БиржаИнвестиция

Инвестициялық портфель деген не? Ол не үшін керек, қалай құру керек?

Биржа туралы біршама жаздық. Бірақ инвест-портфель туралы сөз арасында атап кеткеніміз болмаса, түсін түстеп, сипаттап көрмеген сияқтымыз. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып көрейік.

Шындығын айтқанда, біз де биржа әлемін зерттеушіміз. Біз де сіз секілді бұл салада «сары ауыз балапынбыз». Бірақ қол қусырып, отыра беруге тағы болмайды. Сол үшін ізденеміз. Интернет ақтарамыз.

Жауапты бірге іздеп көрейік. Ашық дереккөздерде бұл сұраққа ақпарат баршылық. Түсінгеніміз мынау: биржада табыс тапқысы келетін кез келген адамға бұл портфельсіз жұмыс істеу қиын болатын сияқты. Өйткені биржада табыс та бар, шығын да (тәуекел/риск) бар.

Инвестициялық портфель — сол екеуін тепе-тең ұстауға мүмкіндік беретін баланс құралы. Егер сіз сол балансқа ие бола алсаңыз, түбінде күймейсіз, керісінше, қоржыныңыз майлана түседі.

Инвест-портфельдің миссиясын дұрыс түсіну үшін оны өз тілімізге салып, ҚОРЖЫН деп алайық. Сол Қоржында акциялар мен облигациялар жинақталуы керек. Жалпы, қор нарығында (биржада) активтің екі түрі болады:

1. Қаржылық актив. Ол дегеніміз — әрине, қолма-қол ақша, алтын, акция, облигация (ETF).
2. Қаржылық емес активтер. Ол дегеніміз — шикізат тауарлары, жылжымайтын мүлік және басқа да материалдық құнды дүниелер.

Сонымен, қолымызда Қоржын тұр дейік. Ішіне не саламыз? Салған дүниені (активтерді) қаншалықты ұзақ сақтағымыз келеді? Яғни, Қоржынға не салатынымыз — әр адамның таңдауына, көздеген мақсатына, жоспарына, тәуекелге қалай төтеп бере алатынына байланысты.

Ең бастысы — активтер сан алуан болуы керек. Ол өте маңызды. Тіпті, спортта да команда әр позициялы ойыншыдан құралады ғой. Мысалы, футбол командасы бірыңғай қақпашыдан тұрмайды немесе бірыңғай шабуылшыдан я қорғаушыдан тұрмайды. Бұлардың бәрі — бір-бірін толықтырып тұрушы.

Біз сол команданы басқаратын адам секілді Қоржындағы активтерді де басқаруымыз керек қой, қысқасы. «Маған анау керек — табысы жақсы, маған мынау керек — экономикасы қуатты» деген сияқты.

Сонда кейбір акциялар нарықта әлсіздік танытып жатқанда күшті де қуатты акциялар сол төмен кеткен позициялардың орнын толықтырып отырады. Сонда Қоржынымыз тесіліп кетпейді, ішіндегі өзге активтердің күшімен жамала береді.

Бірақ, инвест-портфельді аша салумен инвестициялау процесі тоқтап қалмайды. Оған да «күтім» керек. Уақыт керек. Балаңдай мәпелеп отыруың керек. Сол үшін үнемі нарықты зерттейсің, жаңалықтардан құлақ алмайсың, әлемде (нарықта) болып жатқан ахуалды «күзетесің». Қоржындағы акциялардың балансын реттеп отыру керек.

Тәуекелі аз (көп ақша жоғалтпайтын) құралдарға — «кэшке» жақын қысқамерзімді мемлекеттік облигациялар жатады екен. Ал тәуекелі жоғарысы — нарықта жаңа пайда болған «жас» компаниялардың акциясы. Сондықтан, биржаны санаға енді сіңіріп жатқан сіз бен бізге кәсіби аналитиктердің де кеңесі артық болмайды.

Ең бастысы, Қоржын толтырарда өзіңіз жақсы түсінетін бизнес-саладағы компаниялардың акциясына мән берген дұрыс дейді білетіндер. Егер нақты бір салаға таңдау жасасақ, сол бағыттағы бизнес-лидерлерге акцент қоюға болады екен. Ал, «опцион», «депозит» және «фьючерс» секілді тәуекелі жоғары қаржы құралдарын Қоржынға салуға асықпау керек деп ескертеді ашық дереккөздер.

Әзірге жиған-тергеніміз осы. Тоқтамаймыз. Зерттей түсеміз.✅

Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

Басқа материалдар

Back to top button