Базалық ставка
Trending

14.25%. Базалық ставка жыл соңына дейін өзгеріссіз қалуы мүмкін

«Ұлттық банк базалық ставканы өзгеріссіз қалдырды» деген жазбаларды түрлі ақпараттық ленталардан кезіктірген боларсыз. Мойындаңызшы, құр ақпараттың өзін ғана оқыдыңыз, талдау, түсіндіру жоқ. Нәтижесінде: базалық ставканың не екенін ұқпай қалдыңыз, не жазылғанын, не үшін жазылғанын түсінбедіңіз. Енді соны реттеп көрейік.

Біздің елде ақша-кредит саясатын жүргізетін Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық ставканы құрал етеді. Талай жаздық. Бұл ставканың деңгейі сіз бен біз алатын кредиттің де, депозиттің де пайыз «тағдырын» шешеді. Түсіну үшін айтсақ, бүгінгі базалық ставка 14.25% болып тұрғанда, нарықта одан төмен кредит пайызы болмайды деген сөз.

Осы базалық ставкаға қатысты жылына 8 мәрте шешім қабылдайтын Ұлттық банк басшылығы журналистерді жинап, бүгінгі шешімге не түрткі болғанын түсіндіріп берді.

Инфляция. Шілде айында жылдық инфляцияның өскені (8.6%) бар. Демек, елде бағалар кешегіден де шарықтай түсті деген сөз. Негізі ұзақ уақыт бойы инфляцияның қарқыны бәсеңдеп келе жатқан еді. Сол үрдісті ескеріп, Ұлттық банк жыл басынан-ақ ақша-кредит шарттарын жұмсартып көрді.

Мысалы, қаңтарда базалық ставка деңгейі 15,25% болса, шілдеге дейін ол 14.25%-ға түсті. Бірақ, инфляция қайта күшіне мінгесін Орталық банк өз болжамдарын қайта қарауға мәжбүр болды. Себеп?

Елде байланыс пен әуе қызметі қымбаттаған. Жалға берілетін үйлер бағасы да өсе түскен. Осы құбылыстың бәрі шілдеде инфляцияның қарқын алуына түрткі болыпты.

Қоғамдық тамақтануда, туризм, өнер саласында қызметті тұтынушылардың шығыны көбейген. Бұның бәрі аталған салаларда инвестициялық белсенділікті күшейтіп, ішкі сұраныстың артуына ықпал етеді,

деді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Демек, бұл үрдіс жалғасатын болса, инфляциялық тәуекелдер тарқаған жоқ деген сигнал болса керек. Осы жайды баяндап, түсіндіріп берген орталық банк басшылығы ақша-кредит шарттарын ендігі жерде жұмсарту қиын, бәлкім, жыл соңына дейін де ұстап тұруымыз ғажап емес дегенге келтірді.

Өйткені Ұлттық банк елдегі инфляция деңгейін 5%-ға түсіргісі келетінін біз әуелден біліп, жазып келдік. Ол мақсатына, әлбетте, ұстамды ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы жете алары сөзсіз. Ендігісін алда көреміз. Нарық өзі сондай дүние. Ешкім ештеңені кесіп айта алмайды, тек болжай алады.

Ал, біз жағдайды одан әрі бақылай түсейік. Осы тақырыпта басқа мысалдармен танысқыңыз келсе, біздің бұған дейінгі жазбаларымызға көз салып қоюға болады:

Үкімет пен Ұлттық банк. Инфляциямен күресте қайсысының жауапкершілігі басымырақ? – https://t.me/qarzhylyq_sauat/28

Қазақстанда базалық ставка туралы шешімді кім қабылдайды? – https://t.me/qarzhylyq_sauat/107

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Back to top button