Қаржылық қауіпсіздік

Алаяқтар 1414 нөмірін қалай пайдаланады?

Көп адам осыны білгісі келеді. Біз де білгіміз келіп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ресми сауал жолдағанбыз. Өйткені бұл байланыс орталығы осы корпорацияға тиесілі. Осы нөмірден келген SMS-ке «имандай» сенеміз. Бірақ, алаяқтар соны пайдаланып кетіп жатқан жағдайлар да бар. Қалай?

Біздің сұрақтарға жауап әзірлеген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жалпылай, көпшілікке мәлім ақпараттармен жауап беруге тырысқан. «…Егер сізге қоңырау шалып немесе жазып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «банктік операцияны растау», «деректерді өңдеуге рұқсат беру» немесе «несие рәсімдеудің алдын алу» сылтауымен 1414-тен келген кодты айтуды сұраса, бұл — алаяқтық белгісі…» деген сияқты.

«1414 — шетелде алаяқтармен ашылған ұқсас нөмір ме? Бұл нөмір арқылы алаяқтар қалай SMS жіберіп, код сұратып отыр?» деген сұрақтарымыздың басы ашық қалды. Я растамаған, я жоққа да шығармаған. Қайта нақтылауға тура келді. Соңында мынаны түсінген сияқтымыз:

1414 — ешқандай да «көшірме» нөмір емес. Алаяқтар да оны «басып» алмаған. Мәселе басқада екен — SMS-шлюзде.

SMS-шлюз деген — жүйе мен ұялы байланыс операторын байланыстыратын «көпір». SMS жүру процесін былай елестетуге болады: eGov → SMS-шлюз → Ұялы байланыс операторы → сіздің телефон. Осы арасын дұрыс түсініп алуымыз керек.

Алдымен, маңыздысы мынау:

❗1414 НӨМІРІНЕН КЕЛЕТІН SMS-КОД ТЕК EGOV.KZ ПОРТАЛЫНДА, EGOV MOBILE ҚОСЫМШАСЫНДА АВТОРИЗАЦИЯДАН ӨТУ ҮШІН, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУ ҮШІН ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН ҒАНА ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ.

Ал, мысалы, бізге қоңырау шалған алаяқ 1414-тен қалай код «жіберіп» тұр? Оның «сиқыры» мынада екен:

Алаяқтар электрондық үкімет жүйесінде пайдаланушының (сіз бен біздің) атынан қызмет алуға немесе авторизациядан өтуге тырысады (мысалы, ЖСН нөміріңіз немесе телефон нөміріңіз арқылы). Сол кезде жүйе (eGov) авторизациядан өткелі жатқан сіз деп ойлайды да, код жібереді. Өйткені нөміріңіз Мобильді азаматтар базасында тіркелген.

Бірақ, бұл жерде алаңдауға негіз жоқ, дейді жауап беруші тарап. Өйткені пайдаланушы SMS-кодты алаяқтарға беріп қойғанның өзінде олар порталда биометриялық сәйкестендіруден өте алмайды. Яғни, пайдаланушы жеке басын «Digital ID» ақпараттық жүйесінде бет-жүзін биометрия арқылы растауы керек.

1414 пен банктер арасында операциялық байланыс бар ма?

Бар. Банктер күнделікті жұмыс процесінде мемлекеттік жүйелермен байланыс құрады. Мысалы, eGov.kz порталы арқылы цифрлық құжаттар керек болады. Сол кезде 1414 нөмірі SMS-хабарлама жіберу үшін қолданылуы мүмкін. Онда да растау коды пайдаланушының жеке келісімімен беріледі.

Басқа жағдайда: «банктік операцияны растау», «деректерді өңдеуге рұқсат беру» немесе «несие рәсімдеудің алдын алу» сияқты сылтаумен 1414-тен келген кодты сұрату — нағыз алаяқтық іс.

❗Есіңізде болсын: 1414 нөмірінен келген SMS-код арқылы несие рәсімдеу немесе оны тоқтату — мүмкін емес. Өйткені банктердің өзінде биометриялық тексеру және SMS-хабарлама жүйесі бар.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button