Қаржылық қауіпсіздік

Медиа-алаңда жұмыс істейтін тіс қаққан мамандардың өзі алаяқтардың сөзіне сеніп қалып жатыр

Жалпы, басымызға іс түспей, қай-қайсымыз да алаяқтыққа қатысты жазбаларға көп құлақ аса бермейміз. Құнттамаймыз. Әлеуметтік желілерде жазылса, мән бермейміз, оқымаймыз. Себебі алаяқтықтың дәл осы түріне қатысты талай жазылған, жаздық та.

Автордың жазбасын мысал ете отырып, осыған ұқсас жағдайда қалай әрекет ету керек екенін тағы айта кетуге ниет еттік.

Бірінші. «Телфон нөмірінің мерзімі өтті» деген сарындағы хабарлама – алаяқтықтың бір түрі. Мүлдем мән бермеу керек. Көп жағдайда көпшіліктің аңғал келетінін жақсы білетін әккілер осы әдіспен алдайды. Бүгін қайта тіркемесең, нөмір қызмет көрсетуін тоқтатады деген желеуді алға тартады. Мұндайды аяқ астынан естіген адам абдырап қалады да, алаяқ сұратқан деректің бәрін (мысалы, ЖСН, телефонға келген кодты) беріп қояды. Оны қолға түсірген алаяқтар өз пайдасына қолданады.

Түйін: Телефон нөмірінің мерзімі өтпейді. Бұл мәселеге қатысты мобильді оператор клиентін мазаламайды.

Екінші. Бұл жағдайда қалай әрекет ету керек?

Өткенде Ұлттық банк «Антифрод орталығын» іске қосқанын жазғанбыз. Бұл – үлкен цифрлы платформа. Оның жұмысына:

– екінші деңгейлі банктер;
– құқық қорғау органдары;
– мобильді операторлар қосылған.

Мысалы, осы жағдайда жазба авторы қызметін тұтынып жүрген мобильді оператордың Call-орталығына хабарласа алады. Алаяқпен сөйлескенін, жеке деректерін, тіпті телефонға келген кодты білместіктен беріп қойғанын айту керек.

«Антифрод» платформасының қатысушысы ретінде мобильді оператор ол туралы ақпаратты Орталыққа жеткізуге міндет алады. Сол кезде ғана алаяққа алданған адамның ЖСН нөмірімен немесе банктік шотында үлкен соммаға қатысты қандай да бір операция жүретін болса, «Антифрод орталығы» күдікті транзакцияның бәрін бұғаттайды. Сол арқылы жамандықтың алдын алуға болады.

Үшінші. Бұл жерде ең бастысы кез келген адам алаяққа алданғанын дер кезінде түсініп, құзырлы органдарға (Платформаға қатысушыларға) дереу хабарласқаны дұрыс. Ерте қолға алған істің берекесі болары хақ. Ал, арада көп уақыт өтіп кетсе, алаяқтар азаматтың атынан сырттай несие рәсімдесе немесе шотындағы ақшаларын өзіне (мысалы, шет мемлекетке) аударып алса, ол қаражатты қайтару оңайға соқпайды.

Сондықтан, барынша сақ жүріңіздер! Телефон арқылы хабарласқан кез келген бейтаныс адамға жеке деректерді бермеу керек екенін үйренетін уақыт кеше болып қойды…

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Back to top button