Алаяқтар эмоциямен ойнайды
Неге адамдар пирамидалық ұйымдарға ұрыншақ келеді? Осы туралы ойланып көрдік пе? Бұл сауатсыздық па, ашкөздік пе? Бір ғана білімсіздік — жалғыз себеп болмаса керек. Оның астарында әлеуметтік, психологиялық себептер болатыны анық.

Әрине, белгілі бір деңгейде қаржылық білімнің болмауы — басты себеп. Өйткені қарапайым адамдар (ал, олар көп қой) инвестицияның не екенін, ол қалай табыс әкелетінін, «риск» деген ұғымдарды түсіне бермейді. Сөйте тұра «айына 30% табыс береміз» деген адамның сөзіне сене қалады.
Бір жағынан, тез байып кетуге деген құштарлық сезімі жан баласына сыни пайым жасауға, терең ойлауға мүмкіндік бермейді. Ал, классикалық алаяқтар адамның ашкөздігіне жұмыс істейді. Оларға да керегі — сол…
Қаржы пирамидасында ортаға табыс әкелетін ешқандай өнім болмайды. Тек қатарға жаңа қосылған қатысушылардың жарнасынан ғана «пайда» түседі. Ол «табыс» ретінде алдыңғы қатысушылардың еншісіне бұйырады. Сосын олар оны өз ортасында көрсетіп, жарнамалайды: «Міне, менің алғашқы табысым…» Оған еліктегендер тап сол жолмен жүріп, оңай ақшаға кенелгісі келеді.
Қаржы пирамидасы Қазақстанға қашан келді?
Жалпы, қаржы пирамидасы жауыннан кейін қаптайтын саңырауқұлақ секілді, дағдарыс кезеңінде, тұрмыс тауқыметі қысқан уақыттарда «жақсы жұмыс істейтін» сияқты.
Бізге де, яғни, тәуелсіз Қазақ еліне сол 90-жылдардың ортасында келгенін үлкендер жағы жақсы білуге тиіс. Ол кезде елдің экономикасы аяққа тұрмаған, инфляция шарықтаған шақ. Халықтың қаржылық сауаты екібастан жоқ.
Сондайда топ ете қалған алғашқы пирамиданың бірі — әйгілі Мавродидің «МММ»-і. Сергей Мавроди Ресей азаматы болатын. Пирамиданың алғашқы ұшқыны солтүстік көршімізде «тұтанып», кейін ТМД-ға тарап кетті. Оған жаппай қатысқан мыңдаған отандастарымыздың арасында үйін, көлігін сатып, ақша салғандар болды.
Интернеттегі өтірік байлық
Арада 30 жыл уақыт өтті. Пирамидалық ұйымдарға иммунитет қалыптасты деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, айта алмаймыз. Аферистік пиғылдың халық арасына тез «сіңіп» кетуіне интернеттегі жарнамалар да айтарлықтай ықпал етті.
Әсіресе, Instagram, TikTok сияқты платформаларда жалған «байлық образдары» көп адамның пиғылын «қоздыра» түсті. Саяхат, вилла, ақша. «Міне, мен осы компаниямен 3 айда байып шыға келдім» деп көрсетуге таптырмас құралға айналды. Тіпті, кейбір блогерлер жарнама жолында пирамидалық жобаларды мақтап жіберіп, ақыр соңында шатылып кетті.
Сондықтан, сақ болу керек. Қажылық мониторинг агенттігінің BAIQA, PIRAMIDA деп аталатын телеграм-боты бар — @BAIQApiramidaBOT. Ақша салуға шақырған кез келген компанияның сайт адресін, әлеуметтік желідегі парақшасын жазып, тексеріп алуға болады.
💬 P.S. Жұмыссыздық пен тұрмыс тауқыметі де кейде жұртты осындай ұйымдарға еріксіз итермелеп жіберуі мүмкін. Жан қысылғанда уәде бергіш компаниялар «құтқарушыдай» көрінетін болса керек. Пирамида деген сондай. Ол адамның психологиясына, сенімі мен үмітіне манипуляция жасайды. Яғни, алаяқтар біздің эмоциямызбен ойнайды, ал адам баласы ақылын емес, көбіне эмоциясын тыңдайды…
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ