«Кредитің төленбей жатыр…»
Бұл — алаяқтар ойлап тапқан жаңа схеманың бірі екен. Ұлттық банк қазақстандықтарды мейілінше қырағы болуға, алданып қалмауға шақырып жатыр.

Орталық банктен тараған ресми ақпаратқа сүйенсек, алаяқтар Ұлттық банк өкілінің қолы қойылған құжатты қолдан жасап, мөрін басып, азаматтарға хат жіберіп, «атыңа кредиттік шот ашылған», «төленбей жатқан кредитің бар» деп дүрліктіріп жатыр екен. Бұл — айланың бір түрі.
Екінші түрі — жасанды интеллекттің көмегімен жасалып жатыр. Оны да жақсы игеруге тырысатын аферистер Ұлттық банк қызметкерлерінің түр-әлпетін пайдаланып, өз қолдарымен жұртты алдап-арбайтын видеороликтер әзірлеген.
Сол арқылы интернетте Ұлттық банк өкілі ретінде көпшілікті өтірік инвест-компанияларға шақырып, кей жағдайларда заңгердің көмегін де ұсынып жатқан көрінеді.
Ұлттық банк атымен аталатын бұл қызмет/операциялардың бәрі — алаяқтардың ісі. Сенбеу керек. Неге? Өйткені, ресми ақпараттан түсінгеніміздей, Ұлттық банк еш уақытта:
❌ жеке тұлғаларға хат жазбайды
❌ жеке тұлғаларға қоңырау шалмайды
❌ жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді
❌ жеке тұлғаларға кредит беріп, депозит ашпайды
❌ жеке тұлғалардың кредитін бақыламайды
❌ азаматтарды инвест-компанияларға шақырмайды
❌ ұрланған ақшаларды қайтаруға заңгерлік көмек ұсынбайды.
Егер алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, уақыт жоғалтпай, құқық қорғау органдарына арыз түсірген дұрыс. Ал, осы мәселеде кеңес алғыңыз келсе, Ұлттық банктің Байланыс орталығына хабарласауға болады. Оның нөмірі: 1477.
Интернетте мынадай да ақпарат жүр:
«В случае невыкупа заказа «Суставпро» следует обращение в суд для взыскания фактически понесенных расходов. Возможен отказ в банковских кредитах и запрет на выезд заграницу. Ваш заказ еще находится на почте, успейте его забрать. Внутри посылки сертификат на 30000 тг.»
💬 Әрине, бұл да аферистердің ісі. Кредитпен, айыппұлмен қорқытып-үркіту, сотқа тарту — аңғал адамдарды «қармаққа түсіруге» жақсы амал. Мұндай жағдайда, әсіресе, үлкен кісілер зардап шегуі мүмкін. Жастар жағы үйдегі үлкендерге осы жайында кеңінен айта жүргені жақсы. Бүгін бір жерден оқып қалдым, Семейде зейнеткер әйел телефонына хабарласқан адамның «полицей» екеніне сеніп, 10 млн теңгесін аударып бермек болған. Абырой болғанда, іске келіні араласып, енесін алаяқтардан қорғап қалған. Мұндай жағдай ел ішінде көп. Балаға да, шағаға да осы айла-амалдар жайында дастархан басында жиі айтып, ескертіп жүріңіздер және өзіңіз де сақ болыңыз!
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ