Инвестиция

Алтын бағасы қандай жағдайда түсуі мүмкін?

Оқырман осындай жақсы сұрақ қойыпты. Расында да, алтынды алтын етіп тұрған не? Оны не “құлатуы” мүмкін?

Ізденіп көрдік. Жасанды интеллекттің де көмегіне жүгінуге арлана қоймадық. Сөйтіп, бірнеше қызық факторға көзіміз түсті. Алтынның:

Бірінші “жауы” — АҚШ ақшасы — доллар. Оған енді дау жоқ. Өйткені оның бағасы әлемде доллармен өлшенеді. Егер доллар күшейсе, басқа валютамен сатып алатындар үшін алтын қымбатқа түседі деген сөз. Яғни, ол кезде әлемде сұраныс төмендейді. Ал, сұраныс жоқ жерде баға түседі. Демек, алтын позициясын береді.

Екінші “жауы” — проценттік ставка (бізде ол базалық ставка). Ол жоғары болған сайын, қарыз (кредит) алу қымбаттайды. Әлемнің орталық банктері проценттік ставканы жаппай көтеретін болса, экономикада ақша айналымы азаяды. Бұл да халықтың/елдің сатып алу ниетін тарылтады. Мысалы, саналы адам жоғары пайызбен кредит алып, ол ақшаны алтынға салмауы мүмкін ғой. Бұл да алтынды “тізе бүктіретін” көп фактордың бірі.

Үшінші “жауы” — төмен инфляция. Әдетте, жұрт алтынды инфляциядан қорғану құралы ретінде алады. Егер инфляция төмен болатын болса, демек, одан қорғануға себеп жоқ деген сөз. Ол кезде инвесторлар алтынға онша қызыға қоймайды.

Төртінші “жауы” — тұрақты экономика. Әлем елдерінде экономика қарыштап дамыса, қор нарығы өссе — инвесторлар алтыннан алыстап, табысы әлдеқайда жоғары басқа активтерге көше бастайды. Бұл кезде де алтын сұраныстан қалады.

Бесінші “жауы” — геосаяси тұрақтылық. Алтынды жұрт “қауіпсіз үй” ұғымында бағалайды. Оны заттай ұстайтын қауым әлемде кризис орнай қалса, тығырықтан алып шығатын осы алтын болады деген есеппен алады. Ал, ондай қауіп-қатер (соғыс, санкция, пандемия, т.б.) азайғанда/сейілгенде/болмағанда — алтыннан “қауіпсіз үй” қадірі қаша бастайды. Сұраныс жоқ жерде баға түсетінін айттық.

Турасын айтқанда, алтын — тұрақсыз кезеңдерде бағаланатын актив болып тұр.

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button