«Собеседование»: өзіңе сенімді бол, бірақ тәкәппар көрінбе
Табысты қызмет те — тәуір тұрмысқа кепіл болатын табыс көзі. Жақсы жұмыс табу үшін де оған жақсы дайындық керек. Ол дайындық неден басталады? Әлбетте, резюме реттеуден. Оны кез келген мекеме/компания талап етеді. Бірақ, шындап келгенде көп адам резюме дайындауға немқұрайды қарайды. Бірі толтыру ережесін білмеуі мүмкін, енді бірінің қолынан келмей жатады. Екінші маңызды қадам — жұмыс беруші тараппен өтетін әңгімелесу (собеседование). Бұл да көп маманның тағдырын шешуге ықпал ететін фактор. Осы жайында ойланып көрейік.

Резюмеге салғырт қарауға болмайды
Резюме бізге кез келген жаста керек болуы мүмкін, сондықтан, тұрақты жұмыс орныңыз болса да, жыл сайын жаңалап, ақпаратты толықтырып, алдын ала дайындап жүргеннің еш артықтығы жоқ және ол үнемі «қол астында» болғаны жақсы. Кез келген уақытта, кез келген жерде керемет жұмыс шыға қалуы мүмкін. Сондайда сұраушы тарапқа жібере қоятын резюменің дайын тұрғаны жақсы.
Жиі кездесетін қателіктер
Иә, резюме толтырғанда да қатеге жол беруге болмайды. Элементар қатенің өзі бізді өз мүмкіндігімізден айыруы мүмкін. Резюме дайындаудағы қатенің бірі — я ол тым қысқа болады, я тым көлемді болады. Шама келсе, жұмысқа қатысы бар ақпаратты ғана көрсеткен дұрыс.
Орфографиялық/грамматикалық қате
Қарапайым әріптен қате жіберудің өзі адамның жауапкершілігіне сын боп қадалуы мүмкін. Осы жағынан деңгейді түсіріп алмаған жақсы. Реті келсе, өзіңізден басқа бір адамға тексертіп алғанның еш сөкеттігі жоқ. «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы».
Өзіңіз жайында сипаттағанда жалпыға ұрынбаған абзал. Мысалы, «жауапкершілігім жоғары» деп жалпылай жаза салғаннан — «клиентпен жұмыс кезінде шағым санын 30%-ға азайттым» деген дерек әлдеқайда құнды болады.
Қолдан келмейтін істі (дағды/навык) жазбай-ақ қойған жөн. Әңгімелесу кезінде ол жайында сұрап қалса, ұятқа қаласыз.
Резюменің дизайны да үлкен рөл ойнайды. Көрер көзге әдемі әрі кәсіби дайындалған құжат жұмыс берушіге жағымды әсер қалдырары анық. Ондай резюме дайындау үшін де бізге «фотошопер» болудың қажеті жоқ.
Бұл жағынан онлайн жұмыс істейтін тегін палформалар интернетте көп-ақ. Соның біреуі де жетіп жатыр, мысалы ол — Canva (canva.com) дер едім. Өйткені артықшылығы көп. Дайын шаблондардың басым бөлігі сайтта тегін тұр. Дизайны жағынан да осал емес. Сайтқа кіріп, электронды поштамен немесе әлеуметтік желідегі аккаунтпен тіркеліп, толтыра бер. Резюме дайын болғанда PDF форматында жүктеп алуға болады.
Компанияны зерттеп ал
Енді дидарласу жайын айтайық. Иә, интернеттен болсын, таныс арқылы болсын, бос жұмыс орнын таптыңыз делік. Сіздің резюмемен танысып болған соң жұмыс беруші тарап екіжақты диалогқа шақыруы мүмкін.
Мұндайда қуанған жақсы, әрине, бірақ бірден жетіп бармас бұрын сол компания туралы көбірек біліп барған жақсы. Қазір бәрінің ресми сайты бар. Немен айналысады, басты миссиясы не, не шығарады, нарықта қандай қызмет көрсетеді, соңғы жаңалықтары қандай — бәрі маңызды.
«Өзіңіз туралы айтып беріңізші», «неге бізге жұмысқа келгіңіз келеді?», «әлсіз/күшті тұстарыңыз қандай?» деген сұрақтарға алдын ала жауап ойластырып барған жөн.
Сосын диалог соңында бізге де сұрақ қою мүмкіндігі берілуі мүмкін. Сол сәтті барынша ұтымды қолданып қалу керек. «Ұжымда/командада қанша адам бар?», «жаңа маманға (яғни, маған) қандай талап қойылады?», «бұл позицияның басты мақсаты мен миссия қандай?» деп батыл сұрай алған адам өзінің осы жұмысқа қаншалықты ынталы екенін аңғарта алады.
Киіп барған киіміміз де компания мәдениетіне сай болғаны жөн. Бұл жағынан классикалық стиль көп жерден құтқарады. Сосын, адам өзіне сенімді болғаны жақсы, бірақ тәкәппар көрінуден де аулақ болған дұрыс.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ