Ипотека

Отбасы банктің клиент ақшасына процент қосатыны рас па?

Осы сұрақ көпшілікті мазалайды. Тіпті, депутаттар да банктің бұл жүйесін дұрыс түсінбей, талай рет мәселе көтерген. Егер сіз де оны дұрыс түсінбей жүрсеңіз, тарқатайық. Сол үшін банктің өзінен арнайы ақпарат сұраттым. Соны енді қарапайым тілде жеткізіп көрейін.

Мәселе былай ғой. Мысалы, біз былай түсінеміз: Үй алуға 20 млн керек делік. Қолымызда 10 млн бар. Қалған жартысын Отбасы банктен алғымыз келеді. Бірақ банк өзі берген 10 млн-ға емес, жалпы сомаға (20 млн-ға) процент есептейді. Сонда банктің бұл ісін қалай түсінуге болады?

Енді бұл банктің өз шарты бар. Үй алғысы келетін салымшы ең алдымен Отбасы банктегі шотына пәтер құнының кемінде 50%-ын жинауы керек. Жинақтау мерзімі де кемінде — 3 жыл. Бірақ клиенттің өзі қажет деп тапса, одан да ұзақ уақытқа жинай алады. Есесіне, сол арқылы алған несиесінің проценттік ставкасын «құлатады».

Сол 3 жыл ішінде 50% жинаған адам жылдық 3,5%–5% аралығында банктен несие ала алады. Егер жинау мерзімі ұзара түссе, мысалы, клиент 4 жыл бойы жоспарлап ақша жинаса, онда несиенің проценттік ставкасы 4,8%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Ал, егер үйдің жарты ақшасы қолымызда болса?

Онда, иә, 3 жыл күтпей-ақ несие алуға болады. Бірақ ол кезде банк клиентке аралық заем (промежуточный заем) ұсынады.

Мұндай жағдайда:

📍 қолдағы 50% соманы депозитке саласыз;

📍 ол ақша — банкте кепіл ретінде тұрады (несие емес!);

📍 жылдық проценттік ставка — 6%–8,5%.

Енді басты сұраққа келейік. Аралық заемның шарты былай:

Отбасы банк клиент үй аларда сатушыға үйдің толық (100%) сомасын ұсынады. Процент сол барлық сомаға есептеледі. Ал, клиенттің (50%) ақшасы депозитте қалады.

Ол бос жатпайды, есесіне, иесіне пайда әкеліп тұрады. Қалай? Банк өз атынан ол ақшаға да 2% сыйақысын береді және мемлекеттің 20% сыйлықақысы да қосылады. Сыйлықақының мөлшері — 200 АЕК (МРП)-ке дейін. Яғни, биылғы АЕК-пен ол 786 400 теңгеден аспайды.

3 жылдан кейін не болады?

Аралық заем алған күннен бастап 3 жыл өткенде депозиттегі 50% қаражат:

🔹 несиенің жартысын жабуға жұмсалады;

🔹 несие пайызы төмендейді — 3,5%–5% аралығында.

Неліктен 3 жыл міндетті?

Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен жұмыс істейді. Ол жүйенің басты талабы — салымшының ақшасы банк жүйесінде кемінде 3 жыл бойы сақталып, иесінің пайдасына жұмыс істеуі керек.

Сол шарт орындалғанда ғана иесіне жеңілдетілген несие алуға жол ашады.

Отбасы банк арқылы жер үй алуға бола ма?

Алдыңғы жазбамызда оқырманның бірі осындай сұрақ қалдырыпты. Меніңше, сауал орынды. Өйткені өзге екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдеріне қарағанда, бұл қаржы институтының проценттік ставкалары әлдеқайда төмен. Бұл ешкімге таңсық емес, күллі нарыққа белгілі жайт. Ал, көпшілік бұл банктің ипотекасы тек көп қабатты үйлерден пәтер алуға арналған деп қабылдауы мүмкін. Жоқ, олай емес. Егер банктің шарттарын орындай алатын болсаңыз және жер үй алуды көздесеңіз, пәтер алуға арналған жинақтау жүйесі бұл нұсқаға да келеді. Тек банктің үй құрылысына қоятын өз талабы бар. Енді соны біліп көрейік.

Жер үй қандай талаптарға сай болуы керек?

Отбасы банкі арқылы несиеге алынатын үй (жер үй) міндетті түрде банк белгілеген кепіл саясатына (залогқа қойылатын талапқа) сай болуға тиіс.

Үйдің өзі қай жылы салынған, қанша уақыт өткен, неден тұрғызылған — сол маңызды. Яғни, құрылыс материалы да банк талаптарына сәйкес келуі керек.

Кепілге қандай үйлер қабылданбайды?

Каркас-қамыстан салынған үйлер. Құрылыстың бұл түрі банк үшін сенімді кепіл бола алмайды. Сосын 1965 жылға дейін салынған үйлер кепілге қабылданбайды.

Кепіл ретінде қабылданатын үйлер:

📍 кірпіштен, монолиттен немесе монолит-каркастан салынған үйлер.

Бұл үйлердің қолданылу мерзімі — 60 жыл. Яғни, 1965 жылдан кейін салынған болуы шарт.

📍 үлкен бетон панельден салынған үйлер.

Бұл үйлердің қолданылу мерзімі — 50 жыл. Яғни, 1975 жылдан кейін салынған болуы шарт.

📍 саман кірпіштен, глинобиттен (топырақтан) салынған үйлер.

Бұл үйлердің қолданылу мерзімі — 25 жыл. Яғни, 2000 жылдан кейін салынған болуы шарт.

Егер жер үй алуды ойлап жүрсеңіз, осыны ескерерсіз. Бірақ, қандай жағдай болмасын, үйдің қай жылы салынғанын, қандай материалдан тұрғызылғанын және банк оны кепілге ала ма, жоқ па — оны нақтылау үшін банк менеджерімен кеңескен жөн.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Back to top button