«Бай болу үшін емес, арманыңды жүзеге асыру үшін жұмыс істе»
Жаңа аптаны мотивациямен бастап көрейік. Мысалы, сіз, әдетте, жұмыс аптасын неден бастайсыз? Жолда немесе жұмысқа келе интернетті шолып, өткен тәуліктерде не болды деп жаңалықтар оқитын боларсыз. Біреулер таңғы асын әріптестермен бірге ішкенді ұнатуы мүмкін. Тіпті кофе ішпесе жұмысқа кірісе алмайтын да адамдар бар болар... Кофе демекші, бүгінгі #аптаашар жазбамыз Starbucks жайында болғалы отыр. Ол қалай танымал брендке айналды? Бастау шағында кім тұр? Оның иесін табысқа әкелген жол — бір ғана іссапар екенін білуші ме едіңіз? Білмеген болсаңыз, айтайық (жазайық).

«Қу ақша» жеткізетін бе еді…
Кейіпкеріміздің есім-сойы — Говард Шульц. Starbucks компаниясының негізін қалаған адам. Кедейшіліктен — әлемдік алпауытқа айнала алған табысты кәсіпкер. Нью-Йорктің Бруклин деген жерінде өте қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі жүк көлігін жүргізсе, анасы — үй шаруасындағы әйел. Екеуінің де табысы мардымсыз болады. «Қу ақша» жеткізетін бе еді…
Бала Говард спортқа құмар болады. Америка футболы арқылы стипендия алып, университетке оқуға түседі. Әрине, кедей отбасынан шыққан бала үшін бұл үлкен мүмкіндік еді. Бизнеске деген қызығушылығы сол университетте жүргенде ояна бастайды.
Негізі, Starbucks — Говард Шульцтің төл компаниясы емес. Ол бұл компанияға жұмысқа тұрған кезде Starbucks тек кофе дәнін сататын дүкен болған. Яғни, ол кезде «латте», «капучино» деген ұғым атымен жоқ. Говард өз карьерасын Xerox компаниясында сатушы ретінде бастап, кейін осы Starbucks-ке маркетинг директоры болып барады.
Тағдырды өзгерткен сапар
1983 жыл. Италияға жол түседі. Еуропаға сапар шеккен Шульц қала көшелерінен кофеханалар көреді. Таңертеңгілік уақыт. Көше толы кофехана. Эспрессо ішіп, баристамен әңгіме құрып тұрған жұрт. Әр адам өз уақытын рахат сезіммен өткізіп жатқандай. Дәл сол көрініс Говардтың өмірін өзгертеді. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген ол нағыз кофехана мәдениетімен танысады.
Кейін бір әңгімесінде ол: «мен тек кофе емес, әлеуметтік тәжірибе сатқым келді» – деп еске алады.
Не керек, қызмет орны — Starbucks-ке оралған соң тек кофе дәнін сатумен шектеліп отырған компанияға Шульц кофехана ашуды ұсынады. Бірақ компания иелері ол идеяны қабылдамайды…
Сөзін өткізе алмаған Говард уақыт жоғалтпай, өз ісін бастауға бел буады. Не істейді дейсіз ғой, жұмыстан шығады. Өзінің кофеханасын ашып, «Il Giornale» деп атау береді. Бірнеше жыл ішінде мол табысқа кенелген Шульц, не керек, Starbucks-ті толықтай сатып алады ғой.
Шульц кофені тек сусын ретінде емес, тәжірибе ретінде сатты. Әр дүкеннің өз атмосферасы болды. Ондағы музыка, кофехананың иісі, қызмет көрсету сапасы — бәрі тұтынушыны өзіне еріксіз тартып әкетеді.
1992 жылы Starbucks NASDAQ биржасына шығады. Сөйтіп, компания күн сайын орта есеппен 2 жаңа дүкеннен ашып отырған. Бүгінде Starbucks — дүниежүзінде 30 000 (отыз мыңнан) астам нүктесі бар алпауыт корпорация.
Шульцтің байлығы бірнеше миллиард долларға жетсе де, ол байлық пен өмірге деген көзқарасын жоғалтпайды. Ұжымының жағдайын жасап, қызметкерлерін медсақтандырумен тегін қамтамасыз етіп, тіпті университетте оқитын жұмысшыларының оқу ақысының бір бөлігін төлеп беріп отырған.
Өмірлік ұстанымы: «Бай болу үшін емес, арманыңды жүзеге асыру үшін жұмыс істе. Ақша — оның нәтижесі ғана.»
Ал, бізде кофе сатып, бизнес жүргізіп отырған кәсіпкерлер бар бәлені тілден тауып отыр.
Есіңізде ме, Qazaq Coffee деген кофейня басшылығы: «менің персоналым қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емес!» деп қазақша меню ұсынудан бас тартқаны үшін қазақстандықтардың жаппай қарсылығына тап болып, ақыр соңында жабылып тынған еді. Ол туралы кезінде жаздық — https://t.me/qarzhylyq_sauat/767
Енді бүгін тағы бір қызық кейс пайда болды. Қазақстанда Smart Coffee франшизасына иелік ететін Евгений Глински есімді (ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша ресейлік) кәсіпкер әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты пікір жазып, өз ойын былай түйіпті-міс:
«…Вы госпереворот остановить без нас не смогли, воины…»
Осындай пікір жазылған скриндегі жазбадан соң қазақстандықтар Smart Coffee бизнесіне бойкот жариялап жатыр екен. 2GIS-те де компанияның рейтингін түсіру үшін жаппай реакция білдіруге көшкен.
Бірақ, Глинскидің өзі «ол пікірді жазған мен емес, аккаунтым бұзылды» деген сарында жауап беруге тырысыпты. Ақ-қарасын өзі білер.
P.S. Біздегі «бизнестің» сиқы осындай. Нарықта осындай қанша кейс болды, бірақ сабақ алып жатқаны аз. Аудиториямен санасуды білмеу деген — бизнес үшін кешірілмес «күнә» ғой…
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ