Кредит алатын адам банкке қандай дайындықпен келуі керек?
Кредит – сіздің соңғы инстанцияңыз болуы керек
Жалпы, кредит беретін банк – сіздің соңғы инстанцияңыз болуы керек. Егер ақша керек болса, «5 неге» системасы бар ғой, 5 рет «не үшін?» деген сұрақ қою керек адам өзіне.
Қазір ақша керек болып тұр делік. Не үшін? Сіз ол ақшаны төлер кезде алдан шығатын проблемалар мен қазір сол ақша кететін мәселе – сол проблемаларға тұра ма?
Мысалы, жұрттан ұят болмас үшін тойға бірдеңе апару керек деген «мақсаттағы» ақша болса, ол 3-4 күнде ұмытылып кететін нәрсе. «Бірақ сіздің ол ақшаны жылдар бойы қайтаратын проблемаңыз бар, соған тұра ма?» деген сұрақ қою керек. Сол үшін кредит – сіздің соңғы инстанцияңыз болуы керек.
Кредит – адамның өмірін жақсартуы керек…
Негізі, осындай ұстаным болу керек. Адам өмірін жақсартатын не? Мысалы, ол сіздің үлкен бизнесіңіз. Иә, шынында да сіз осы бизнестің арқасында гүлденесіз, өз кәсібіңіз пайда болады, болашаққа мұра қалдыра аласыз дегендей.
Болмаса, жүргізіп отырған кәсібіңізге бір құрылғы керек, мысалы, цех бар дейік, тігін машинасы керек болуы мүмкін. Ондай кезде ақша керек болса, онда кредит алуға болады. Өйткені бұның бәрі – ізгі дүниелер.
Сіз сол арқылы, сол құрал арқылы ақша тауып, кредитті жаба аласыз. Ол сізге берілетін «қармақ». «Балық аулауға мүмкіндік беретін қармақ». Яғни, алатын кредитіңнің нысаналы мақсатына қатты назар аудару керек. Бұл – бірінші қадам.
Білімге алған кредит – ізгі кредит
Екіншісі – адамның өзіне құятын инвестициясы – БІЛІМ. Адам адамнан ешуақытта білімді тартып ала алмайды. Сенде бар білімді ешкім «тонап» кете алмайды, тартып алмайды. Білім өзіңде қалады.
Сенің білімің, алған дипломың, біліктілігің – саған жақсы жұмыс табуға, жақсы айлық алуға көмектесетін болса, ол – өзіңе салған инвестиция деген сөз. Яғни, сол білімді игеруге ақша керек болса, онда ол кредит – ізгі кредит. Одан тартынбау керек. Демек, ол саған көмектеседі. Сені жақсартады. Өсіреді.
Үшіншісі – денсаулық. Адам өмірінде ең құнды нәрсе не? Ол – денсаулық. Біздің өміріміз болмаса, бұл сөзіміздің бәрі бекер болар еді.
Адам ең құнды нәрсесі өмір екенін білгеннен кейін сол өз құндылығын сақтап қалу – ол да ізгі нәрсе. Мысалы, сізге операция жасату керек боп тұр. Оған ақшаңыз жетпей тұрса, соған кредит алсаңыз – сіз өз өміріңізді ұзарттыңыз деген сөз. Сақтап қалдыңыз. Сол үшін алынған кредитті қайтаруға болады. Ізгі.
Төртінші мәселе бар. Отбасыларға арналған. Ол енді – баспана мәселесі. Фундаменталдық нәрсе. Бала өмірге келеді. Оларға жағдай жасау керек. Тұратын жері болуы керек. Яғни, отбасының баспанасы болуы керек. Ол сіздің қорғаныңыз, қамалыңыз. Демек, ипотека да ізгі кредиттердің қатарына жатады.
Ал, қалғаны және ең қауіптісі – бір күнде жұтылып кететін, артынан ешқандай да экономикалық құндылық әкелмейтін кредиттер – өте қауіпті. Олар сізге психологиялық ауру алып келеді…
Пікір иесі – қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» жобасы аясында бізге берген сұхбатынан үзінді.
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы