«Доллармен депозит ашқан дұрыс па?» (Жалғасы)
 
						«Доллармен депозит ашқан дұрыс па?» деген жазбамызда теңге мен долларда салынған депозиттің бір жылдық нәтижесін цифрмен жеткізуге тырысамыз деген уәдеміз бар еді. Кестеге қарап отырып, екі валютаның бір жылдағы «жүрісін» аңдап көрсеңіз болады.

Кестеде 2024 жылғы 20 қаңтар мен 2025 жылғы 20 қаңтар аралығындағы есеп берілген. Әдейі өткен жылды есепке алдық. Себебі бүгінгі күннен бастап осы жылға — алға (вперед) есептей алмас едік, өйткені доллар курсы қалай құбылатынын білмейміз.
Сонымен, 10 млн теңгені мысалға алдық. Соның валюталардағы көрсеткіші оң жақ бағанда тұр.
Түйін:
Егер 1 жыл бұрын 10 млн соманы ТЕҢГЕЛЕЙ:
🔹 мерзімсіз депозитке салсақ, онда бүгін (20 қаңтар күнгі курспен) 1 млн 530 мың теңге табыс табар едік;
🔹 жинақ депозитіне салсақ, 1 млн 891 мың теңге табыс табар едік;
🔹 депозитке доллар валютасында салсақ, (биржадағы сауда-саттық жабылатын күні банктің кассасында доллар сатуды және айырбастау пунктінде доллар сатып алуды ескере отырып, теңгемен есептегенде) 1 млн 774 мың теңге табыс табар едік.
Бұл жерде пайдасы аздауы — теңгедегі мерзімсіз депозит болып тұр. Бірақ оның қолайлы тұсы — сіз депозиттегі ақшаны кез келген уақытта шешіп ала аласыз.
Дейтұрғанмен, теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша бір банктегі депозитке «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» (ҚДКБҚ) 10 млн теңгеге дейін кепілдік береді.
Яғни, сіз бір банкке 10 млн теңгеге дейінгі соманы қорықпай сала аласыз деген сөз. Егер күндердің күнінде ол банк жабылып қалса немесе тағы басқа «форс-мажор» жағдай бола қалса, мемлекет сізге ақшаңызды қайтарып бере алады.
Егер депозитке салғыңыз келетін сома одан көп болса, онда ақшаңызды 10 млн теңгеден бірнеше бөлікке бөліп, әртүрлі банкке салуға ұмтылған дұрыс. Сонда ақшаларым күйіп кетеді деп алаңдамайсыз.
Теңгедегі жинақ салымы ең тиімдісі болып тұр. Кестеге мұқият зер салсаңыз:
1 жылда теңгедегі жинақ салым бойынша табыс — 1 млн 891 мың теңге.
1 жылда доллардағы салым бойынша табыс (курсты қоса есептегенде) — 1 млн 774 мың теңге.
Сонда теңгедегі жинақ салымның табыстылығы 117 мың теңгеге артық.
Сосын бұл салымдар бойынша бір банктегі депозитке ҚДКБҚ (Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры) 20 млн теңгеге дейін кепілдік береді. Ол кезде сіздің салымыңыз үстінен құралған проценттерімен бірге мемлекет қорғауында болады.
Доллар депозитіне қарасақ, салыстырмалы түрде табыстылығы аса көп емес, оның үстіне қолға алған долларды сатуыңыз керек, алдағы уақытта доллар курсы қалай болмағы тағы белгісіз. Сосын, доллар валютасында бір банкте ашылған депозит бойынша ҚДКБҚ тек теңгелей 5 млн ақшаға ғана кепілдік ұсынады.
Енді қорғалмайтын депозит жайында айта отырайық.
Қор кепілдігімен қорғалмайтын көп қызметтің бірі — ислам банктеріндегі депозиттер. Ал, қалған қазақстандық банктер жеке тұлғалардың депозитіне міндетті кепілдік беру жүйесіне түгел қатысады.
Металдық шоттарға да кепілдік жоқ. Яғни, клиент алтын немесе күмісті аллокирленбеген (бөлінбеген) шотқа сатып ала отырып, ықтимал қауіптерді (рискті) өз жауапкершілігіне алады. Бұл енді жеке тұлғаларға қатысты жағдай.
Ал, заңды тұлғаларға келер болсақ, олардың банктегі салымдары мен шоттағы ақшалары депозитке кепілдік беру жүйесімен қорғалмайды.
Бірақ, жеке кәсіпкерлер (ИП), жеке нотариустер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар Қор тарапынан салымшы-жеке тұлғалармен бірдей дәрежеде қорғалған.
Банк ұяшықтарында да (сейфтерде) сақталатын ақша, алтын сияқты құнды заттар болады. Оларға да мемлекет кепілдік бермейтінін біле жүру керек. Яғни, егер банк банкрот болса, банк сейфінде сақтаулы тұрған заттарға Қор жауап бермейді.
Бірақ қорықудың қажеті жоқ. Сейфте қалған заттарға ешкім қол сұқпайды. Банк жабылса да, сол уақытта уақытша құрылған әкімшілік ол заттарды иесіне қайтарып беруге міндет алады.
✅ Есте ұстайтын тағы бір жайт:
Еліміздегі ислам банкінен басқа банктің бәрі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне кіретінін жоғарыда айттық. Яғни, банкте жатқан ақшамыз белгілі бір мөлшерге дейін қорғалған.
Ол былай:
♦️ Егер ақшамыз теңгемен және жинақ салымында жатса — 20 миллион теңгеге дейін сақтандырылған;
♦️ Егер ақшамыз теңгемен, бірақ карточкада, ағымдағы шотта немесе жай депозитте болса — 10 миллион теңгеге дейін қорғалған;
♦️ Ал егер ақшамыз доллар, еуро сияқты шетел валютасында болса — 5 миллион теңгеге дейін ғана сақталады.
Мысалы, бір адам бір банкте:
🔸 жинақ депозитін ашса (теңгемен)
🔸 бір карточкасы болса
🔸 шетел валютасында бір шоты болса —
Осы үш есепшотпен бөлек-бөлек ақша сақтай алады деген сөз. Бірақ бәрін қосқанда жалпы сома 20 миллион теңгеден асатын болса, банк жабыла қалған күнде Қор ол соманы өтемейді.
Біздің телеграмға жазыл: https://t.me/qarzhylyq_sauat
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ



