Мотивация

65 жасыңда бизнес-идеяң үшін ел аралап, қолдау іздер ме едің?

KFC-дің атасы — әйгілі логотиптегі ақ сақалды қарияның өмірі солай өткен деседі. Қайтпайтын қайсар мінезі болыпты. Өзі зейнет жасында. Ешкім танып білмейтін бизнесі әне-міне тоқтағалы тұр. Оның орнында біз болсақ, не істер едік? «Осы қартайған шағымда енді қалғаны — әркімге қол жайып, қолдау дәмету еді. Пшту! Бизнестің...» деп қолды бір сілтейтін болармыз.

Бұл жарықтық чемоданын асынып, кәдімгідей ел аралап кеткен ғой. Бүгінгі нәтижесін бәріміз білеміз. Қазір жер жүзінде KFC-ді білмейтін адам жоқ, жемейтін адам аз. Ал, ақсақал осыған қалай жетті? Сіз бен бізге мотивация болсын, өмір жолын «ақтарып» көрейік.

Қытырлақ тауық қайдан шықты?

Логотиптегі сақалды кісінің есім-сойы — Харланд Сандерс. Істемеген жұмысы жоқ екен. Теміржолда паровоз кочегары болып, автобус та жүргізеді, өрт сөндіруші болып, сақтандыру полисін де сатады. Фермерлікпен айналысып, жанармай құю бекетінде де жұмыс істейді. Бірақ қайда істесе де ұзаққа бармайды. Я істеп жүрген компаниясы жабылып қалады, я өзі жұмыстан кетеді.

Тауық етін қуыруға арналған рецепт әжесінен қалған деген ақпарат бар. Сол әдісті ол 40 жасында қолданып, Кентукки штатында өзінің шағын дәмханасын ашады. Клиенттері қытырлақ тауықтың өзгеше дәмін мойындай бастайды. Бірақ бизнесі шағын болады да, айтарлықтай өсе қоймайды. Жылдар өтеді. Дәмханасы орналасқан көшеде жол жөнделіп, ісі жабылып қалады. Ол кезде кейіпкеріміз 65 жаста еді…

1009 рет кері қайтқан қария

Дәмханасы қаңырап қалған кезде қалтасында не бары 105 доллар мен рецепт қана болады. Зейнетке кетуге асықпаған ақсақал тауық дәмдеуіштерін бір чемоданға салып, ел аралап кетеді. Сондағы ойы — франшиза ұсыну. Әр мейрамханаға кіріп, тауықты өзі пісіріп, дәм татқызады: «Егер мәзіріңе қоссаң, бір үлесі — менікі…»

Сенесіз бе, дәл осы ұсыныспен мыңнан (!) астам компанияның табалдырығын тоздырған. Бәрінде естіген жауабы — «жоқ». Кіріп-шыққан жерінің бәрін қойын дәптеріне тізіп жүрсе керек, 1009 компания кері қайтарыпты. 1010-шы мекеме келіседі. KFC (Kentucky Fried Chicken) тарихы сол жерде басталады.

Қазір әлемде KFC-дің 25 мыңнан аса мейрамханасы бар деседі. Табандылығының арқасында бизнес-идеясын аяққа тұрғызған ақсақалдың өзі 90 жасаған екен ғой, жарықтық…

Жұрт осындай мінезді қайдан алады? Өзімізбен салыстырамыз ғой, енді. Бизнес-идеямызға бес компаниядан қолдау таппасақ, еңсеміз түсіп, езіліп, тауымыз қайтып қалады. Ал мың түрлі мекемеге баруға ерік-жігеріміз, қауқарымыз жетер ме еді? Бару не, интернет заманында сол мың компанияға коммерциялық ұсыныс-хат жазуға да шыдамымыз жетпес еді. Ерінеміз ғой. Көрдіңіз бе, әне, «жұрттың баласы» пысық екен…

Харланд Сандерс тек идеясын іске асырып қоймай, өзінің образын да жасап кетті. Қазір ақсақалдың сүйкімді бейнесі мен бизнесі — әлемдегі ең танымал брендтің бірі.

Бұл жерде бір ғана нәрсе айқын: «жоқ» сөзі бизнеске кедергі емес, бастысы — идея. Өзгелер айта берсін, мейлі, есігін тарс жапсын, өзіңе өзің «жоқ» демесең болғаны.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Back to top button