Микрозайм: дау бар ма шешілмеген? Айтайық.
Қазақстанда осы мәселемен айналысатын арнайы институт құрылып жатыр. Ол ұйымды микроқаржы омбудсманы деп атайды екен. Бұл (микро)-омбудсман — өз қызметінде тәуелсіз уәкілетті тұлға дейді. Мемлекеттік құрылымдарға да, қаржы ұйымдарына да бағынбайды. Сол арқылы екіжақты дауды өз бетінше шешуге, істі әділ қарауға мұрындық бола алады деп түсініп отырмыз.

Егер клиентте микроқаржы ұйымымен немесе қарызды талап еткіш коллекторлық агенттікпен арада:
❗ шешілмей жүрген мәселе болса;
❗ дауды шешуге қаржылық, құқықтық сауат жетпесе;
❗ заңгер (юрист) жалдауға ақша болмаса
— онда осы институттан көмек сұрауына болады. Біз айтайық, қарапайым азаматтарға микроқаржы омбудсманының қызметі — тегін.
Бұл институтты құрудағы идея да халықтың мойнындағы кредит жүктемесін азайтудан пайда болса керек. Бірақ, ұйым жағдайға қарай жеке тұлғаның да, микроқаржы ұйымының да мүддесін қорғауға атсалыса алады.
Нені білу керек?
Бұл ұйымның көмегіне жүгінбес бұрын клиент орындау керек бірқатар шарт бар. Ең бірінші — азамат өзі қарыз алған микроқаржы ұйымына жазбаша өтінішпен шығуы керек. Онда ол өзінің осы сәттегі әлеуметтік/қаржылық жағдайын дәлелдейтін құжаттарды қоса бергені дұрыс.
Сол арқылы алдымен қаржы ұйымымен арадағы дауды өзара бітімге келу арқылы шешуге әрекет етіп көруі керек. Егер микроқаржы ұйымы сіздің жағдайды қабылдамай, арыздан бас тартатын болса немесе қарызыңыз бойынша ұйым шығарған шешіммен келісе алмасаңыз, онда осы институтқа көмек сұрап баруға толық қақыңыз бар.
Омбдусманмен қалай байланыс орнатамыз?
– ресми сайты бар: https://mfombudsman.kz/
– электрондық поштасы бар: info@mfombudsman.kz
Осы адреске өтініш жіберу үшін мына құжаттар тізімін түгендеп алу керек:
🔹 микроқаржы омбудсманына өтініш (формасы мында)
🔹 қарыз алушының анкетасы
🔹 жеке басының куәлігі
🔹 микрокредит берілгені туралы келісімшарт (қолда бар болса)
🔹 қарызды өтеу кестесі
🔹 микроқаржы ұйымына жазылған арыз
🔹 микроқаржы ұйымының жауабы (қолда бар болса)
🔹 азаматтың жеке басына қатысты деректерін жинауға және өңдеуге келісімі
🔹 азаматтың кредиттік есебін алуға келісімі.
Дау қандай жағдайда туындауы мүмкін?
Микроқаржы ұйымы мен займ алатын клиент арасында келісімшарт болады. Онда азаматқа микрокредит берілетіні, қарызды өтеу тәртібі, айыппұл мөлшері/ережесі, негізгі қарызға қосылатын проценті көрсетіледі. Бірақ соның өзінде екіжақтан келіспеушілік туындап жатады.
Себебі, көп жағдайда алынған қарыз уақытында төленбейді, ол «просрочкаға» ұласады. Осындайда азаматтар микрокредиттің мерзімін ұзартуға, төлем сомасын кішірейтуге, өсімпұл мен айыппұлды шегеруге, төлем кестесін өзгертуге қандай құқығы барын білгісі келеді.
Сосын ортада пайда болған дауды өз бетінше шешуге қаржылық/құқықтық сауаты жете бермейді. Заңгер жалдайын десе — қызметі қымбат. Қалтаға салмақ. Осындайда омбудсманның көмегі керек дүние екен. Айтқымыз келгені осы.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ