Базалық ставка

Геосаясат деген не? Ол біздің өмірімізде қандай рөл ойнайды?

Бірден айтайық, геосаясаттың не екенін білу керек. Өйткені ол бәріміздің тұрмыс-тіршілігімізге әсер етпей қоймайды. Сол арқылы елдің экономикасында, қаржы нарығында не болатынын, не болуы мүмкін екенін тұспалдап, жорамалдауға болады.

Сіз бен біздің қымбатшылықты сезінуіміз, ақшаны жағдайға қарап жаратуымыз, керек жерде жұмсамай ақша жинауымыз, ертеңгі күнге қор сақтауымыз – осының бәрі бір-бірімен өте тығыз байланысты дүниелер.

Егер сіз әлемде, айналамызда, төңіректе қандай оқиғалар болып жатқанынан хабардар боп жүрсеңіз, ол – нарықта дұрыс шешім қабылдауға, болмаса елде болып жатқан жағдайды түсінуге, саралауға көмектеседі.

Айналамызда қарапайым мысал жетіп жатыр. Кешегі COVID пандемиясын ұмыта қоймаған шығарсыз. Елде демей-ақ қояйық, әлемде не болды? Импорт/экспорт тоқтап, тіпті үйімізден шыға алмай қалдық.

Мемлекеттер арасында алыс-беріс үзілді. Азық-түлік пен басқа да тұрмысқа қажет тауарларды, ауырғанда жанға шипа болар дәрі-дәрмекті сырттан көп әкелетін импортқа тәуелді елдер тығырыққа тірелді. Оның ішінде біздің Қазақстан да бар.

Экономикада «сұраныс» және «ұсыныс» деген ұғымдар бар. Түсінікті тілге салсақ, халық –ішем/жеймін/кием/тұтынам деп сұрайды. Оны – сұраныс дейді. Мемлекет – өзі өндіре алса, өнімін береді, өндірісі болмаса, сырттан тасып, халқына ұсынады. Оны – ұсыныс дейді.

Ал, өзіміз мысал еткен пандемия кезінде шекаралар жабылып, логистика тоқтап қалғанда сол сұранысты қанағаттандыру өте қиын болды. Өйткені импортқа тәуелді елдің ұсынар ештеңесі жоқ еді. Мұндайда ел ішінде сұраныс көп болады да, ұсыныс аз кезде не болады? Баға ұшады. Қымбатшылық, инфляцияның күш алу процесі осындайдан басталады.

Одан кейінгі мысал – Ресей мен Украина соғысы. Ресеймен біз әлемдегі ең ұзын шекараны бөлісіп жатырмыз. Сауда-саттықта серіктес ел. Батыстың санкциясына қалай ілікті, логистика да бұзылды. Ресей мобилизация жариялағанда, солтүстіктегі көршімізден бізге қарай үдере көшкен «ұлы» көш те белгілі бір уақытта Қазақстан нарығына әсер етті. Өйткені оның бәрі – адам, тұтынушы көз еді. Бәрінде ауыз болғасын, тамақ керек, тұратын пана керек. Тіпті, өз «квартиранттарын» себепсіз қуып шығып, ресейліктерге екі-үш есе көп ақшаға малданып қалғысы келген отандастарымызды да ұмытпаған шығарсыз. Геосаяси жағдай осылай «ойнайды», достар.

Мұндай жағдайдың бәрі ел ішінде бағаға әсер етпей қоймайды. Бағаны сұраныс пен ұсынысқа қарай нарықтың өзі жасайды, тауар жеткізуші/сатушы делдал да жасайды. Сондықтан оның бәріне мемлекет тарапынан бақылау болмаса қиын.

Қазақстанда инфляциямен күресетін – Үкімет пен Ұлттық банк. Үкімет – өндірісті күшейту керек болса, Ұлттық банк – ақша-кредит саясатына берік болуы керек. Оның басты құралы – базалық ставка. Сол ставканың мөлшерін көтеріп-түсіру арқылы нарықтағы ақша құнын реттеп отырады.

Қай-қайсысы да нарыққа, сіз бен бізге «сигнал». Ставка көтерілетін болса – ақша құны қымбаттайды, кредит пайызы өседі, ақшаны оңды-солды жұмсамай, шашпай, жинақтауға көшу керек деген белгі. Себебі ставка жоғары болғанда, керісінше, банк депозиттерінің сыйақы мөлшерлемесі де артады. Егер сіз сол уақытта қолда бар ақшаңызды саналы түрде жұмсамай, депозитке салатын болсаңыз, қаржыңыздың нарықтық құны инфляциямен күйіп кетпейді, еселене түседі деген сөз.

Ал, егер ставка төмендейтін болса, онда нарықта ақша құны арзандап, банктер ұсынатын кредиттердің пайызы да түседі, ол кезде қандай да бір табыс әкелетін іске, бизнеске немесе басқа да шаруаға кредит алып, әл-ауқатыңызды түзеп алуға болады деген «сигнал».

Бұның бәрін реттейтін, сол – «базалық ставка» дейтін Ұлттық банктің ақша-кредит саясатында қолданатын құралы. Осы базалық ставкаға қатысты Орталық банк жылына 8 мәрте шешім қабылдайды. Оның кестесі Ұлттық банктің ресми сайтында тұр. Қажет кезде көз салып, базалық ставка арқылы Орталық банктің нарыққа, біздің өмірімізге қандай «сигнал» беріп жатқанын біліп жүргеннің артықтығы жоқ. Айтпақшы, келесі шешім осы тамыздың 29-ы күні жарияланады.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» медиа-порталы

Back to top button