Алимент алған бала(лар) өскенде қарт анасын немесе әкесін бағуға міндеттеле ме?
Осы жайында қызық бір әңгіме естігем. Ресми ажырасқан кейбір аналар балалардың әкесінен алимент алудан біржола бас тартады екен. Неге дейсіз ғой? Бүгін әкесінен алимент алып өскен бала ертеңгі күні қарттық жасқа жеткенде оны бағуға міндетті болады екен-міс. Яғни, бүгінгі кішкентай балалар ертең өскенде сол әкесін бағуға міндетті болмасын (бақпасын, асырамасын) деп қазірден «алдын алатын» көрінеді. Осы әңгімені естігенде кәдімгідей таң қалдым. Бұл қаншалықты рас? Шынымен де, бүгін алимент алған баланы болашақта осындай үлкен жауапкершілік күтіп тұр ма? Рас болса, көп адам ол жайында білмейді ғой деп @qarzhylyq_sauat телеграм-каналының атынан Әділет министрлігіне сауал жолдадық. Енді заң не дейді, соны бірге біліп көрейік.

Бір нәрсенің басын ашып алайық — алиментті тек әкелер ғана емес, аналар да төлейді. Оны реттейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс бар. Сол Кодекс аясында ерлі-зайыптының некесіне нүкте қоятын сот кәмелетке толмаған баланы кімнің тәрбиесінде қалдырса, екінші тарап соған алимент төлеуге міндетті. Яғни, алимент — баланың құқығы болса, ал оны төлеу — ата-ананың тікелей міндеті. Бұл жерде адам жынысы маңызды емес.
Енді басты сауалымызға келейік.
Бізге ресми түрде жауап жолдаған Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті ҚР заңнамасында ата-ананың бірінен алимент алып өскен бала(лар) болашақта қарттық жасқа келген әкесін немесе шешесін бағуға міндеттелуі туралы нақты көзделмегенін айтады.
Сондықтан, алимент төлеу туралы келісімді орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның шарттарын біржақты өзгертуге тыйым салынады.
Бірақ, Кодекстің 145-бабының 1-және 5-тармақтарына сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған бала(лар) көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз өзінің ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқор болуға міндетті.
Ал, егер Сот бұрын әке-шеше балалары алдындағы ата-аналық міндетін орындаудан жалтарғанын анықтайтын болса, ол кезде балалар — көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын күтіп-бағуға қатысты міндеттерінен босатылуы мүмкін.
Яғни, балалар ата-ана құқығынан айырылған әке-шешесіне алимент төлеуден босатылады. Бірақ, бұл нормада: ата-ананың материалдық жағдайына қарамастан, егер олар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж болса, кәмелетке толған балалары әке-шешесін асырауға міндетті деп көрсетілген.
💬 P.S. «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-каналы сауалымызды жауапсыз қалдырмағаны үшін Әділет министрлгінің жауапты Комитетіне алғыс білдіреді. Әдетте, заң-зәкүн тілі (аударма болғандықтан) шұбатылған, түсініксіз сөздермен «өрілетін». Бірақ бізге жауап дайындаған Комитет нақты сауалымызға түсінікті тілде дәл әрі сауатты жауап бере білгеніне ішіміз жылып қалды. Респект!
Ал, құрметті оқырман, біз көтерген осы мәселеге қатысты қандай да бір құқықтық консультация алғыңыз келсе, 119 нөмірі бойынша Call-орталыққа жүгінуге болады.
Елімізде ажырасу тым көп дейді. Оны, өкінішке қарай, ресми статистика да растап жүр. Үй болған әр қазақ отбасының іргесі сөгілмегенін қалайсың. Өмірге келген әр бала ата-ананың көз алдында өскені жақсы ғой. Қаракөздеріміз мұңаймасын, мұңайтпаңыз, қадірлі ата-ана!
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ