БИРЖА – БАЗАР
Қор биржасы дегеніміз не? Кімдер ол жерден пайда іздейді? Батыстың атақты «Уолл-стрит» фильмдерін сүйсіне көретін жұрт биржаға неліктен қызықпайды? Оған қандай сауат керек?
Қыж-қыж қайнап жатқан биржаның жұмысын, әдетте, шетелдік кинолардан көреміз. Сапырылысқан жұрт. Төңірек толы экран. Түрлі түсті мониторда «секіріп жатқан» сандар. У-шу. Сөйтсек, Қор биржасы да кәдімгі базар екен. Қарапайым тілде осылай түсінік беруге болады.
Қор биржасы туралы «Қаржылық сауатқа» арнайы сұхбат берген тұрақты сарапшыларымыздың бірі Бауыржан Мұқанов қарапайым халық көп жағдайда биржа алаңын математикалық есептерге негізделген, қиын терминдерден құралған экономикалық құбылыс ретінде қабылдайды. Бірақ бұл олай емес дейді. Сонда биржада не бар, ол қалай жұмыс істейді деген сұрақтарымызға сарапшы былай деп жауап берді:
Бауыржан Мұқанов, нарық сарапшысы:
Бұл – кәдімгі базар. Зат саудалайтын, қызмет саудалайтын жер. Мысалы, кез келген кәсіпкер өзінің тауарын базарға апарып сатады. Ол жерде сатып алушылар болады. Сатушылар болады. Қор биржасы да сондай. Кез келген компания өз акцияларын шығаруға ұмтылады. Акция деген не? Ең классикалық, америкалық экономикада бір адам, мысалы, гаражда отырып стартап жасайды. Сосын оны дамытып, үлкен компанияға айналдырады. Ол енді өмір бойы жұмыс істеп жүре алмайды ғой? Оның үстіне нарыққа жаңа кадрлар келеді, жаңа технологиялар дамиды. Ол енді бейнетінің зейнетін көру үшін компаниясын бөлшектеп-бөлшектеп, үлестерін сатады. Баяғыда бізде колхоз тараған кезде пай беретін еді ғой? Сол сияқты бұл да. Оның акциясын сатып алғандар – акционер болады. Мүмкін, өз үлесін өзіне қалдырар-қалдырмас, сөйтіп, белсенді жұмыстан – акционер ретінде сырттай қадағалап отыратын компанияның иесіне айналады.
Биражадағы саудагерлер біреудің акциясын алып, біреуге сатады. Сол екі ортада екіжақты келісімді реттейтін делдал болады. Оны – брокер дейді. Яғни, біз білетін кәдімгі базарда тауарлар сатылатын болса, қор биржасында компаниялардың акциясы саудаға түседі. Акциядан бөлек және облигация деген де ұғым бар. Облигация деген – қолхаттан тұратын қағаз жүзіндегі құжат. «Биржадан өзіңе керек капиталды қарызға алар кезде оны уақытында және үстіндегі пайызымен қайтаруға жазбаша кепілдік бересің. Сол қағазды облигация дейміз» деп түсіндіреді Бауыржан Мұқанов.
Бауыржан Мұқанов, нарық сарапшысы:
«Астана халықаралық қаржы орталығында» iKapitalist деген компания бар. Бұны – биржаның ішіндегі биржа деп айтуға болады. Бұл жерде шағын және орта компаниялар iKapitalist арқылы облигация сата алады. Мысалы, менің кішігірім жиһаз шығаратын цехым болса, маған 20 млн теңге керек дейік. Мен оны банктен алатын болсам, менен кепілзат сұрайды, басқа сұрайды. «Жыры» көбейеді оның. Мен iKapitalist-ке барып, өзімнің қаржылық мүмкіндіктерімді таныстырып, қарызымды өтей алатынымды дәлелдеп, облигациямды шығарсам, iKapitalist биржа алаңынан жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан облигацияға ақша жинап береді. Бұл – процесті күрделендірмей, оп-оңай жасалған нәрсе. Бәрі лицензияланған, заң аясында жұмыс істейді.
Қазақстанда екі қор биржасы бар. Біреуі – KASE, екіншісі – АІХ. Оны (АІХ-ты) салада жүргендер «Астана» биржасы деп те айтады. Алғашқысы ҚР-ның заңнамасымен жұмыс істейді. 1993 жылы ұлттық валютамыз – теңге айналымға енген жылы ол «Қазақстандағы банкаралық валюталық биржа» болып құрылды. Кейін атауы «Қазақстан қор биржасы» деп өзгерді. Қазір қор мен валюта нарығында қызмет көрсетеді. Отандық экономикада маңызды рөл ойнайды.
АІХ биржасына келсек. 2017 жылы Астана халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында Дубайдың үлгісімен құрылды. Ағылшын заңымен жұмыс істейді. «Екеуінің айырмасы неде?» деген сауал қойғанбыз нарық шолушысы Бауыржан Мұқановқа. Оның айтуынша, бар мәселе – олардың заң жүйесінде.
«Мысалы, KASE-де компаниялар өзара дауласып қалса, олар мәселені Алматыдағы аудандық экономикалық сотта шешеді. Ал, АІХ биржасындағы компаниялар дауласа қалса, ол жерде өзінің соты бар. Ол дауды ҚР Жоғарғы соты шеше алмайды. «Бір ел, екі жүйе» деген түсінік осыдан қалған», дейді сарапшы.
Бауыржан Мұқанов, нарық сарапшысы:
«Астана» биржасына Қытайдың, Ресейдің, Еуропаның, АҚШ-тың, Араб әлемінің бірнеше компаниясы келіп, тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. «Астана» биржасы болмаған кезде, KASE-ге бұлар келмес еді. Өйткені Қазақстан заңы оларға тиімсіз. Олар бұрыннан бері ағылшын заңымен жұмыс істеп үйреніп қалған. Енді президент екеуін қосамыз деген кезде кім кімді жұтады? KASE «Астананы» қосып ала ма, «Астана» KASE-ні қосып ала ма? Сол бізге үлкен сұрақ. Өйткені KASE «Астананы» қосып алса, бізде ағылшын заңымен жұмыс істейтін биржа жойылса, ол кезде жоғарыда айтқан елдердің компаниялары Қазақстаннан кетуге мәжбүр болады.
«Тіпті олар кетпесе де, ең кемінде жаңа компаниялар келмеуі мүмкін. Өйткені Қазақстанның ішкі заңымен ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Шетелдік компанияларға халықаралық нарыққа оңай шығатын ағылшын заңы ыңғайлы»
– дейді сарапшы.
Бауыржан Мұқановтың пайымдауынша, АІХ биржасы KASE-ні қосып алатын болса, проблема туындамауы мүмкін. Себебі «Астана» қаржы орталығының заңнамасы KASE-ге кедергі келтірмеуі керек.
Сарапшының айтуынша, АІХ биржасының бір ерекшелігі – ол жерде компаниялардың нарыққа шығуы да, сауда жасау да оңай. Әрі онда саудаланатын облигациялардың пайыздық көрсеткіші пайда үшін тәп-тәуір. «Ал, KASE-де бюрократия көбірек», дейді.
Бауыржан Мұқанов, нарық сарапшысы:
Облигациялардың пайызы 15%-дан басталады. 25%-ға дейін. Енді, 20 пайыз жылдық табыс. Банктер мұндай табысты теңгемен бермейді. Сондықтан, ол жерде салымшылар да көп. Кейбір кәсіпкерлер облигация сатып, қарызға ақша тартып жатыр, кейбіреулер, керісінше, ақшаларын салып, үстінен пайызын тауып, инвестор болып жатыр. Сондықтан, «Астана» биржасында осындай жетістіктер бар. Бұл, енді, KASE-де жоқ нәрселер. Ал, KASE-де бар, бірақ «Астанада» жоқ нәрселер болуы мүмкін. Сондықтан, екеуі қосылған жағдайда екеуінің де артықшылықтарын жоғалтпай, сақтау керек деп ойлаймын. Мүмкін, ағылшын заңнамасын да, KASE-нің өз заңнамасын да сақтау керек шығар.
KASE биржасында бағалы қағаздар қалай сатылады? Ол алаңда сауда-саттықпен айналысу үшін биржаның мүшесі саналатын ұйымға жүгіну керек. Олардың байланыс деректерін ресми сайттан табуға болады.
Жалпы, KASE биржадағы сауда-саттық бойынша оқыту семинарларын өткізіп тұрады екен. Ол және тегін. Онда виртуалды ақшалардың көмегімен азаматтар биржа алаңында өз күшін сынай алады. Сайтына өтіп, сондағы сұрақ-жауаптармен танысып, әкімшілігіне хат жазып, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы