КредитҚарыз

Халық микроқаржы ұйымдарына 71 млрд теңге артық төлеген

Бұл — Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми мәліметі. Осындай заңға қайшы артық төлемдердің кесірінен 300 мыңнан астам адам зардап шеккен. Олар төлеген артық төлем сомасы 71 млрд теңгеден асып отыр.

Агенттік халыққа заңсыз несие беретін ұйымдардың жолын кесіп, жыл басынан бері 5 микроқаржы ұйымды жабуға мұрындық болыпты.

Мұндай қаржы ұйымдар, сырттай қарағанда, заңды жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Бірақ іс жүзінде қарыз алған қауымға түрлі жасырын төлемдер мен қосымша пайыздар қосып береді. Кейбір ұйымдар сақтандыру құны деп тағы ақша ұстайды. Осы әдіс арқылы заңда белгіленген пайыздық шектеулерді айналып өтуге тырысады екен.

Оның салдарын тартатын — қаржылық білімі аз қарапайым жұрт. Заң-зәкүннен, түрлі қаржылық айла-амалдан хабары жоқ адамдар алған қарызынан бірнеше есе ақша төлеп, қиналып қалады.

Сондықтан, несие аларда жақсылап ойланып, шарт қағазын мұқият оқып шыққан дұрыс. Ақша бергеніне қуанбау керек. Қарыз шартына қол қоймас бұрын қанша төлейтініңізді, қандай төлемдер барын біліп алуға тырысыңыз. Оған сіздің толық қақыңыз бар.

Қазір заң бойынша қарыз немесе микрокредит берген кезде пайыздың шекті мөлшері нақты белгіленген. Бұдан артық талап етуге ешбір банктің де, микроқаржы ұйымының да құқығы жоқ. Сонымен,

✅ Банктер беретін қарыздар бойынша:

Кепілсіз қарыздың ең жоғары пайызы — 46%.

Үй, көлік сияқты кепілмен берілетін қарыздың ең жоғары пайызы — 35%.

Ипотеканың (тұрғын үйге арналған қарыздың) ең жоғары пайызы — 25%.

✅ Микроқаржы ұйымдары беретін қарыздар бойынша:

Жалпы микрокредиттің ең жоғары пайызы — 46%.

Егер микрокредит 45 күнге дейінгі мерзімге берілсе және сомасы айлық есептік көрсеткіштің 45 еселенген мөлшерінен аспаса, күніне пайыз мөлшері 0,3%-дан көп болмауы керек.

Түйін: Қарыз аларда осы шектеулерді білген маңызды. Егер сізге бұдан көп пайыз ұсынса, не қосымша төлемдерді заңсыз қоса бастаса, ондай ұйымнан аулақ жүрген жақсы немесе тиісті органдарға нақты дәлелмен шағымданып көру керек. Сол арқылы сіз ақшаңызды да, жүйкеңізді де сақтап қаласыз.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button