Үлескер болмас бұрын нені ескеру керек?
@QSauatKZ_Bot-қа үй салушы құрылыс компаниясына қатысты оқырманнан сауал түсті. Ол кісі сұраған құрылыс компаниясының атауын атамай-ақ қояйын, бірақ ресми деректі саралай отырып, ол компанияның әкімдіктің «қара тізімінде» барын білдім. Осындай компанияларды қалай, қайдан тексеруге болады? Сол жайында мәлімет бере кетейін деп шештім.

Үлескер деген кім?
Алдымен, осыны біліп алайық. Үлескер — салынып жатқан үйден пәтер алу үшін құрылысқа алдын ала ақша салатын адам. Яғни толық бітпеген құрылысқа ақша беріп, кейін сол үйден өз үлесін (пәтерін) алуға құқылы адам.
Үлескер болу оңай емес. Оған да үлкен жауапкершілік керек. Өте мұқият болмасаңыз, сан соғып қалуыңыз мүмкін. Өйткені құрылыс саласында заңсыздықтар көп кездеседі. Сондықтан қолдағы ақшадан текке айырылып қалмау үшін үлескер ретінде шешім қабылдамас бұрын кей нәрселерге назар аудару керек болады.
Ең алдымен, құрылыс компаниясының заңды рұқсаты бар-жоғын тексеру керек. Жергілікті әкімдіктің ресми сайтында немесе басқа да ашық ресурстарда компания атауы «қара тізімде» жоқ па — соны қараған дұрыс.
Үлескер ретінде ақша салуға болады, егер заңды үш тармағы түгел болса. Яғни, сіз таңдаған құрылыс компаниясында:
🔹 банк кепілдігі болуы керек;
🔹 құрылысты сақтандыру шарты болуы керек;
🔹 үлестік қатысуға әкімдіктен ресми рұқсаты болуы керек.
Егер осы үш шарттың біреуі де болмаса, ол жобадан бас тартқан дұрыс.
Келісімшартқа қол қояр алдында компанияның барлық құжатымен мұқият танысып, тіпті қажет болса, заңгердің көмегіне жүгінген артық етпейді. Құрылыс компаниясының бұрынғы жобаларын, үлескерлермен болған қатынасын зерттеу керек. Егер компанияның аты қандай да бір дау-дамаймен немесе сот істерімен байланысты болса, онда ол — үлкен қауіптің белгісі.
Әдетте, құрылыс компаниялары «үйдің құрылысы енді басталып жатыр, қазір бағасы арзан болып тұрғанда ақша салсаңыз — ұтасыз» деп клиенттерді асықтырып, тез шешім қабылдауға үгіттеп жатады. Қанша жерден арзан болса да, мұндай сөздерге сене берудің қажеті жоқ.
Компанияны қалай тексереміз?
Жергілікті әкімдіктің сайтында «қара тізімге» іліккен компаниялар туралы ақпарат болады. Оқырман сұраған компания туралы деректі Астана қаласы әкімдігінің сайтынан таптым.
Мәселен, мына жерде «Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс салушылардың тізімі» деген мәлімет бар. Егер сол сілтемеге өтіп, құжатты жүктеп алсаңыз, үлескер тартуға рұқсаты жоқ компанияларды көре аласыз.
Дәл осындай деректер барлық әкімдіктің сайтында болуға тиіс. Тиісті компания туралы мәліметтерді зерттеп алмай, жылдар бойы жинаған ақшаңызды құр босқа салып жіберуден аулақ болыңыз. Үйсіз, ақшасыз қалмау үшін осылай аздап тер төгуге тура келеді. Есесіне, жүйке тыныш. Сауатты әрекет болсын, қысқасы.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ