Қаржылық қауіпсіздік
Trending

«Антифрод орталығы» сіз бен бізді алаяқтан қалай қорғайды?

Алаяқтар заманға қалай тез бейімделеді? Алдауды қалай үйреніп, технологияның тілін қайдан меңгереді? Кімдер олар? Қалай қорғанамыз? «Антифрод орталығы» біздің құтқарушымыз ба?

Ұлттық банк шілде айында «Антифрод орталығын» іске қосты. Бұл орталықты қалай елестетуге болады? Ол ұйым ба, мекеме ме? Қайда орналасқан? Әлде компьютермен жабдықталған серверлік орталық па? Қалай жұмыс істейді? Алаяқтық әрекеттерді қалай анықтайды? Бізді қалай қорғайды? ORDA FM радиосында апта сайын тұрақты шығып тұратын «Қаржылық сауат» хабарына Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжанды шақырып, осы сұрақтарды қойғанбыз. Біліп жүретін біраз пайдалы мағлұмат алдық. Сол әңгімемізді «қағазға түсіріп», сіздің де назарға ұсына отырайық деп шештік.

– Асан Қайроллаұлы, Ұлттық банктің базасында «Антифрод орталығы» құрылғанынан хабардармыз. Бізді бұл орталықтың қалай жұмыс істейтіні қызықтырады. Бұл қайдан пайда болған орталық? «Антифрод» дегенді қалай түсінуге болады?

– «Антифрод» сөзі ағылшын тілінен келген. Тікелей аударғанда «алаяққа қарсы» дегенді білдіреді. Яғни, әлемдік қолданыста бар ұғым. Бұған дейін қаржы әлемінде антифрод – екінші деңгейлі банктердің ішінде қауіпсіздік қызметінің саласы болып есептелетін. Алаяқтыққа қарсы іс-әрекеттермен банктер өздері ішінара айналысып келді. Қазір технология дамып келе жатыр деп қуанамыз ғой, бірақ онымен бірге алаяқтық мәселелер де өршіп тұр. Өкінішке қарай, арам пиғылды адамдар жаңа технологияны тез меңгеріп, неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барып жатыр. Осының бәріне тосқауыл қойып, қаржы әлеміндегі алаяқтыққа қарсы әрекеттерге қарсы тұру үшін бірнеше ұйымды біріктіру арқылы осындай антифрод орталығы құрылды. Енді бұл орталыққа қаржы ұйымдары ғана емес, құқық қорғау органдары да, мобильді операторлар да қосылатын болды. «Антифрод орталығы» онлайн-режимде жұмыс істейді. Мысалы, алаяқтар түн ортасында біреудің ақшасын сыртынан аударып жатқан кезде банктің қауіпсіздік қызметі бұл операцияны күдікті операцияға жатқызып, «Антифрод орталығына» хабарын берсе, құқық қорғау органдары да сол мезетте әрекет жасай алады. Ол кезде операцияны бірден бұғаттауға мүмкіндік болады. Бұл енді автоматты платформа ғой, күдікті транзакция туралы сигнал тараптарға бірден түседі. 24/7 режимінде жұмыс істейтін платформаның арқасында оған тартылған ұйымдар бір  мезетте әрекет етуге мүмкіндік алады.

– Демек, «Антифрод орталығы» белгілі бір адресте орналасқан, жаңадан ашылған қандай да бір ұйым, офис емес, солай ма?

– Иә, бұл қатысушы тараптың барлығы – құқық қорғау органы, мобильді оператор және банк мамандары компьютер алдында отырады дегенді білдірмейді. Бұл – платформа. Әр банк қызметкері өз жұмыс орнында отыра береді. Құқық қорғау орган өкілдері де, байланыс операторының мамандары да өз жұмыс орнында болады. Бірақ, олар үнемі «Антифрод орталығымен» тікелей байланыс ұстайды. Мысалы, банк қызметкері «мына транзакция күдік туғызып тұр» деп хабар берсе, арғы жағында Орталықпен байланысып отырған құқық қорғау органдары, байланыс операторының мамандары ол транзакцияны жан-жақтан тексеріп, есепшоттарды бақылайды. Егер ол операцияға қатысы бар адамның деректері (банктік шоты, телефон нөмірі) бұрын тіркелген қандай да бір алаяқтық әрекетпен байланысты болса, онда автоматты түрде «Антифрод орталығының» базасында сақталып қалады. Сол кезде тараптар ол есепшот алаяққа тиесілі деп бірден танып отырады.

– «Антифрод орталығы» қандай да бір транзакцияның күдікті операция екенін қалай тануы мүмкін?

– Мысалы, бір зейнеткерді алайық. Банктік есепшоты бар, карточкасы бар.  Оған ай сайын зейнетақысы түсіп тұрады. 100 мың теңге дейік. Сол ақшасынан 30-40 мың теңгені зейнеткер ай сайын тамағына жұмсайды. 10 мың теңгесін депозитіне аударып отырады. 20 мың теңгесін коммуналдық төлемдерге аударады. Қалған ақшасын анда-мұнда жаратып отырады. Осы есепшот арқылы ақшаның бір айдағы айналымы 100 мың теңге көлемінде екенін банк те көріп тұрады. Енді қараңыз, сол есепшоттан бір мезетте бәленбай миллион ақша кредит рәсімделіп, ол басқа бір шотқа аударылып жатса, әрине, бұл күдік туғызады. Неліктен жылдар бойы шоттағы «қозғалыс» қалыпты болды да, ондағы ақша айналымы бір мезетте артып, «тып-тыныш» жүрген зейнеткер белсенді болып кетті? Күдікті күшейтетін жағдай. Міне, осы мәселелер толық анықталғанша, құзырлы органдар бұл операцияны уақытша болса да бұғаттап қояды. Сол кезде есепшотқа түскен ақшаны ешкім шешіп ала алмайды.

– Платформа арқылы банктік аударымдар бақыланып отыратынын түсініп отырмыз. «Антифрод орталығына» бір емес, бірнеше ұйым тартылған. Демек, біздің деректер бәріне ортақ деген сөз ғой? Азаматтардың деректері таралып кетпеуден қаншалықты қорғалған деген заңды сұрақ туындайды. «Утечка» болмай ма?

– Әрине, қорғалған. «Банктік құпия» деген заңнамада көрсетілген. Аударымдардың бәрі құпия боп қала береді. Егер бір аударымыңыз алаяқтың шотына түсетін болса, сіз аударған шот «Антифрод орталығының» базасында сақталады. Ал, егер асығыстықпен аударып қойсаңыз, алаяқ емес екені дәлелденсе, ол шот базадан алынып тасталады. Тек заңға қайшы операциялар ғана осы орталықтың базасына енгізіледі. Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну керек, «Антифрод орталығы» алаяқтықта қарсы күресте олардың заңсыз әрекеттерін түгел жоятын платформа емес. Бірақ алаяқтардың жағдайын мейлінше күрделендіріп жіберуге жақсы ықпалын тигізеді деп ойлаймын. «Антифрод орталығына» неліктен байланыс операторларын қосып отырмыз? Себебі қазір алаяқтық мақсатта телефон арқылы қоңырау шалу көп. Осы жерде қазақстандықтардың да азаматтық позициясы үлкен рөл ойнайды. Олар алаяқтар тарапынан өзіне түскен қоңырауды, нөмірді өзінің мобильді орталығына хабарлап айтуы керек. Сол нөмір «Антифрод орталығының» базасына енгізіледі. Егер сол нөмірге қатысы бар алаяқ қандай да бір әрекетке қайта көшетін болса, құқық қорғау органы болсын, банк болсын, оның барлық «қозғалысын» 24/7 режимде онлайн көріп отырады.

– Білуімізше, шілдеде қосылған «Антифрод орталығы» осы күнге дейін алаяқтыққа тән 1700-ден астам операцияны анықтапты. Орталыққа тартылған құзырлы органдардың жедел әрекет етуімен 50 миллион теңгеден астам қаражаттың «жүрісіне» тосқауыл қойылған. Яғни, алаяқтардың қолына өтіп кетпеген. Тәп-тәуір нәтиже сияқты. Бірақ, «бізді қорғайтын антифрод бар» деп Орталыққа сеніп, өзіміз де тым еркінсіп кетпеуіміз керек шығар?..

– Дұрыс айтасыз! Қорғана беру керек. Қорғана білу керек. Бұл – алаяқтықты түбегейлі жоюға мүмкіндік беретін платформа емес. Бірақ, әрине, мейлінше азайтуға септігін тигізері хақ. Алаяқтар технология дамыған сайын неше түрлі жаңа амалдар ойлап тауып жатады. Өмір болған соң үнемі сақ жүру керек. Алаяқтықпен қоғам болып күресуіміз керек. Кейде азаматтар 3 мың, 5 мың, 10 мың теңгесінен айрылып қалады да, «жарайды, осымен кетсін» деп қол сілтей салады. Бірақ, осындай жағдайға душар болдыңыз ба, ақша аударған есепшотын білесіз, телефон нөмірін білесіз, тіпті, мейлі, ол алаяққа алданбасаңыз да құқық қорғау органдарына арыз жазып, нөмірін көрсетуге болады. «Осы нөмірден алаяқтар хабарласты. Мен алданған жоқпын, бірақ өзгелер де сақ болсын» деп азаматтық позицияңызды танытатын болсаңыз, сіз берген алаяқтың нөмірі «Антифрод орталығының» базасына енгізіледі. Егер осы телефон нөмірінің иесі басқа қазақстандыққа, басқа бір азаматымызға хабарласатын болса, онда оның алаяқ екені бірден білгілі болады.

– «Антифрод орталығына» қалай хабарласамыз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, «Антифрод орталығы» өз алдына ашылған мекеме, ұйым емес. Яғни, өзінің қызметкерлері бар, штатпен қамтылған орталық емес. Қайталап айтамын, бұл – платформа. Онлайн платформа. Оған еліміздегі екінші деңгейлі барлық банк пен құқық қорғау органы және мобильді операторлар қосылған. Сондықтан алаяқтыққа тап болған жағдайда немесе күдігіңіз бар болса, өзіңіз қызметін тұтынатын банкке немесе полицияға хабар берсеңіз – сол жеткілікті. Яғни, сіз берген қандай да бір мәлімет банктің немесе құқық қорғау органының базасына енгізілсе, ол «Антифрод орталығының» базасында да болады деген сөз.

– Адамнан айла асқан ба, осы Орталықтың атын алаяқтың өзі де қолданып кетуі мүмкін ғой? Мысалы, қаскөйлер «біз антифрод орталығынан хабарласып отырмыз, сіздің шотыңызда осындай операция жүріп жатыр, оны тоқтату үшін былай істеңіз…» деп өз айласын асырып кетуі мүмкін ғой? Жалпы, «Антифрод орталығы» азаматтармен тікелей байланыс орната ма?

– Жақсы сұрақ. Иә, әрине, ондай да күдік бар. Ертең алаяқтар Орталықтың атын жамылып, нешетүрлі қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Бірақ, ескеретін жәйт, «Антифрод орталығы» ешкімнен қоңырау қабылдамайды, ешкімге қоңырау шалмайды. Бұл – технологиялық платформа. Егер де бейтаныс біреу хабарласып, «антифрод орталығынан хабарласып отырмын» дейтін болса, онда байланысты бірден үзген дұрыс. Бірақ, шама келсе, ол қоңырауды аяқсыз қалдырмаңыз. Керісінше, 102 нөміріне – құқық қорғау органына немесе өз банкіңіздің call-орталығына хабарласып, мән-жайды баяндап беріңіз. Сол арқылы сіз де алаяқпен күрес шараларына бір адамдай атсалыса аласыз. Сонда ғана біз тұтас ел болып, қоғам болып күш біріктіру арқылы алаяқтарға қарсы тұра аламыз.

– Асан Қайроллаұлы, әңгімеңізге, ақпаратыңызға рахмет!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Back to top button