Кеңес

Алиментке жеткізбей, ата-анаңа қамқор бол!

О баста алимент туралы түсінігіміз басқаша болатын. Оны отбасынан ажырап кеткен әке ғана төлейтіндей көрінетін. Яғни, алиментке қатысты ассоциациямыз осындай еді.

Әрине, қоғамда олар аз болса да, алимент төлейтін әйелдер де кезігеді. Өйткені, ел ішінде әкенің қолында қалып жатқан балалар жоқ емес, ондайда бөлек кеткен анаға да алимент төлеу міндеті жүктеледі.

Ал заң бойынша қараусыз қалған ата-ана да өз балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы.

@qarzhylyq_sauat телеграм-каналында жақында ғана «Алимент алған бала(лар) өскенде қарт анасын немесе әкесін бағуға міндеттеле ме?» деген материал бердік. Сонда жазғанымыздай, ресми ажырасқан кейбір аналар балалардың әкесінен алимент алудан біржола бас тартады екен.

Неге дейсіз ғой? Бүгін әкесінен алимент алып өскен бала ертеңгі күні қарттық жасқа жеткенде оны бағуға міндетті болады екен-міс. Яғни, бүгінгі кішкентай балалар ертең өскенде әкесін бағуға міндетті болмасын (бақпасын, асырамасын) деп қазірден «алдын алатын» көрінеді.

Оқып шығыңыз: https://t.me/qarzhylyq_sauat/933 

Сол жазбамызда біз ата-ана да өз баласынан алимент өндіруге құқылы екенін анықтағанбыз. Атырауда осындай жағдай болыпты. 80 жастағы қария 8 баласы мен немересінен алимент өндіріп алған. Зейнеткер 10 жыл жалғыз тұрып келіпті. Денсаулығы сыр беріп, күн көрісі нашарлағасын көмекке зәрумін деп сотқа шағым түсірген.

Сот әр баласының отбасылық, материалдық жағдайын саралап, қарияның талабын ішінара қанағаттандырған. Сөйтіп, зейнеткерге тамағы мен дәрі-дәрмегін алып отыру үшін балалары мен немересінен алимент өндіруге шешім шығарған.

Егде жастағы көп адам өз құқығын бұлай біле бермеуі мүмкін. Білсе де, өз мүддесін қорғай алмай жатады. 80-ге келсе де заң біліп, есесін жібермей, өзіне қамқор бола алмаған балаларын әділетпен «сілкіп» алғаны көңіл қуантады. Бір-екі баладан қайыр болмаса, тұрмысы келіспеген шығар деп кешіріммен қарауға болар, ал сегіз баланың алаңсыз өмір кешіп жатқаны көңілге қаяу түсіреді екен. Қалай десек те, біздің менталитетке келмейтін қылық. Олар да бала сүйіп отырған болар, дүние кезек деген, қолдан келсе, қарияның қабағына кірбің түсірмеген жақсы ғой. Ең дұрысы — алиментке жеткізбеген…

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button