Қандай депозиттер мемлекет кепілдігімен қорғалмайды?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі — Қор) өте маңызды ақпарат жариялап отыр. Одан айналып өтіп кете алмадық. Өйткені бұл ақпаратты кез келген адам біліп жүруі керек.

Қай валютада, қанша сомада сақталған депозиттерді мемлекет қорғай алатынын біз бұған дейін де жазғанбыз. Оны мына жерден оқып алсаңыз болады — https://t.me/qarzhylyq_sauat/804
Ал, қазір қорғалмайтын депозит жайында айта отырайық.
Қор кепілдігімен қорғалмайтын көп қызметтің бірі — ислам банктеріндегі депозиттер. Ал, қалған қазақстандық банктер жеке тұлғалардың депозитіне міндетті кепілдік беру жүйесіне түгел қатысады.
Металдық шоттарға да кепілдік жоқ екен. Яғни, клиент алтын немесе күмісті аллокирленбеген (бөлінбеген) шотқа сатып ала отырып, ықтимал тәуекелдерді (рискті) өз жауапкершілігіне алады. Бұл енді жеке тұлғаларға қатысты жағдай.
Ал, заңды тұлғаларға келер болсақ, олардың банктік салымдары мен шоттағы ақшалары депозитке кепілдік беру жүйесімен қорғалмайды.
Бірақ, жеке кәсіпкерлер (ИП), жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар Қор тарапынан салымшы-жеке тұлғалармен бірдей дәрежеде қорғалған.
Банк ұяшықтарында да (сейфтерде) сақталатын ақша, алтын сияқты құнды заттар болады. Оларға да мемлекет кепілдік бермейтінін біле жүру керек. Яғни, егер банк банкрот болса, банк сейфінде сақтаулы тұрған заттарға Қор жауап бермейді.
Бірақ қорықудың қажеті жоқ. Сейфте қалған заттарға ешкім қол сұқпайды. Банк жабылса да, сол уақытта уақытша құрылған әкімшілік ол заттарды иесіне қайтарып беруге міндет алады.
✅ Есте ұстайтын тағы бір жайт:
Еліміздегі ислам банкінен басқа банктің бәрі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне кіретінін жоғарыда айттық. Яғни, банкте жатқан ақшамыз белгілі бір мөлшерге дейін қорғалған.
Ол былай:
♦️ Егер ақшамыз теңгемен және жинақ салымында жатса — 20 миллион теңгеге дейін сақтандырылған;
♦️ Егер ақшамыз теңгемен, бірақ карточкада, ағымдағы шотта немесе жай депозитте болса — 10 миллион теңгеге дейін қорғалған;
♦️ Ал егер ақшамыз доллар, еуро сияқты шетел валютасында болса — 5 миллион теңгеге дейін ғана сақталады.
Мысалы, бір адам бір банкте:
🔸 жинақ депозитін ашса (теңгемен)
🔸 бір карточкасы болса
🔸 шетел валютасында бір шоты болса —
Осы үш есепшотпен бөлек-бөлек ақша сақтай алады деген сөз. Бірақ бәрін қосқанда жалпы сома 20 миллион теңгеден асатын болса, банк жабыла қалған күнде Қор ол соманы өтемейді.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ