Қаржылық қауіпсіздік
Trending

Мына мобильді қосымшаларды телефонға орнатудан сақ болу керек!

HopToDesk, RustDesk, RUDesctop, AnyDesk, TeamViewer

Үйдегі әр адамға, жақыныңызға айтып қойыңыз. Бұл қолданбалардың барлығы құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.

Мысалы, сізге бейтаныс адам қоңырау шалады: «Банктік шотыңызда «біртүрлі операциялар» жүріп жатыр, оны біздің қауіпсіздік бөлімінің мамандары тоқтата алады, ол үшін мына қосымшаларды смартфоныңызға орнату қажет болады» деуі мүмкін.

Сол кезде абдырап қалған адам «банк өкіліне» сеніп, айтқанын істеп, жоғарыда көрсетілген программалардың бірін орната салуы мүмкін. Егер сол бейтаныс адамның сұрауымен программа ұсынған кодты оған беретін болса, онда қашықта отырған алаяқ ол қосымшаның көмегімен телефоныңызды еркін шарлап шығады. Оны тіпті сіз байқамай да қаласыз.

Смартфонды олар сырттан басқарып, мобильді банкингіңізге кіріп, ішінде тұрған ақшаны басқа шотқа аударып, тіпті болмаса, сіздің атыңыздан онлайн кредит рәсімдеп жіберуі мүмкін. Сол себепті бейтаныс адамның сөзін тыңдап, істе дегенін істей бермеу керек.

Мәңгі есте сақтап қалу керек ереже мынау:

Кез келген банктің қауіпсіздік қызметі, тіпті, Ұлттық банк, Ішкі істер министрлігі, Прокуратура секілді басқа да құзырлы органдар тарапынан бізге, яғни жеке тұлғаларға қоңырау шалмайды, телефон арқылы ештеңе талап етпейді.

Алаяқтан аулақ жүретін жағыз жол бар десек, ол – ЕШУАҚЫТТА ЕШКІМГЕ СЕНБЕУ.

Жеке деректеріңіз (ЖСН, банк картасының нөмірлері, жеке куәлік мәліметтері, жеке телефоныңызға келген код) – тек СІЗДІҢ ҒАНА ҚҰПИЯ МӘЛІМЕТ болып саналады.

Оны WhatsApp, Telegram, тіпті SMS арқылы ешкімге бермей үйреніңіз!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Back to top button