптовалютамен айналысуға рұқсат бере ме? Қандай жағдайда ол қылмыс саналады?
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» жобасы осы тақырыпты кеңінен ашу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) бірнеше сауал жолдады. Енді қолға түскен ақпаратты бірге саралап көрелік.

Жауаптан мынаны түсіндік: Қазақстан Республикасында цифрлық активтермен айналысуға тыйым салынбайды. Бірақ заңнамада сіз бен біз ескеруіміз керек бірқатар талап белгіленген.
Біздің елде жеке және заңды тұлғалар цифрлық активтермен жұмыс істегісі келсе, АХҚО алаңына келуі керек. Басқа жерде оған қатысты қызметтің бәрі — заңсыз.
Неге АХҚО? Өйткені ол жерде осы орталықтың арнайы лицензиясын алғандар қызмет көрсетеді. Оларды Цифрлық активтер биржасы дейді. Бұл биржаларға арнайы міндеттер жүктелген.
Өйткені цифрлық активтермен жұмыс кезінде, яғни, сатып алуға, иелік етуге және сол актвитермен операциялар жасауға байланысты процестерде тәуекел (риск) бар. Қазақстан заңнамасы бойынша Цифрлық активтер биржасы өз клиенттерін сол жайында хабардар етуге міндетті.
Қысқасы, АХҚО жанында Қаржылық қызмет көрсетуді реттейтін арнайы комитет бар. Оны «AFSA» деп атайды. Биржалар осының лицензиясымен жұмыс істейді. Олардың тізімі мында:
AFSA реттеуші құм жәшігіндегі (FinTech Lab) цифрлық актив биржалары
AFSA-ның толық лицензиясы бар цифрлық актив биржалары
«Басқаша айтқанда, криптовалюталарды заңды түрде сату үшін азаматтарда барлық мүмкіндік бар, бірақ оны тек АХҚО реттеушісінің лицензиясы бар криптобиржаларда ғана жасауға болады. Өзге алаңдарда сауда-саттық іс жүзінде жасалуы мүмкін, бірақ оған заңды түрде тыйым салынған және теріс салдары болуы мүмкін», – деп ескертеді АХҚО.
Цифрлық активтерді декларацияда көрсету керек пе?
Бұл сұраққа жауап іздеген кезде ҚР Азаматтық кодексіне (115-бап) сәйкес, цифрлық актив мүлік болып саналатынын ескеру керек. Ал, Салық кодексінде құн өсімінен (соның ішінде цифрлық активтерді сату кезінде) түскен пайда табыс саналады деп белгіленген. Демек, цифрлық актив бар болған жағдайда, оларды декларациялау қажет. Ал цифрлық активтерді сатып, пайда көрген кезде азамат жеке табыс салығын төлеуге міндетті.
Криптосауданы үйрену үшін АХҚО азаматтарға қандай көмек ұсына алады?
Біздің бұл сұрағымызға мынадай жауап келді: «АХҚО цифрлық активтерді сатып алу-сату жөнінде оқу өткізбейді. Алайда, лицензиясы бар платформалардың көбінің веб-сайтында цифрлық активтер мен оларға инвестиция салу тәсілдері туралы негізгі ақпарат қамтылған бөлімдер бар.»
Жалпы, бұған дейін де биржаға, соның ішінде қай формамен салық тапсыруға қатысты сұрақ көп түсетін. @qarzhylyq_sauat оны да білмек болып, Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдап қойды. Мәліметтер қолға түскен күні осы жерде жариялаймыз.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ