Инвестиция
Trending

Зейнетке шыққан соң қанша зейнетақы алғың келеді?

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, оны қазірден ойлап қою керек екен. Иә, күні ертең қанша зейнетақы алғың келетіні – сенің бүгінгі шешімің мен қазіргі әрекетіңе тікелей байланысты болып шықты. Өткенде ORDA FM радиосындағы «Қаржылық сауат» хабарына «БЖЗҚ» АҚ өкілін шақырғанбыз. Астана қаласындағы филиал директоры Мұрат Шәріпов мырза көзімізді ашып, келешек зейнетақымызды бүгіннен жоспарлау керек екенін айтып кетті.

«Өй, мемлекеттің бергенін алармыз, не өзгерер дейсің, ертең қанша пенсия алатыным – қазіргі айлық табысқа байланысты ғой» деп ойлайтын болсаңыз – ҚАТЕЛЕСЕСІЗ. Өйткені зейнетақы шотымызда жиналып жатқан жинақтарымыздың ТЕҢ ЖАРТЫСЫН біз инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға бере аламыз! Жалпы, мұндай мүмкіндік былтыр беріліп қойған. Бірақ, сезуімше, көп адам бұл іске келгенде әлі енжарлық танытып жүр. Ал, оның пайдасын түсінген жұрт жинағының жартысын қазірден жеке компанияларға тапсырып қойып жатыр.

«Соңғы 1 жылдың қорытындысы бойынша, инвестициялық компаниялардың кейбірінің табысы Ұлттық банктің басқаруынан жоғары болып тұр. Жалпы, Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын біраз жылдан бері басқарып келе жатыр. Портфель – үлкен. Мысалы, 5 жылға салып қойған құнды қағаздар болса, ол қағаз жабылғанша күтеді. Ал басқарушы компаниялар ақшаларды бүгінгі нарықтың талабымен инвестициялап жатыр. Олардың өз стратегиясы бар. Жоспарлары да заманауи. Сол себепті ол компаниялардың инвестициялық кірісі де жоғары болып тұр»

– дейді «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріпов.

Енді СЕНІМ туралы. Жекенің қолына ақшамызды қалай беріп қоямыз деген ой тууы мүмкін кез келген адамда. Оны да сұрадық. Сол кезде спикердің жауабы былай болды:

«Азаматтардың жекеменшік компанияға деген қорқынышы болады. Бірақ, біз нарықтық экономикаға көштік қой. Жекеменшік компаниялардың өзі кейде мемлекеттік компаниялардан да асып түсіп жатады. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Осы Агенттіктің қадағалауымен инвест-портфельді басқарушы компаниялар лицензия алады. Және ол компаниялардың нарықта қызмет еткен тәжірибесі көп. Ол да есептеледі. Егер ол компаниялар біздің зейнетақы жинағымызды басқару кезінде шығынға бататын болса, онда өздерінің жеке капиталымен жауап береді. Ондай жауапкершілік келісімшартта жазылған.»

Енді компаниялар туралы. Кімдер олар? Неше компания бар? Біз ол жайында бұған дейін де жазғанбыз. Ол жайында «Қазақстандықтар зейнетақы жинағын өз бетінше басқара алады» атты материалымызда оқи аласыз – https://t.me/qarzhylyq_sauat/51

Бұл тақырыптан не түсіндік? Спикер Мұрат Шәріповтің айтуынша, азаматтың өз зейнетақысын жастай жоспарлауы – дүниежүзілік тренд. Қазақстан да соған келе жатыр. Яғни, сіз бен біз жинақ шотымыздағы зейнетақымыздың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беріп, табысымызды арттыра аламыз деген сөз. Және оны кейінге қалдыра берудің де жөні жоқ секілді. Соны қазір қолға алып, инвестициялық басқарушы компанияның біріне ақшамызды салып қойсақ, болашақ зейнетақымызды көбейтуге мүмкіндік алады екенбіз.

Ең бастысы, әр азамат өз бетінше шешім қабылдауы керек. Егер жинағының бір бөлігін жеке компанияның біріне беруге ниет етсе, ол туралы ізденіп, оқып, салыстырып, инвест-табысын талдап, сосын барып шешім қабылдауы керек. Айтпақшы, жақында ғана naryk.kz порталында «Зейнетақы активтерін басқаруда биыл қай компания көшбасшы?» деген материал жарық көрді. Оған да көз салып қоюға болады.

Иә, қызық болса айта отырайын, мен де бүгін enpf.kz сайтында жинағымның бір бөлігін басқарушы компанияға беруге өтініш жолдап қойдым. Ешқайда барудың қажеті жоқ екен. ЭЦҚ арқылы өз жеке кабинетіме кіріп, «Қызметтер» бөліміне өтіп, өзіме қатысты жеке адрестік деректерді өңдеп/түзетіп/жаңартып, компанияның бірін таңдап, оған қанша ақшамды беретінімді көрсетіп, өтінім бердім.

Енді 1 жыл жұмысын сырттай бақылам көремін. Егер ол компанияның табысы мардымсыз болса, онда басқа компанияға ауыстыруға өтініш берем, болмаса, сол, әдеттегі, Ұлттық банктің басқаруына қайтарып алам. Оған толық мүмкіндік бар.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button