Жаңалық
Trending

Банк картасының кесірі тимесін…

Блогер Аршат Ораз көбіміз біле бермейтін өте өзекті мәселенің бетін ашып отыр. Әдетте, қандай да бір банктің қызметін қолданғанда оның картасын қоса пайдаланатынымыз бар. Қазір технология алға кеткесін, төлем жасарда көп жағдайда мобильді қосымшаны немесе банк картасы байланған Pay мүмкіндігін қолданамыз.

Сол себепті банктік карта қолымызда жүре бермейді. Үйде жатып қалады. Ал, банктер клиентке өз картасын ұсынған күннен бастап жылдық қызмет ақысын алады. Ол уақытында төленбей, ұмыт қалатын болса, оның иесі кейін белгілі бір мерзімге дейін кредит ала алмай қалуы мүмкін.

Бір қызығы, банктер төленбей жатқан қарыз барын клиентке ескертпейді екен. Соңында жылдар бойы жиналып жатқан өтеусіз қарыз азаматты берешек етіп, несие тарихына «қара дақ» түсіреді дейді автор.

Ол өз басынан өткен жағдайды баяндай келе, білместіктен картаның қызмет ақысынан жиналған 66₸ (алпыс алты теңге) қарызды 2,5 жыл төлемей келгеніне көз жеткізгенін айтады. Сол қарыз автордың кредит тарихын бүлдіріп, енді несие, ипотека ресімдей алмай жүр екен. Енді солай 5 жыл «жіпсіз байлануға» мәжбүр. «Жаза» – қатал.

Дәл осындай жағдай жақында бір досымның да басына келіпті. Ипотека алатын кезде ғана біліпті. Енді ол да аяқталу мерзімін күтуі керек. Осылайша талай адамның өмірдегі жоспары өзгереді, түрлі кедергілерге қалады. Қарыздың осы түрін қаржыны бақылайтын мекемелер қайта қарастыруы керек. Қарыз сомасына қарай жазасы да басқаша болуы керек. Мысалы неге 1 тг мен 1 млн тг қарыздың жазасы бір? Осыған жауап іздеймін. Бәлкім @qarzhylyq_sauat жауап табуға көмектесер?

– деп жазыпты блогер.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасы, әрине, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмақ емес. Біз өз кезегімізде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдап көруге әрекет етеміз. Ресми позиция белгілі болған кезде міндетті түрде осы алаңда жариялаймыз. Автордың біздің тарапқа сенім артқанына алғыс айтамын!

Құрметті оқырман, Сіз де карталарыңызды бір түгендеп қойыңыз. Көптен қолданбай, жылдық қызмет ақысы төленбей жатқан картаңыз еске түсіп жатса, дереу қарызды жабуға әрекет қылыңыз. Болмаса, картаны жауып тынған дұрыс. Жалпы, бұл мәселеде өз банкіңіздің колл-орталығына хабарласып немесе банк бөлімшесіне бас сұғып, мән-жайды реттеп қойған абзалырақ. Кейін кредит ала алмай қалып жүрмеңіз

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Басқа материалдар

Back to top button